«Хаббла» телескопы жайында не білеміз?

0
1573

Ғарыш тұңғиығын зерттеуде «Хаббла» телескопының алатын орны ерекше. Аталмыш телескоп 20 жылдан бері Жерді айнала ұшып, алыс галактикалар мен жұлдыздарға қатысты қызықты мәліметтерді адамзат баласымен «бөлісіп» келеді. О баста телескопты құрастырған ғалымдар «Хаббла» 15 жыл жұмыс істейді деп ойлаған еді. Бірақ ғарыш кеңістігінде қалықтаған телескоп әлі күнге дейін жұмыс істеп, астрономия ғылымын дамытуға үлес қосуын тоқтатқан жоқ.  

«Хаббла» телескопын 1990 жылы 25 сәуірде «Дискавери» ғарыш кемесі 610 шақырым биіктіктегі кеңістікке шығарған болатын. Адамзат баласының ғарышты игеру тарихына үңілетін болсақ, «Хаббла» телескопы бұдан да ертерек ғарышқа сапар шегуі керек еді. Бірақ 1986 жылы 28 қаңтарда «Челленджер» ғарыш кемесі апатқа ұшырап, ғарышкерлер мерт болғаннан кейін, америкалықтар ғарышқа жүк таситын кемелердің ұшуына шектеу қойған.

Осы ретте «Хаббла» телескопына белгілі америкалық астроном, ғалым Эдвин Хаббланың есімі берілгенін айта кетуіміз керек. Эдвин Хаббла ғарыш кеңістігінде біздің «Құс жолы» галактикасынан бөлек «Тұманды Андромеда» галактикасын ашқан білікті астроном ретінде танымал. Ғарыш кеңістігін зерттеп, аты әлемге танылған Эдвин Хаббланың о бастағы таңдаған мамандығы заңгер болған. Бірақ аспан әлеміне деген қызығушылық оның танымал астроном ғалым болуына ықпал етті. 

Эдвин Хаббла атындағы телескоптың ұзындығы 13,1 метр, ал диаметрі – 4,2 метрді құрайды. Ал ғарыш аппаратының жалпы салмағы 11,3 тонна. Ғалымдар телескоптағы диаметрі 2,4 метр, салмағы 816 келіні құраған кварцты шыныдан жасаған айнаны мамандар екі жыл төрт ай бойы тегістеп, жалтыратқанын біреу білсе, біреу білмеуі мүмкін.

Хаббла телескопы түсірген Юпитердің көрінісі

Телескопты құрастырып, орбитаға шығарғаннан кейін де бес рет жөндеу жұмыстары жүргізілген. Басты айнадағы ақау телескоп ғарыш кеңістігіне шығарылған сәтте-ақ белгілі болды. Алғашқы ақауды 1993 жылы желтоқсан айында «Индевор» ғарыш кемесінің экипажы жөндеген болатын. Бұдан кейін «Дискавери», «Колумбия», «Атлантис» ғарыш кемелерінің астронавтары телескопты бірнеше рет жөндеген.

«Хаббла» телескопы орбитаға шыққан ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге бағытталған маңызды ғарыштық аппарат десек болады. Телескоптың көмегімен астроном ғалымдар Күн жүйесіндегі планеталар құрылысын, көршілес өзге галактикалар мен жұлдыздардың құпияларын танып білді. Атап айтар болсақ, ғалымдар «Хаббла» телескопының көмегімен Айдағы мұз болып қатып қалған су көздерін және құпиясы көп қара материяға ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп, қызықты жаңалықтар ашты.  

Сонымен қатар ғарыш аппараты Жерге өте көп фотосуреттер жібергеннен кейін ғалымдар Марс, Юпитер және Юпитер мен Сатурндағы полярлық сәулелерді зерттеу мүмкіндігіне ие болды. О баста тоғызыншы планета саналған, кейіннен карлик планеталар тобына жатқызылған Плутонның фотосуреттері, сонымен қатар Плутонның екі серігі Никт пен Гидрді ғалымдар «Хаббла» телескопының көмегімен ашты.

Тағы да айта түссек, телескоптың көмегімен ғалымдар алыстағы жұлдыздардың салмағын өлшейтін амал-әдістерді қалыптастырды. Ең бастысы, «Хаббла» телескопы Кеңістіктің жасын анықтап, Үлкен жарылысқа қатысты көптеген құпияларды ашуға ықпал еткен. Алдағы уақытта да «Хаббла» телескопы ғарыш адамзат баласының ғарыш кеңістігін терең зерттеуіне жол аша түсетіні анық.

Айнұр НҰРЛАНҚЫЗЫ 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here