Заңымыз діни экстрмизмның алдын алуға қауқарлы

0
829

Қазақстан діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу жолында көптеген жұмыстар атқарды. Бұл ретте «Діни экстремизм мен терроризмнің алдын алудың 2018-2022 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» аясында ауқымды жұмыстар атқарылғанын атап айта аламыз. Осы ретте «Дінтанушылар конгресі» ұйымының ғылыми қызметкері, магистр Серікбол Біләловпен аз-кем ой бөліскен едік. Енді соған назар аударсаңыздар.

– Серікбол мырза, мемлекет діни экстремизмнің алдын алуды қамтамасыз етуді көздейтін мемлекеттік бағдарламаны 2022 жылға дейін созғанын білеміз. Жалпы, бұған дейін де еліміздегі діни ахуалды реттеуге бағытталған бірқатар бағдарламалар қабылданып, жүзеге асты. Осы мемлекеттік бағдарламалар еліміздегі діни экстремизм мен терроризмді тізгіндеуге қаншалықты септігін тигізді деп ойлайсыз?

– Біздің еліміз үшін діни экстремизм мен терроризм 2000-жылдардан бастап өзекті болғаны өзіңізге мәлім. Бұған дейін діни экстремизм ұлттық қауіпсіздігімізге қауіп төндірмеді. Сондықтан тоқсаныншы жылдар елімізде діни экстремизмнің алдын алуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар болмады.  

Еліміздің кейбір азаматтары Ауғанстан мен Пәкістандағы деструктивті ағымдардың қатарына қосылып, лаңкестік әрекетке қатысқаннан кейін еліміз үшін бұл құбылыстың қауіпті екенін сезіндік. Бұдан кейінгі жағдай өзіңізге мәлім. Халықаралық діни экстремизм Сирия мен Иракта күшейіп, әлемнің мазасын қашырды.

Қазақстан осы сын-қатерлерді басшылыққа алып, елімізде діни экстремизм мен терроризмнің жолын кесу үшін арнайы мемлекеттік бағдарламалар қабылдап, ел азаматтарының қауіпті радикалдық топтардың арбауына түсіп қалмауы үшін көптеген жұмыстар атқарды. Осы мақсатта «Діни экстремизм мен терроризмнің алдын алудың 2013-2017 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын» қабылдап, бұл бағытта қарқынды жұмыстар жүргізді. Осының арқасында елімізде діни алауыздыққа жол берілген жоқ. Сондықтан осыған дейін қабылданған шаралар өз нәтижесін берді деп нық сеніммен айта аламын.

– Аталған бағдарламаның арқасында нақты қандай жұмыстар атқарылғанын атап бере аласыз ба?

– Әрине, аталмыш бағдарламаның арқасында сот шешімімен елімізде «Таблиги Джамагат», «Ат-такфируаль-хиджра», «Ислам мемлекеті» секілді діни экстремистік ұйымдардың жұмысына заңдық тұрғыдан шектеулер қойылды. Бұдан басқа еліміздің қауіпсіздік қызметінің тікелей араласуымен террористік әрекеттердің жолы кесілді.

2017 жылы сырт елдерге кетіп, террористік ұйымдардың қармағына түсіп қалған 125 азаматымыз елге оралып, олардың 57-сі әділ соттың алдында лайықты жазасын алды. Бұдан басқа радикалды топтардың қатарына қосылуға ұмтылған 90-ға жуық адамның жолы кесілді. Тағы да айта түссек, алғашқы бағдарлама іске асқан жылдары халықтың діни сауатын көтеру бағытында да көптеген жұмыстар іске асты. Айталық, 2017 жылы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарына қатысқан 249 маман 60 мыңнан астам кездесу ұйымдастырып, 2,5 млн астам халықтың алдында түрлі дәрістер оқып, көпшіліктің адасуына жол бермеді. Осы жұмыс тобы діни экстремизмнің алдын алуға жәрдемдесетін 50-ден астам әдістемелік құрал дайындады. Осы тұрғыдан алып қарасақ, Қазақстанда діни экстремизмнің алдын алудың өзіндік амал-тәсілдері қалыптасқанын байқауға болады.

– Маман ретінде айтыңызшы, еліміздегі заң нормалары діни экстремизмнің алдын алуға қаншалықты қауқарлы?

– Өз басым Қазақстанның заңнамалары діни экстремизм мен терроризмнің алдын алып, жолын кесуге толықтай мүмкіндігі бар деп есептеймін. Қазіргі таңда елімізде 3 715 діни бірлестіктер мен ұйымдар жұмыс істейді. Олардың жұмысын бір ғана дінге қатысты заңдар реттемейтіні белгілі. Десек те, негізгі «ҚР Діни ұйымдар мен бірлестіктердің қызметі туралы» заңға 53 өзгеріс енгізіліп, заңымыз заман талабына сай дамығанын атап айтуға болады.

– Әңгімеңізге рақмет.

Толқын САДЫР

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here