Амандық Баталов: «Бейсен туралы өткен шақта айтудың өзі ауыр»

0
1737

Алматы облысының әкімі Амандық Баталов журналист Бейсен Құранбектің қазасына қайғырып, көңіл айтты.

Асыл азамат, ардақты бауыр, білікті тележурналист Бейсен Құранбек дүниеден өтті. Жүрегім езіліп, жаным ауырып, көкірегім қарс айырылып отыр.

Мен Бейсенді ең алдымен азаматтық болмысы, адами қасиеттері, шыншыл мінезі үшін жақсы көруші едім.

Ол жағынуды, кемшілікті жасырып-жабуды білмейтін.

Ешқашан ақиқаттың жолынан айныған емес. Маңайына шуағын шашып, мейірімін төгіп жүретін жаны жарық азамат еді.

Мен əкім болып тағайындалғаннан кейін екінші күні келді, «Аға, мен қайтып келіп, сізбен бірге жұмыс істегім келеді», – деді. Содан бері бірнеше жыл қоян-қолтық жұмыс істедік.

Алматы облысының «Жетісу» телеарнасына білікті басшылық жасап, телеарнаның беделін көтеруге, мазмұндық сапасын жақсартуға зор үлес қосты. Журналистер үйі ғимаратының салынуына тікелей ықпал етіп, осы істің басы-қасында жүрді. Жас журналистерге тәлімгер болып, жолын ашты.

Ағаға – іні, кішіге қамқор аға бола білді. «Қазақстан» телеарнасындағы «Айтуға оңай» бағдарламасы арқылы да қаншама мыңдаған адамға көмектесті.

Мен соңғы күнге дейін оның ауруды жеңіп шығатынына сеніп едім. Əттең… Бірақ ажалға араша жоқ екен… Бейсен туралы өткен шақта айтудың өзі ауыр…

Арыс азаматымыздың жатқан жері жарық, иманы жолдас болсын! Бейсеннің жарқын бейнесі біздің жадымызда мәңгі сақталады.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here