Мұз дәуірінде мамонттардың денесінің қатуына қатысты ғалымдар арасында түрлі пікірлер айтылады. Солардың арасында А.В. Колтыпин сияқты мамандар мамонт сынды аса ірі жануардың аязда денесі тез қатып қалмайтынын айтқан-ды. Салмағы 8 тонна тартатын, жер бетіндегі аязға төзімді мамонттардың табан астында қатып қалуы үшін ауа температурасы – 100-130 градусқа дейін төмендеуі тиіс. Бірақ мұндай температуралық секіріс жер бетінде орын алуы екіталай. Сонда алып мамонттардың заматта қатып қалуына не әсер еткен?

Мамандардың болжауынша, температураның бұлайша күрт төмендеуі мезосферада кездеседі екен. Мезосфераның мезапауза деп аталатын жоғары шегінде ауа температурасы -138 градусқа дейін төмендейтіні ғылымда белгілі. Мезосфера ғарышта қалыпты жағдай екенін бәріміз білеміз.

Ғалымдар жер қойнауынан Мұз дәуірінде қатып қалған мамонт сынды жануарлардың жасушаларын алып зерттегенде, олардың кейбір жасушалары бірден тіршілік етуін тоқтатпағанын байқаған. Сақылдаған сары аязға төзімді мамонттардың заматта қатып қалуы үшін ауа температурасы кемінде -110,130 градусқа төмендеуі керек екен.

Осы ретте А.В. Колтыпин өзінің болжамын ұсынады. Ғалымның ойынша, Мұз дәуірінде Жер өте қатты соққы алып, қысқа мерзімді қисаю орын алып, Солтүстік жарты шар заматта атмосферасынан айырылып, әп-сәтте ғарыш кеңістігіне шығып қалған болуы мүмкін. Сол кезде солтүстік жарты шардағы жануарларды бірден өлтіретін ғарыштық суық пайда болып, тіршілік иелерінің бәрі сол сәтте қатып қалуы мүмкін екені жайындағы гипотезаны алға тартады. Қарапайым тілмен айтсақ. Жер қатты соққы алғаннан кейін қисайып, солтүстік бөлігі ғарыш кеңістігіне бір-ақ шыққан.

Ғарыштағы вакуумдық жағдайда жануарлардың бойындағы қан қайнап, сол сәтте ұйып, бірден мерт болады. Ғалымдар Мұз дәуірінде қырылып қалған жануарлардың қалдықтарын зерттегенде ғарышта кездесетін токсинді улы заттарды тапқан. Бұл өз кезегінде А.В. Колтыпинның гипотезасын қуаттай түсетіні анық.

А.В. Колтыпин Сібір мен Алясканың солтүстік аумағындағы 50-80 шаршы шақырымды алып жатқан аймақ мезасфера аймағында қалып, заматта температура – 100-150-ге дейін төмендегенін алға тартады.

Ғалымның бұл болжамын қалай қабылдауға болады? Зерттеушілердің есебінше, Жер өте үлкен шаң бұлтпен соқтығысқанда айырылуы мүмкін. Бұл қызық құбылысты зерттеген тағы бір ғалым Р.Фэйрстоун Жер атмосферасына алып шаң тәріздес бұлт енгенде, ол атмосфераны жыртып, мезасфераның қатты аязына жол ашқанын айтады. Осының салдарынан Жер шарында он мыңдаған жылға созылған Мұз дәуірі басталған деседі.

Атмосфераның озон қабатын жарып кірген мезасфера сол кезде 32 мың шаршы шақырым аумақты қамтып, температура қас пен көздің арасында 130 градусқа дейін төмендеген. Бірақ атмосфера ұрадай тесікті тез арада бітеген. Осылайша, Жер шары алапат суықтың құрсауында қалудан аман қалған.

Бірақ Жер шарының солтүстік бөлігі осы бір апаттан қатты зардап шекті. Нәтижесінде, Жер шарының солтүстігін мекендейтін жануарлар заматта мұзға айналған. Мамандар ғаламат суық кірген шлюз 6 ай бойы ашық болғанда мезасфераның зардабы бұдан да ауқымды болғанын айтуда.

Н.ӘУБӘКІР

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here