Қазіргі таңда жергілікті жерлерде бос жатқан суармалы ауыл шаруашылығы жерлерін игеру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Жерінің түгін тартсаң, майы шығатын Жетісуда да егін егуге қолайлы бос жатқан жерлер жетерлік. Биыл Алматы облысындағы төрт аудан суармалы жерлердің көлемін 35,4 мың гектарға ұлғайтуды көздеп отыр. Ендігі кезекте қолға алынған бұл жұмыстардың қалай іске асатынын тәпсірлесек.
Маңызды жұмыс 2016 жылдан бері жалғасып келеді
Бірден айтуымыз керек, Алматы облысында бос жатқан суармалы жерлердің қатарын арттыру ісі биыл ғана қолға алынып отырған жоқ. Жалпы, бұл бағыттағы жұмыстар өңірде 2016 жылдан бері қолға алынып, Алматы облыстық әкімдігі бұл бағытта нақты іс-жоспарын бекітіп, жұмыс істеуде. Жетісудың шаруалары жергілікті билік орындарымен тізе қосып, 137,8 мың гектар суармалы жерді айналымға түсіруді көздеген болатын.
Суармалы жерлерді қалыпқа келтіру жұмыстарын қарапайым оқырмандарға ұғынықты болуы үшін аз-кем түсінік бере кетейік. Кеңес заманында суармалы жерлердің аумағын кеңейту үшін көптеген арық каналдар салынып, Алматы облысында су шықпай жатқан жүздеген мың гектар жер игерілген-ді. Бүгінде сол суару жүйелерін қайта жаңғыртып, оның көлемін арттыру бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуда.
Алматы облыстық әкімдігі өңірдегі суару жүйерін қалыпқа келтіру үшін облстық бюджеттен 3,1 млрд теңге бөлгенін айта кетуіміз керек. Аталған мақсатта суару жүйелерін қалыпқа келтірудің жоба-сметалық құжаттарын дайындау жұмыстары қызу жүріп жатыр.
Қазіргі таңда Ақсу, Алакөл, Көксу, Ескелді, Панфилов, Ұйғыр, Қарасай, Сарқан аудандары мен Талдықорған қаласы суару жүйелерін қалыпқа келтіру үшін қажетті құжатты дайындау ісімен айналысуда.
Жыл сайын өңірде суқоймаларына 1,5-2 млрд теңге бөлінеді
Өткен 2019 жылы Ислам даму банкінің бөлген қаржысымен Ақсу, Алакөл, Ескелді және Көксу ауданындағы 35,4 мың гектар суармалы жердің айналымға қосу ісі сәтті жүзеге асуда.
Айталық, өткен жылы халықаралық қаржы ұйымының қаржысының арқасында Ескелді ауданындағы суармалы жерлердің көлемі 1 510 гектарға ұлғайғанын атап айтуға болады. Сонымен қатар суармалы жерлердің ауқымын арттыру жұмыстары Ақсау ауданында қарқынды түрде жүруде.
Ал үстіміздегі жылы Алакөл мен Көксу аудандарындағы суару жүйелері қалыпқа келтіріліп, суармалы жерлердің көлемін арттыру ісі басталуда.
Жалпы, Алматы облысында шаруаларды сумен қамтамасыз ететін коммуналдық нысандарға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін облыстық бюджеттен жыл сайын 1,5-2 млрд теңгедей қаржы бөлініп келеді.
Биыл облыстағы 11 су шаруашылығы нысанына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмекші. Атап айтсақ, алдағы уақытта Райымбек ауданындағы Үшкірші магистарльды су каналына, Жамбыл ауданындағы «Достық», «Құтырған», «Талап», «Книжевский», «Сасықбай» суқоймалары, Іле ауданындағы «Қызыл ту-1», «Қызыл ту-2» көлшігіне және «К-32» суқоймасы, Қарасай ауданындағы «Октябрь-2» суқоймасы, Талғар ауданындағы «Төменгі Көтентай» суқоймасына және Кербұлақ ауданындағы «Енкөл», «Арал төбе» суқоймаларына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмекші.
5 суқоймасы салынады
«2028 жылға дейін суармалы жерлерді дамтудың жоспары» бағдарламасы бойынша Алматы облысындағы егіндік жерлердің ауқымын ұлғайту үшін қосымша 5 суқоймасының құрылыс жұмыстарын жүргізу, ирригациялық жүйені дамыту, жаңа су сорғы стансаларын салу сынды маңызды жұмыстар жоспарланған.
Осы жоспар іске асқанда Алматы облысында жаңадан 81,8 мың гектар суармалы жер пайда болады (Ақсу – 17500 гектар, Алакөл – 4700 гектар, Балхаш – 2500 гектар, Кербұлақ – 23655 гектар, Сарқан – 9346 гектар, Кеген – 3000 гектар, Райымбек – 5850 гектар, Ұйғыр – 4600 гектар, Іле – 5700 гектар, Қапшағай қаласы – 5000 гектар).
Ұйғыр ауданындағы «Сұңқар» және «Тигермен» суқоймасын салуға облыстық бюджеттен 41,7 млн теңге бөлініп, жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі дайындалған. Сәтін салса, құрылыс жұмыстары 2020 жылдың соңында басталады.
Ал Ескелді ауданындағы Балықты өзенінің бойындағы жаңа суқоймасын салуға 32,5 млн теңге қарастырылуда. Қазіргі таңда жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі мемлекеттік сараптамадан өтіп жатыр.
Сарқан ауданындағы Басқан өзенінің бойындағы суқоймасын салу үшін «Энергомост» серіктестігі нысанның техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеп, мемлекеттік сараптаманың қорытындысын алған. Бұл жобаның құны 128 млн теңгеге бағаланған.
Қазіргі таңда Ақсу ауданындағы Қызылағаш суқоймасын қалыпқа келтіру жұмыстары аяқталуда. Бұл іске мемлекет қазынасынан 5,9 млрд теңге бөлінген. Осының арқасында аудандағы суармалы жерлердің аумағы 6 900 гектар ұлғайған. Ал үстіміздегі жылы республикалық бюджеттен Алматы облысындағы Көксу, Қаратал су тоспасын, Өсек су өткізгішін және Талдықорған қаласындағы суару жүйелеріне жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін 3,662 млрд теңге бағытталуда.
Осылайша, Алматы облысы алдағы 5-6 жыл көлемінде өңірдегі суару жүйелерін реттеп, суармалы жерлердің аумағы арта түсетін болады. Өңірде суармалы жерлердің аумағы артқан жағдайда ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі артатыны анық.
Нұрлан ЖҰМАХАН