Әкемтеатрға жаңа басшы келді

0
996

Алматыдағы Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрына жаңа басшы келді.

Осынау қызметке танымал өнертанушы, театрды 2013-2016 жылдары басқарған Еркін Жуасбек тағайындалды. Жаңа басшыны театр ұжымына Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов таныстырды.

«Жұмысыңызға табыс тілейміз. Қаншама жылдар бойына осы жердің отымен кіріп, күлімен шығып келесіз. Театрдың өркендеуіне көп еңбек сіңірдіңіз.

Тұтастай алғанда, еліміздегі театр өнерінің жаңа белеске көтерілуіне көп үлес қостыңыз.

Министр Ақтоты Райымқұлова мұны бағалап отыр. Сондықтан да өзіңізге осынау маңызды да жауапты жұмысты жүктеп, сенім артты. Театрдың жұмысын дөңгелетіп, өркендеуіне үлкен үлес қосады деп сенеміз.

Бұл қызметтің жүгі ауыр. Қазақтілді көрерменнің талғам-талабы жоғары. Ұжыммен тіл табысып, жеміс еңбек етіңіз», – дейді вице-министр.

Айта кетелік, бұдан бұрын әкемтеатрда дау шыққан. Театр актерлері ұжым басшысы Сәбит Әбдіхалықов өз қызметін дұрыс орындамады деп шағымданған.

«Соның салдарынан биылғы жылы театрымызда күрделі жөндеу жұмысы жүргізілмеді. Директорды апталап, айлап көрмейміз. Жалпы, бұл қызметке тұлғасы биік азамат керек. Өнегелі басшы театрды өрге сүйрейді.

Дәл қазір әкемтеатрда 300-ге тарта қызметкер бар, солардың 80-нен астамы сахнада өнер көрсетеді. Актерлердің көпшілігі Әбдіхалықовқа қарсы», – деген болатын әкемтеатр ұжымы.

Өз кезегінде министр Ақтоты Райымқұлова биыл айлығы өскен актерлерге дау қуа бермей, сахнада ойнау керектігін еске салған.

«Дау қуа берсеңіздер, сахнадағы рөлдеріңіз ақсайды. Соны еске салайын. Жөндеу жұмыстарын биыл жүргізбек болғанбыз. Бірақ театр басшылығы бұған қажетті есеп-қисапты уақытында әзірлемеді. Биыл болмаса, келесі жылы жөнделеді.

Оның үстіне, Есеп комитеті тексеріп, бірқатар олқылықтар тауыпты. Театрды жөндеуге қатысты жобалық-сметалық құжатты бір жыл бойы сұраттық.

Әлбетте сіздердің айтқан арыз-шағымдарыңыз ескеріледі. Мұндай үлкен ұжымның ауыр халге түскені дұрыс емес», – деген еді Райымқұлова.

«Қала мен Дала» дерегі:

Ал театр тізгінін қолына алған Еркін Жуасбек кім?

Әуезов театрының жаңа басшысы Еркін Жуасбек Жамбыл облысы, Байзақ ауданында 1965 жылы өмірге келді.

Алматыдағы Театр-көркемсурет институтының түлегі. «Драма және кино актері» мамандығын тәмәмдаған.

Ал еңбек жолын Алматыдағы Әуезов атындағы өнер институтында бас лаборант қызметінде бастады, осы күнге дейін өнер саласында тер төгіп келеді.

1997-99 жылдары Мәдениет комитетінің «Театр және кино» бөліміне жетекшілік етті.

1999-01 жылдары Неміс драма театрын басқарды.

2004-08 жылдары Қазақстандағы Театр қайраткерлері қауымдастығының төрағасы қызметін атқарды.

2008-13 жылдары Нұр-Сұлтандағы Қуанышбаев атындағы драма театрына директоры болды.

2013-16 жылдары Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрын басқарды.

Еркін Жуасбектің «Антивирус», «Күлеміз бе, жылаймыз ба?» деген пьесалары еліміздің театрларында үзбей сахналанып келеді.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here