Сарапшылар пікірі: «Қазақстандағы газ саласына сауатты тарифтік реформа қажет»

0
1761

Коронавирус әрі онымен ілесе келген экономикалық дағдарыс  Қазақстанның газ саласын айналып өткен жоқ. Сала жұмысын жетік білетін сарапшылар «Қазақстанның газ секторындағы тарифті шұғыл қайта қарау қажет» деген пікірде. Бұған қандай негіз бар? Ел үшін стратегиялық маңызы бар сала қазір қандай қиындықпен бетпе-бет  келуде? «Қала мен Дала» тақырыпқа тереңірек үңіліп көрді.

Тұтастай алғанда елімізде елді мекендерді газдандыру өте жоғары қарқынмен жүргізілуде. Соңғы 10 жылда қалалар мен елді мекендерге газ тарату желілерін жаңалау бойынша бірқатар ірі жобалар сәтті жүзеге асырылған. Осы жобалардың арқасында республикамыздағы газды тұтынушылар саны екі есеге артып, 51 пайызды құрады.

«Сарыарқа» газ құбыры пайдалануға берілгеннен кейін бұл көрсеткіш 60 пайызға жетуі тиіс. Ел өңірлерін белсенді газдандырудың нәтижесінде ішкі нарықта газ тұтыну қарқыны жылдан-жылға өсіп келеді. 2025 жылға қарай ішкі нарық 20 миллиард текше метрге жуық газ тұтынады деген болжам бар, бұл бүгінгіге қарағанда 30 пайызға артық. Ішкі нарықтағы сұраныс көрсеткіші осындай.

Мәселе неде? Сарапшылардың пікірінше, осы күнге дейін газ саласындағы шығындарды қиындықсыз жабуға мүмкіндік беріп келген газ экспортының көлемі індеті ауа жайылғалы күрт азайған.  

«Бір ғана Қытай пандемия кесірінен газ импортын 23 пайызға қысқартқан.  Сәйкесінше, Қазақстаннан алатын газ көлемі қысқарды деген сөз. Бұл экспорттық табыс төмендейді дегенді білдіреді. Ал мұндайда ішкі нарықтың жыртығы жамаусыз қалады», – дейді сарапшылар.  

Баға демекші…

Газ бағасы жағынан ТМД аумағындағы ең арзан ел Қазақстан болып шықты. Ресейлік РИА Новости агенттігі жасаған рейтингіге қарағанда орташа жалақы алатын біздің ел азаматы айына 8,8 мың текше метр газ сатып алатын мүмкіндігі бар екен.

Цифр демекші,  ҚР Парламенті Сенатының жанындағы Сенаторлар кеңесінің мүшесі, техника ғылымдарының докторы Ләззат Қиынов «Казахстанская правда» газетіне берген сұхбатында мынандай салыстырмалы статистиканы да алға тартады:

– Бүгіндері газ еліміздің көптеген үйлерінде қолжетімді, ал аймақтарды газдандыру ел басшылығы ұстанатын басты басымдықтарының бірі болып табылады. Мемлекет әрдайым халық үшін газдың бағасын төмен ұстау саясатына жүгініп келеді.

Айта кету керек, ТМД-дағы ең төменгі газ бағасы біздің елімізге тиесілі. Мәселен, Қазақстанда көгілдір отынның 1 текше метрінің орташа бағасы 18,5 теңгені құрайды. Бұл Ресейдегіден екі есе арзан және Қырғыз еліне қарағанда 5 есе арзан баға.

 Бүгіндері пәтері бар тұрғынның ай сайынғы газға кететін шығынының құны орта есеппен 1,7% немесе коммуналдық қызмет құнының шамамен 600 теңгесін құрайды. Ал бұл жылу шығындарынан – 16 есе, интернет пен телефоннан – 12 есе, электр энергиясынан 6 есе аз, тіпті қоқыс шығаруға кететін шығын газдан екі есе қымбат, – дейді Қиынов.

Пандемия салдары: Еуропада көгілдір отынға сұраныс азайды ма?

Еліміздегі газ саласын егжей-тегжейлі сөз етпес бұрын ілгерідегі РИА агенттігі түзген рейтингке қайта оралайық.

РИА Рейтинг сарапшыларының пікірінше, экономикалық дағдарыс, тауар тасымалдаушылар арасындағы жоғары бәсекелестік және газ қоймаларының лық толуы салдарынан 2020-2021 жылдары Батыстың газға сұранысы 2019 жылға қарағанда көп төмен болуы мүмкін.

Оның үстіне, шетелдік сарапшылар биылғы жылдың соңында Еуропалық биржалардағы тауарлық газдың 1 мың текше метр үшін орташа бағасы шамамен 70 долларға жетуі мүмкін екенін болжайды, бұл – ең төменгі рекордтық көрсеткіш.

