Әңгіме

Адай оянып кетті, таң атыпты. Жатарда қос бүйіріне аунап, көпке дейін кірпігі айқаспаған. Бүйірден түскен таң сәулесі терезенің шыт пердесінің гүлін бажырайта айқындап тұр. Апасының сонау Жеңістен соң, Шығыстан Батысқа пойызбен ағылған көп адамдардың бірінен қос таба нанға сатып алған кереуетінің жылтыр басы жарыққа шағылып, алақандай бөлменің оң мен солын аңғартқандай. Ойратқа «қонақ» деп төсекті сол кереуетке салып берген. Ол шіркін жастыққа басы тие атасы Шаймұрат айтпақшы, «қырық күн жортқан хас батырша» қорылдай жөнеледі.

Жиен бала менімен дауласқысы келеді-ау. Желдісай мен Құмбелдің арасы жер мен көктей емес пе? Тіпті базарымызда алманың түр-түрі бар деп мақтанады. Бірақ ол Мәселейді білмейді, білмейді ғой. Ол алма сатқан саудагер емес. Кәдімгі қарапайым, қазақ болып кеткен орыс шалы. Бүкіл жиырма үй жиылып еккен көгілдір бақтың ішінен майданнан оралмағандарға ескерткіш орнатты. Қандай тамаша күн еді сол күн…

Адай екінші жамбасына ауысты. «Жиенге Мәселей бақты көрсету керек»

– Ойрат тұр, – деді – баққа барамыз.

Екеуі әп-сәтте бақтың жиегіне ілінді. Жалбыз исі бұрқырап тұр екен. Тау сағасынан нұрын таратқан күн де көрінген. Кенет бақ іші ұлан-асыр шуға толды да кетті.

– Мәселей бағының құстары біздің келгенімізді біліп қойды, – деді Адай Ойратқа.

– Қандай ғажап, Мәселейдің қарауылы не деген көп. Бірақ құстардың туған жері Желдісайы осы бақ емес пе? Сондықтан да оны қорғауға міндетті. Ойрат төменірек салбырап тұрған қызыл алманы ала бергені сол еді. Дәл жандарынан сабан қалпақты Мәселей бағбан шыға келді. Екеуі құйын боп ұшып, бақтың қалың ортасына сүңгіп кетті. «Туу, жан деген не деген тәтті еді» деп күбірледі Адай келген жағына бұтақ арасынан сығалап. Анандай жерде қолына қос ауыз мылтық ұстаған Мәселей шал тұр. Әлдене деп дауыстайды.

– Итін шақырып жатыр, – деді Ойрат. Сөйткенше, Мәселей қарттың дауысы қайта естілді.

– Ей, балалар, мен сендерге қорқау қасқырмын ба? Бері келіңдер!

Ойраттың үлкен көздері тас төбесіне шығып, иығы селкілдейді. Адай мырс етті.

– Айналайын, күндерім-ау! Сендердің Мәселейде бақ барын біліп келгендеріңнің өзі мен үшін бақыт емес пе? Қане, көріне қойыңдаршы, – деді бағбан қарт тағы.

– Е, мылтықтан қорыққан екенсіңдер ғой. Түу кәрілік-ай, – деді де Мәселей мылтықты алысқа лақтырып тастады.

– Алдап тұр, – деді Ойрат сыбыр етіп. – Өзі қазақша сөйлейді қиын-ай.

– Мүмкін емес, – деді Адай.

– Жонымыздан таспа тіледі, – деді Ойрат.

– Түк түсінбейтін тоңқылдақ неме, ал мені-ақ жайратып салсын, – деді Адай бұрқ етіп. Қандай күш жетелегенін өзі де сезер емес. Ағаштың тасасынан шықты да қартқа қарсы жүрді.

