Бұлт неге жылайды?

0
4062

Рас-өтірігін кім білсін, әйтеуір бұл өте ертеде болған оқиға көрінеді. Жер беті қайнаған тіршілік, құлпырған гүл-орман, бау-бақша болса керек. Жарқыраған Күн, баяу ескен самал Жел, қорғасындай ауыр тұтаса ұйысқан Бұлт та бір үйдің баласындай тату-тәтті өмір сүріпті.

Сайраған құстар, жортып жүрген аңдар да болашақты ойлап, жеке бастарынан гөрі өзгелерге жақсылықты көп жасапты.

Кім білсін, сондай ұйымшылдықтың арқасы да шығар. Әйтпесе, біздің арғы бабаларымыз да, бүгінгі кейбір балалардай ата-анасының тілін алмай, оларды қартайған шағында тағдыр тәлкегіне тастап кете беретін болғанда мүмкін адамзат атаулы да динозаврлардай құрып кетер ме еді.

Иә, сонымен, күндердің күнінде табиғат арасында тентектер табылып, тепе-теңдік бұзылыпты. Бұған себеп болған Жел көрінеді. Әбден құтырған ол  құйын болып үйіріліп, дауыл болып соғып, жұрттың мазасын алыпты. Әсіресе көп жапа шеккен Бұлт амалсыздан пана іздеп, Күнге шағым айтыпты. Бірақ үлкенді сыйлап үйренбеген Жел Күннің тілін алмай қойыпты.

Содан бері Желге өкпелі Күн тынымсыз саяхатқа шығады екен. Өзі сапарда жүргенде елге, жерге мейірім төгуді жалқаулау сіңлісі Айға тапсырады-мыс. Ай Күннің өтінішін кейде шын пейілмен, кейде көзінің қиығымен әлі күнге атқарып келе жатса керек.

Тентек Желге тіршілік атаулы қарсылық білдіріп, ашу-ыза шақырыпты. Теңіздер мен мұхиттарда толқындар тулап, орман-тоғай бұл іске наразылықпен бас шайқапты. Ұйысқан Бұлт бей-берекет кетіп, ыдырапты. Енді Бұлт Жерге шағыныпты. Бір кездері тату көршісіне жаны ашыған Жер-ана Жел тентекке қатты ашуланыпты. Бетінен оты шығып, соншама қаһарланған Жер-анада жанартаулар атылып, біртін-біртін асқар таулар пайда болыпты. Бұлттар болса, тау шыңына үйіріліп, пана тауыпты. Ардақты Жер-анаға деген ризашылықтан көңілі босап кеткен Бұлт әлі күнге көз жасын жаңбыр болып төгетін көрінеді. Ақпейіл, ризашылықтан тамған жас жерге ризық, елге байлық болыпты.    

Айнұр ЖҰМАХАН, 5-сынып оқушысы.

Алматы қаласы.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here