Ит пен қораздың адал достығы (ертегі)

0
1740

Бірде ит пен қораз дос болуға келіседі. Көп ұзамай екеуі тұрған елде аштық басталыпты. Сонда ит тұрып қоразға:

– Бұл жерде мен жейтін ештеңе жоқ. Енді басым ауған жаққа кетемін. Мұны саған «Бұл ит менің досым еді. Бірақ түк айтпастан қашып кетті» демесін деп әдейі ескертіп жатырмын, – депті. Қанша айтқанмен қанды көйлек досы ғой. Қораз ары-бері ойланып:

– Сенен қалғанда менің жаным ұшпаққа шықпас. Мені де ала кет. Бірақ екеуміз үшін тамақты сен табатын боласың. Өйткені мен ел-жұртқа көрінсем ұстап алып жеп қояды, – дейді қораз.

– Жақсы, – деп келісіпті ит. – Бар тапқанымды екеуміз ортаға салып, бірдей бөлісіп отырайық.

Сонымен екі дос жолға шығыпты. Олар екі жеті, он төрт күн сапар шегіп, ақырында бір елді мекенді көреді. Ит тұрып:

– Мен қазір мына ауылға жүгіріп барып келейін. Сен орманға тығыла тұр. Егер мен жоқта бір нәрсе бола қалса, дереу хабар бер, – дейді ит. Қораз келсіп:

– Ондай жағдайда бар дауысыммен айқайлаймын, менің дауысымды естіген бойда тез қайтып орал, – депті.

Міне, осылай екі дос орман ішінде өмір сүре бастайды. Ит күн сайын тамақ әкеліп тұрады. Түнге қарай ит ағаштың түбінде, ал қораз ағаштың бұтағына қонақтап, ұйықтап жүреді. Бірде ит тамақтың қамымен тағы да жолаушылап кеткенде қулығына құрық бойламайтын түлкі қоразды көреді.

– Туысқаным-ау, сен неге ағаштың ұшар басына шығып кеткенсің? Төмен түс, екеуміз бірге тамақтанайық, – дейді.

– Мен сенімен шын пейлімен дастарқандас болар едім, – депті қораз оған. – Бірақ екеуіміз ғана тамақтанған көңілсіз ғой. Сондықтан тағы біреуді шақырайын, – деп қораз бар күшімен үш рет айқайлайды. Қораздың дауысын ит естіп, «менің досым қиын жағдайға тап болған екен, тез жетейін» деп орманға қара тұра шабады. Сол арада итті байқап қалған түлкі жылыстай жөнеліпті.

– Жиенжан, қайда қашып барасың? – деп айқай салады қораз.

– Ананы қара, бізбен бірге тамақтануға өзіңнің досың ит те асығып келеді. Сонда түлкі соңғы рет мойнын бұрып:

– Мен бірге болар едім. Бірақ тамақтанардан бұрын жуынбағаным енді ғана есіме түсті, – деп қалың бұтаның арасына сүңгіп, ізім-қайым жоғалады. Ит пен қораз болса адал достықтың арқасында басқа да талай сын-қатерден аман-есен өтіп, жылдар бойы тату-тәтті ғұмыр кешіпті.

Кәусар НҰРЛАНҚЫЗЫ, Алматы облысы

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here