Соңғы уақыттары Қасымның сурет салуға аңсары қатты ауып жүр. Ол мектепке бармай тұрып та ақ қағаздың бетіне түрлі-түсті қарындаштарымен сурет салғанды ұнататын. Мектеп табалдырығын аттағалы бері оның сурет салуға деген құмарлығы арта түспесе кеміген емес. Мұны байқаған анасы Қасымға сурет салуға қажетті түрлі-түсті қарындаштар мен қажетті бояқтарын толықтай алып берген-ді.
Қасым сурет сабағын асыға күтеді. Жалпы, Қасым ғана емес сурет сабағын сыныптастарының бәрі жақсы көреді. Оның өзіндік себебі де жоқ емес. Аптасына бір-ақ рет болатын сурет сабағы мектептегі сурет кабинетінде өтеді. Бұл кабинеттің кірген балалардың бейнелеу өнеріне ынтызарлығын оятып жіберетін бір сиқыры бар.
Бейнелеу кабинеті мектептегі ең әдемі сыныптардың бірі десе де болады. Іші қандай керемет! Сөзбен айтып жеткізе алмайсың. Мектептегі өзге сыныптарға мүлде ұқсамайды. Кабинетке кіргенде өзіңді басқа әлемге тап болғандай сезінесің. Керек десең, мұндағы аура да бөлек. Кең бөлменің қабырғасына ілінген картиналарға сіңген майлы бояудың исі оқушылардың танауын қытықтап, хош иісті гүлге қонған араларды көз алдыңызға елестетуші еді. Кабинеттің төрт қабырғасында тұтастай картиналар мен елге танымал адамдардың портреттері ілулі тұр. Бос орын таппайсыз.
Қасым алғаш сурет кабинетіне кіргенде айналасындағы қаптаған суреттерден көз алмай ұзақ қарап қалғаны есінде. Сол кезде сурет пәнінің мұғалімі Ермұрат ағай картиналарға көз алмай қарап қалған Қасымға:
– Қасым, сені суретті жақсы салады деп естідім. Алдағы уақытта сурет салудың қыры мен сырын сендерге жақсылап үйрететін боламын, – деп, айналасындағы көп суретке таңырқай әрі қызыға қараған Қасымды қолынан жетектеп, алдыңғы парталардың біріне отырғызған болатын.
Қасым мектептегі сурет кабинетінің керемет екенін өзінен жасы үлкен аға-әпкелерінен бұған дейін де бірнеше рет естіген. Енді міне, бесінші сыныпқа аяқ басып, бейнелеу сабағын сурет кабинетінде оқитын болды. Бұған дейін сурет сабағын өзге пәндермен қосып, Рахима апайы үйретуші еді. Ол кісі бастауыш сыныптың мұғалімі болғандықтан, бейнелеу сабағын күнделікті сыныпта өткізе беретін-ді.
Мектепте бастауыш сыныптың оқушылары сабақты түстен кейін оқиды. Енді олар жоғары сыныпқа аяқ басқалы бері таңертең оқи бастады. Осылайша, биылғы оқу жылында Қасымның сыныптастарының өмірінде үлкен өзгеріс орын алды десек болады.
Олар бастауыш оқып жүргенде сурет кабинетінің есігі ұдайы құлыптаулы тұратын. Балалар сурет кабинетіне қатты құмартып, құлпының кілт салатын кішкентай саңылауынан сығалап, әдемі кабиенттің ішін көре алмай, діңкелейтін.
Енді жоғары сыныпқа аяқ басып, сурет сабағын сурет кабинетінде оқып, Ермұрат ағайларынан сурет салудың құпиясын үйреніп жатыр.
Алғаш сурет кабинетіне бас сұққанда Қасым бұл кабинеттің мектептегі өзге бөлмелерге мүлде ұқсамайтынына көз жеткізді. Керек десеңіз, парталары да бөлек. Өзге сыныптардағы парталарға мүлде ұқсамайды. Әдеттегі сыныптардағы парталар жазық болса, мұндағы парталар сурет салуға ыңғайлы еңкіштеу екен. Жанында түрлі-түсті қарындаш пен акварель бояқтарға арналған орын да бар. Тіпті қандай да бір сызықты дұрыс сызу үшін партаға орнатылған арнайы сызғыштары да балаларға қатты ұнады. Несін айтасыз, бейнелеу кабинеті жалғыз Қасымға емес, барлық балаға ұнағаны анық.
Сонымен қатар сурет кабинетінде тазалық пен жинақылық та көзге бірден шалынады. Әдеттегі сыныптардағы парталардың бетінде түрлі суреттер мен шимай жазулардан көз сүрінуші еді. Ал бейнелеу кабинетіндегі парталардың бетінен бір сызық таппайсың. Парталардың бәрі зауыттан кеше ғана шыққандай жарқырап тұр. Қасымның сыныптастары тазалыққа Ермұрат ағайдың қатты қарайтынын кейіннен білді. Балаларға мүмкіндік берсе, кабинеттен шықпай сағаттап отырып сурет салуға бар. Бірақ 45 минутқа созылатын сабақ аяқталғаннан кейін, сыныпты босату керек. Өзге балалар да осы жерде сурет салу машығын жетілдіреді.
Бейнелеу сабағына алғаш бас сұққан күні Қасымның сыныптастары қызық оқиғаға тап болды. Оған көрнекілік үшін тұрған натюрморт алма себепші болды. Әлгі алманы кәдімгі алмадан айыру мүмкін емес. Алманың қасында әдемі жүзімдер де бар. Алғашқыда тентек Бақашар әлгі алманы ешкімге білдірмей қалтасына салып алады. Оңашада күрек тісін кірш еткізіп, әлгі алманы жемек болғанда, оның қолдан көрініс үшін жасалған жасанды алма екенін біліп, алманы қайтадан орнына қоя қойған болатын. Бұл әңгіме Ермұрат ағайдың құлағына да жеткен. Кең жүректі ұстаз бейнелеу сыныбына алғаш бас сұққан балалардың бәрі жасанды алманы кәдімгі алма деп алып алып, артынша қайтадан орнына қоятынын айтып, Бақашардың бұл әрекетіне түк те реніш білдірген жоқ.
Сурет сабағында ақ қағазы мен қарындашы жоқ балаларға қағаз бен қарындаш та табыла кететін. Ермұрат ағайымыздың кабинетінде жылдар бойы жиналған қарындаштар мен қағаздар көп еді. Сондықтан оқушылардың бірі Ермұрат ағайдың алма мен табақ толы жүзім көрінісін асқан ыждағаттылықпен салады.
Ермұрат ағай Қасымның сурет салуға икемі бар екенін байқап, оған сурет салудың қыр-сырын үйретуге тырысты. Қасым жазғы каникулда туған жері Белжайлауға шығып, өзі қатты қызығатын тау көріністерін салуды жоспарлауда.
Айнұр ЖҰМАХАН