Су бетіндегі шеңбер

0
1150

Әңгіме

Сары өзенді жағалап балық аулап отырған балалардың қасына келді.

– Жолаушы боларсыз? – деді сұр кепкалы бала сыбырлай үн қатып.

– Иә.

Суға сіңіп бара жатқандай, қозғалыссыз тұрған көгілдір қалтқы осы сәт бір батып, бір шығып… ақыры батып тынды. Көз ілеспес шапшаңдықпен қармақ ытқып серпілді, әурешілік екен, шаян да ілінбепті. Ал кепкалы бала өкінбеді. Есесіне, құмарлана түсіп, қармақ жібін балық шерткіш алаңқайға баппен тастап, тістеніп қалды. Серігі оған жіті көз тастап, мұқият отырған бір кезек маған қарап, күлімдеп қалды. Бақса, оның да жемін жеп кетіпті.

– Балық аулай білеміз, – деп сұрады Ақылбек менен.

Мен «қармақ салудың білмейтіндей несі бар, тәуірі» деген оймен:

– Е, білемін, – дей салдым. Күн көзі тас төбемізден шүйіліп, ми қайнатардай шыжып барады. Әлсін-әлсін көйлектерімізді суға малып, сығып-сығып аламыз. Ақылбек үйінен балыққа жем орап әкелген ескі газеттен маған қағаз қалпақ жасап берген.

– Сары өзенде балық көп шығар, а?

– Жетерлік… байқайтын боларсыз, әне сазандар су астында қамысты қалай-қалай түйгіштейді, – деді Ақылбек.

– Ғажап, күнде қармақ саласыңдар ма? – деп мен оларға сынай қарадым. Ақылбек қармақ сабына сүйсіне қарады.

– Күнде деу жараспас, күнара.

Оның жауабын қызық көріп, мен сұрақты үсті-үстіне жаудырдым.

– Тәуліктің қай уақытында келесіңдер?

– Кешке ерте жатамыз да, таңертең ерте тұрып, велосипедімізге мінгесіп алып, өзенге тартып отырамыз, – деді.

Расымен де, балық ұстауға келсең ерте кел деген ғой. Түстен кейін балықтар қармақты жиі мазалайды. Құрақ арасынан сынып түскен қу қамыстар кейін серпіліп, алдын ала лайықталған-ды.

Қамыс арасының қармақ тасталған тұсы тарлау екен. Жаңартылып жем салынған қармақты ортаға дәл түсірмесең, жібі қамысқа оратылып, шырмалып қалуы мүмкін. Ол екеуі мұндай оқиғаны бастарынан талай өткізген. Нар қамыстың құс саңғағымен ағал-жағал болған сынық сабағына ілініп қалған қармақты босатып алайын деп әрекеттенген Ақылбектің суға батып кете жаздағанына бұлардың өздерінен басқа жан баласы да сезіп, білмепті.

Айналадан ағып келген шірік бөрененің үстінде екі аяғын суға малып отырған Мұрат бір заматта оймақтай ернін жымқырып, Ақылбекке қармағыңды тарт дегендей ым қақты. Бөрененің бір ұшына жайғасқан Ақылбек әдетінше шалқайып, қармағын кейін ытқытып жібермек болған, жалғыз өзінің әлі жетпей, әбігер болды. Мен тез көмекке ұмтылдым. Тайыншадай бұлқынып, сан шоршыған жұп-жұмыр сары сазан жағаға мұрнымен шаншыла топ ете түсіп, құйрығын бұлғаңдатты.

– Жарайсың, Ақылбек ауылға жеткен соң мақтанатын болдың, – деді Мұрат. Балықтар менің қармақ сабымды шертіп-шертіп сілікпесін шығара жаздады. Мен қармақ сабымды қысып ұстадым. Не болса да ілігер деп ойладым…

Қалтқы көзі бағып-ақ тұр, «алданып қалмаспын» ернімді жымқырып, дайын отырмын. Мұрат артымнан түртіп қалды:

– Асықпаңыз!

Су бетінде түсініксіз шеңбер пайда бола қалмасы бар ма? Ол әуелі ұсақтанып, бірте-бірте кеңейіп, ұлғая түсіп, ғайыпқа сіңгенде келесі бір шеңберлер тізбегі пайда бола қалады. Оларды қапелімде түсініп ажырату қиын. Бір заматта қалтқыны сілкіп-сілкіп сүйрей ала жөнелді. Міне, тағы сөйтті. Шыдамадым. Ауа қармап шалқалауға шақ қалған мені Мұрат шынтағымен тіреп, батпақты жағаға құлап қалудан сақтады.

– Рақмет, – дедім оған инабат білдіріп.

Құлағымның түбінен ап-айқын естіліп тұр.

– Асықпаңыз, – дедім әлгінде.

– Мұрат өзің қадағалап отырмасаң…

Қалтқы бір орнында қисая айналып жүрді де, кент батып кете жаздады. Толық дірілі әдемі шеңбер жасап, мені жаңылыстыра бастады.

– Сабыр, сабыр, – деді Мұрат.

Әлдеқашан батып кеткен қалтқым біразға дейін су астынан шықпады. Су жұтып жатыр ма деген ой келді. Мұрат мені сынай қалған қалпы қымс етпеді.

Мықтап қателескен екенмін: ешкім жақтырып аузына алмайтын көк кербез алабұға ұстағанша жемін жегізіп-ақ қойғаным жөн еді. Сезіп отырмын: Мұраттың үн-түнсіз маған бола қармаққа құрт әзірлей бастағаны сыйлағаны болар, әйтпесе…

Ақылбек қасыма келіп, күн ұзаққы отырыстан әбден жалыққандай, шалқая керіліп қойды:

– Ауылға оралайық, күн батып барады.

Әлгі шеңбер жасауды ғана білетін қалтқы енді кәнігі жас балықшы Мұраттың қолында ым-жымсыз қамыс арасына қарай жылжыды…

– Мінеки, ағай біліп қойыңыз, мысалға қамысты мазасыз шерткеніне қарамастан кейін шегіндіреміз, – Мұраттың екі көзі қалтқыда. Мен оған бір табан жақындаңқырап отырдым, – Неге десеңіз, ағай… Бұл мәнектің майшабақтың шерткені. Сонда сазан қалай шертеді демексіз-ау, түк те ерекшелігі жоқ, қарапайым… Әне! – Ақ қалтқы көбелектей шыр айналып, батып-шығып, батып-шығып жүр.

– Айта кетейін, біздің қармақты тартып алмағанымызды пайдаланып, балық көбінесе жемді алып қалады. Алсын, жегені ас болсын деп жемді жаңартыңыз. Осыдан кейін көз жазбай қадағалаңыз. Көрер көзге ұзақ уақыт өткендей болып елестейді. Сіз ағай, әлгінде аңдамай қалып, бұл сәтті басыңыздан өткізіп алдыңыз. Кейін түсіндіру үшін мен сізге мұны әдейі айтпадым. Міне, шеңберлер… Дірілдетті… Сүйреді… Көрдіңіз ғой, қалай ағай.

– Ғажап!

Менің қармағыма іліккен соңғы семіз сары сазанды Мұрат жағалаудан лақтырып жіберді де, Ақылбек ұстап тұрған қапшықтың аузына дәл түсірді. Бір-бірімізге разы бола күліп жүріп, ұясына еңкейе түскен күн көзімен жарыса, апыл-ғұпыл киіне бастадық.

Ауылға кіре берісте үсті-басымның шаң-тозаңын қағып, сілкіп мейірлене қол бұлғадым.    

Серікқали ХАСАН

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here