– Балам-ау, несіне қорқасыңдар? Сендер Мәселей өсірген алмадан жейін деп келдіңдер ғой. Солай емес пе? Сексеннен асқан Мәселей сендерді сабап не тындырар дейсің. Есенсің бе, балам, – деп қарт тамыры білеуленген тарамыс қолдарын ұсына берді. Бақ иесінің алжа-алжа бетіне иелік еткен үлкен қоңқақ мұрнының оңы мен солынан жалт-жұлт еткен көздері нұр шашады. Ешкімге зияны жоқ, зымияндық ойламаған мейірбан көздер.

– Әлгі жолдасыңды шақыр, сендерге бермегенде қара күшікке беремін бе? Әлде көрге алып кетемін бе? Туу, сонша қорқақ па едіңдер? – деді қарт қарқылдақ дауыспен. Желдісайдың бар баласы менікі, осыны біліңдер, өңшең қарашорпақтар, – деді қарт.

Мәселей үйінді ішінен таңдай жүріп, Адайға алма ұсынды. Сол сәт ағаштың тасасынан Ойрат көрінген.

– Міне, жігіт. Мен сендерге алмұрт берейін, – деп Мәселей қуанған күйі алға қарай бүкшеңдей жөнелді.

– Алма тәтті ме? – деді Адай Ойратқа мырс етіп. Қалай екені білгісіз Ойратты өзінен-өзі жек көріп кетті.

– Әліптің артын бағайық, – деді Ойрат осы сәт.

– Ту, әлі де сенбейсің бе? Шынында да, бұл дүниеде сенен сақ адам жоқ шығар? Бағбан шал әр түп ағаштың түбіне тоқтайды да күңкілдей жөнеледі.

– Асаңдар, қалталарыңа салыңдар, дорбаларыңды толтырып алыңдар. Ау, жандарым-ау, мен кім үшін еңбек етіп, маңдай терімді төгіп жүрмін? – деді ол. Бір сәт Мәселей аяғы шаршады ма кім білсін, көк шалғынға жантая кетті де:

– Бақ іші қалай екен? – деді көзін жыпылықтатып.

– Тамаша, – деді Адай сүйсінгенін жасырмай. Мәселей мәз-мейрам.

– Ей, жандарым-ау, анау қайыңдарды қарашы? Қандай момақан. Мына алма ағаштарың моншағын іліп алыпты. Мына теректердің көздерінің жәудіреуін-ай.

– Мыны шал алжи бастапты, – деді Ойрат сыбырлай.

– Не дейсің? – деді Адай ашуланып. «Мейлі өкпелей берсін өзі кінәлі» деді Адай. Мәселейдің сиқырлы әлеміне еніп кеткенін өзі де байқамайтын сияқты. Ойрат тағы да бірдеңе демекке ыңғайланып түртіп еді, Адай тас-талқан болды.

– Ту, сенде жоқтан өзгені шығарып, – деді күңк етіп.

– Ей, сен бала Мәселейді ақымақ деп отырсың ба? – деді қарт қабағын түйіп. – Мәселей алжыған жоқ.

– Е, жоқ, – деді Ойрат күмілжіп.

– Мәселей ондай адам емес, нағыз тесік өкпе. Менің бабаларымды әділет іздеген қауіпті адамдар деп ақ патша Желдісайға жер аударып жіберген, немене сонда зорлықшылардың айтқанына көңіл аударудың қажеті жоқ па? Әкемнің аты Харитон, одан мына қу жалғыз Мәселей туған. Шын атым Василий еді, Мәселей атандым. Кемпірімнің аты Настя еді, Нестай келін деген ат алды. Ей, балалар-ай, біздің бастан не өтіп, не кетпеді. Ақ бандыларды қуып, Желдісай коммунасын құрдық. 31-дегі аштықта бүкіл алпыс үйлі Желдісайды мына Мәселей мұз астынан балық аулап асыраған. Бір жапырақ нанды қақ бөліп жедік. Менің де Тоня, Ваня деген сендер сияқты ұлдарым бар еді. Иә, тура сендердей. Әлгінде солар келгендей қуанып қалдым. Мәселей сәл үнсіз отырып қалды да әңгімесін қайта жалғастырды.  Шашы жалбырап, көздеріне түскен сап-сары көк көз мұрындары маған, қастары Нестайға тартқан ойынпаз еді. Атаңа нәлет, соғыс жұтты. Майданнан оралмады. Өлі-тірісін білмеймін. «Әке, біз бүкіл ротада екі-ақ қазақ бармыз» деп хат жазушы еді Ваня.