Егер халықаралық нарықтағы жағдай өзгермей, осылай қала берсе, болжам бойынша 2025 жылы экспортқа сатар газ көлемі одан бетер азаяды. Ал ішкі нарықтың сұранысы еселеп өсіп, 20 млрд текше метрге жетпек. Қазірдің өзінде бұл көлем 15-16 млрд текше метрді құрайды.

Осы арада ішкі нарыққа оралуға тура келеді.

Сарапшылардың пікірінше, бұл қос жағдай отандық газ саласын тығырыққа тіреуде. Сондықтан бұл арадағы ең басты мәселе – ішкі нарыққа газ сату, оның баға саясатын реттеп, ең құрығанда оны шығынсыз деңгейге жеткізу. Өйтпейінше онсыз да әлеуметтік жүктемені қанша жылдан бері көтеріп келе жатқан ұлттық газ операторын тығыраққа тіреуі мүмкін.

Тұрғын-үй шаруашылығындағы ең сенімді сала

Қазақстандағы газ саласының ардагерлері Кеңесіне жетекшілік ететін Павел Климов та Ләззат Қиыновтың сөзін қуаттап отыр.

Маман ішкі нарықты арзан бағамен газбен қамтамасыз ету газ саласына пайдадан гөрі көбірек шығын әкелетінін баса айтады.

Ал бұл шығындар осы күнге дейін әрдайым газ экспортымен жабылып, салаға көп ауыртпалық салмай келген-ді. Алайда қазір мұның өзі мүмкін болмай барады.

«ҚазТрансГаз» осы күнге дейін газ тарату желілері мен газтранспорттық жүйені жаңалауды, жалпы алғанда, салаға инвестиция құю мен газдандыруға жұмсалатын қомақты шығынды экспорттан түскен табыс пен заем алу есебінен жауып келді. Былайша айтқанда, осыншама шығынды тарифке қоспай, барша ауыртпалықты өз мойнына алды», – дейді Павел Климов.

Әлбетте, осының нәтижесінде газ саласында айтарлықтай ілгерілеу болған. Климовтың пікірінше, осы салаға бағытталған қомақты инвестицияның нәтижесінде газ құбырларының тозуына жол берілмей, сала менеджерлері технологиялық апаттың алдын алған.

Бұған дәлел, соңғы 10 жылда халықты газбен қамтамасыз етуде, аудан-ауылдарға газ тартуда қандай да бір іркілістер, үзілістер орын алмаған.

«Тұрғын-үй шаруашылығындағы ең сенімді саланың бірі – газ саласы. Газ тарту инфрақұрылымының соңынан бүгінгі күнге дейін сөз ерген жоқ. Осы бағыттағы жұмыс сауатты жүргізілді», – дейді Климов.

Сарапшылардың пікірінше, саладағы дағдарыстың алдын алып, газ операторын қып-қызыл шығынға ұшыратпау үшін сауатты тарифтік реформа жүргізу қажет.

Газ саласы салақтықты көтермейді 

Мамандар «сауатты тарифтік реформа жүргізу қажет» дейді.

Мұны қалай жүзеге асырамыз? Халықтың қалтасына салмақ салмайтындай, саланың тамырына қан жүгіртудің қандай амалы бар?

Ләззат Қиыновтың айтуынша, Үкіметке жедел ойланып, шұғыл шешім қабылдамаса, ертең қарапайым халыққа қиын болып қалуы мүмкін.

«Қылышын сүйреп қыс келгенде Қазақстан аумағында көгілдір отын жетіспеушілігі орын алмас үшін қазірден газ саласының жұмысшыларына қандай қолдау көрсетуге болатынын ойластыру қажет», – дейді Қиынов.

Тоқ етерін айтқанда, осы саладағы бағаны белгілеу тәсілдері қайта қарастыруға сұранып тұр.

Саланы жетік білетін басқа да сарапшылардың пікірінше, саладағы жоспарлы техникалық қызмет үнем жасауды көтермейді. Тозған жабдықтар мен клапандарды ауыстыру қажеттілігі әрдайым күн тәртібінде.

«Газ өнеркәсібінде «бесшовные» деп аталатын жоғары қысымды құбырлар қолданылады, оларды күн суығанға дейін уақтылы сатып алуды алдын ала ойластырып, жоспарлау керек», – дейді мамандар.

Өз кезегінде Қиынов Бейруттегі жойқын жарылысты сөз етіп, жауапсыздық немесе қаражаттың жетіспеушілігі қайғылы жағдайға әкелуі мүмкін екенін тілге тиек етіпті.