Адайдың жаны үзіліп кетті. «Қу соғыс Мәселейге де тырнағын батырып кетіпті-ау» деп күбірледі.

– Адай-ау, алма жеткілікті. Үйге қайтайық, – деді Ойрат осы сәт тағы. Адай тырс үндемеді. Ашудан жарылып кетуге жақын. Ойпыр-ай, бұл дүниеде Ойрат сияқты балалар да бар екен-ау? Ерімейтін мұз ба, әлде… ой алмаңмен құры. Мәселейдің жанына үңілсеңші. Адай жаназасын жиеніне шатынаған көздерімен білдірді.

– Хабарсыз кетті,  – деді Мәселей сәлден соң жерге тұқырайған басын көтеріп, – баласыз қалдым, – деді кәрі көздері жасқа шыланып, иегі кемсеңдеді. Ұрпақсыз атандым. Харитоновтың әулеті өшті. Өлгеннің артынан қоса өлмек жоқ. Өмір деген бір ғажап ұғым. Жыладың, сықтадың, ақыры жасымызды тидық та тіршілікке кеттік. Майданнан келіп қалар деп ұлдарымызды күтіп, Құмбел жаққа көзімізді тігумен талай күндерді, жылжыған жылдарды өткіздік. Осы бақтың алғашқы шыбығын Жеңіс жылы жерге қададым. Ұлдар көрсін, мәз болсын дедік. Желдісайдың өзені де мен сияқты сарқылып қалды ғой. Сумен ағаштарды суардым. Ех, балалар-ау, өмір деген ой мен төбесі көп, бұралаң-бұралаң жол. Ваня мен Толя келмесе де менің балаларым сансыз көп. Мына өздерің көріп отырған әр ағаш біздің баламыз. Қарашы, қаншама бала, санасаң сан жетпейді. Менен бай адам бұл дүниеде жоқ. Солардың жемісін жеп жатырмын.

– Адай, ей, мен шын айтамын, Мәселейдің есі ауысқан, бірді айтып, бірге кетеді, – деді Ойрат тағы да сыбырлап.

– Жап аузыңды, ақымақ, – деді Адай шынтағымен нұқып.

– Балалар дауласпаңдар, – деді осы сәт Мәселей. – Әңгімемді аяқтайын. Әке мен шеше баланың туғанына бір қуанса, жүргеніне жүрегі жарылып кете жаздайды. Қайыңдарым – өңшең сұлу менің қыздарым, қарағайларым –   сабырлы, суыққа шыдамды менің ұлдарым. Ал жеміс ағаштарым үлкен үйдің келіндеріндей нәзік. Ыстыққа шөлдегіш, суыққа тоңғыш. Теректер ерке кенжелерім сияқты.

Адай да ойдан арылар емес. Шындығында, әр нәрсенің, тіршіліктің атасы мен анасы шыққан тегі болуы шарт. Түс көріп отырған сияқты, кеудесін көтеріп  Мәселейге қарады. Құлағы шыңылдап сала берді. Қарсы алдындағы Мәселей шал бұлдырап көрінді. Қайтар жолда екеуі бір-біріне үндемеді. «Ойратты босқа ертіп бардым» деп өкінді Адай. «Бұл нағыз өзімшіл екен»

– Мәселейдің бағына бағбан болсам, мен сені шетіне жолатпас едім, – деді Адай бір сәт. Ойрат үндемеді. Қатесін мойындаған сияқты.  Шәкен КҮМІСБАЙ, жазушы.  

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here