«Мұнай-газ саласы республикамыздың маңызды кіріс көзі болып табылады. Сала жарылыс және жанғыш факторлардың жоғары қаупімен байланысты. Сондықтан көмірсутегі шикізатын өндіруді ұлғайтуға назар аудара отырып, «мұнайшылар» көмірсутек шикізатын пайдалану, сақтау және тасымалдау кезіндегі қауіпсіздіктің тиісті деңгейін қамтамасыз ету мәселелеріне үлкен назар аударуға міндетті», – дейді Қиынов.

Теміржолдағы трагедия

«Казправдадағы» мақаласында Ләззәт Қиянов 80-жылдардың ортасында Башқұрстанда болған алапат жарылысты мысалға келтіріп, газ құбырларының қауіпсіздігі үшін шаралар қабылдау өзекті екенін еске салыпты.

«Магистральдық газ құбырында иненің көзіндей тесік пайда болып, газ ауаға шыға бастайды. Ол жолаушылар пойыздары өтетін теміржолдың жерасты  қабатына жинала берген. Ақыры алапат  жарылыс болып, жан-жақты жалмаған қызыл жалын көптеген адамның өмірін жалмап кетті. Осыған ұқсас жағдай Орталық Азия газ құбырында да болған», – дейді ол.

Дәл қазіргі шақта саланың тамырына қан жүгіртудің жалғыз жолы – тарифтерді оңтайландыру.

Қиыновтың пайымдауынша, қолданыстағы газ құбырларының жай-күйін тексеріп, салынып жатқан жаңа құрылыстарға инвентаризация жүргізу және ескі газ құбырларын ауыстыру қажет болуы әбден мүмкін. Бұдан бөлек, жұмыс істеп тұрған нысандарды пайдалануда техникалық қызмет көрсету, цифрландыруды енгізу мәселесіне де баса назар аудару керек.

«Қазір шығынға жұмыс істеп жатқан газ саласы ерте ме, кеш пе, атап өткен жағымсыз құбылыстармен бетпе-бет келуі мүмкін. Сондықтан да сауатты тарифтік реформа жүргізген жөн. Әрине, бұл реформа барлық газ тұтынушыларының мүдделерін ескере отырып жүргізілуі керек.

Бағаны өсіру қарапайым халықтың қалтасын қағу дегенді білдірмеуі тиіс. Баға халықтың ай сайын төлем қабілетін ескеріп реттелуі керек», – дейді Қиынов.

Инфографика

«ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-тың тұтынушылар үшін бөлшек саудадағы  бекітілген бағасы

Өңірлер Тұтынушы 1 м3 газдың құны (ҚҚС қоса есептегенде)
Түркістан облысы, Шымкент қ.
Елді мекендер
31,59
Заңды тұлға  28,27 – 35,79
Алматы облысы
Елді мекендер
29, 55
Заңды тұлға 29, 55
Алматы қ.  
Елді мекендер
29, 44
Заңды тұлға  22,04 – 30,65
Жамбыл облысы
Елді мекендер
25,55
Заңды тұлға 20,08 – 35,26
Қостанай облысы
Елді мекендер
23,41
Заңды тұлға  21,40 – 30,05
Қызылорда облысы
Елді мекендер
20, 90
Заңды тұлға 18,61 – 21,18
БҚО
Елді мекендер
17,24
Заңды тұлға         11,85 – 17,87
ШҚО (Зайсан қ.)
Елді мекендер
11,22
Заңды тұлға 11,22
Маңғыстау облысы
Елді мекендер
9,96
Заңды тұлға 6,59 – 21,42
Ақтөбе облысы
Елді мекендер
9,73
Заңды тұлға  7,49 – 14,54
Атырау облысы
Елді мекендер
8,14
Заңды тұлға  8,14- 19,80

Жергілікті халық үшін орташа баға 1 текше метрі 19,7 теңге.

Заңды тұлғалар үшін орташа баға 1 текше метрі 16,84 теңгеден бастап 24,30 теңгеге дейін.

«Қала мен Дала» анықтамасы:

ТМД-дағы ең төменгі газ бағасы біздің елімізге тиесілі. Мәселен, Қазақстанда көгілдір отынның 1 текше метрінің орташа бағасы 18,5 теңгені құрайды. Бұл  Ресейдегіден екі есе арзан және Қырғыз еліне қарағанда 5 есе арзан баға.

Ел өңірлерін белсенді газдандырудың нәтижесінде ішкі нарықта газ тұтыну қарқыны жылдан-жылға өсіп келеді. 2025 жылға қарай ішкі нарық 20 миллиард текше метрге жуық газ тұтынады деген болжам бар, бұл бүгінгіге қарағанда 30 пайызға артық.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here