«Үн… Түн…»

0
2759

Редакциядан: «Қала мен Дала» жазушы, драматург, әдебиеттанушы Әлібек Байболдың шығармалар циклін жариялауды жалғастырады.

Әлібек Байболдың ешкімге ұқсамайтын стилі бар. Ол бүгінгі қазақ қоғамына жаңаша көзқараспен қарайды, оның бойында атақ-мансап қуу, шенді-шекпендіге жағынып, орден-медаль дәмету секілді ескінің сарқыншағы атымен жоқ.  Оның «Тұрмыс парадокстары» деп аталатын әңгімелер циклі де бүгінгі күнмен тыныстайды, біз көрген һәм біз сезінген уақытты суреттейді.

«Қала мен Дала» жас қаламгердің осы циклдің ішіндегі әлі еш жерде жарияланбаған тағы бір тың дүниесін оқырман назарына ұсынуды жөн көрді.

Философия сабағы

          – Жоқты Жоққа қосса не шығады, балалар?

          – Жоқ шығады, апай!

          – Ал Жоқтан Жоқты алсақ ше?

          – Жоқ болады, апай!

          – Барды Барға қоссақ, не шығады, балалар?

          – Бар шығады, апай!

          – Бардан Барды алсақ ше?

          – Бар қалады, апай!

          – Бір сұрақ қояйыншы! Барға Жоқты қосып, одан кейін Бардан Жоқты алсақ қалай болар екен, апай?

          – …

Балта

          Мен өз қолымды шабамын, балтамен. Оң қолым өссе сол қолмен, сол қолым өссе оң қолмен шабам. Бір ғажабы, қос қолым қайта-қайта өсіп шығады, қайта шабам, аямай… шаба берем, шаба берем, шаба берем… өзімді-өзім балталаған ұнайды.

Ақиқат

          – Ақиқат дегеніміз не? – деді бір жігіт сағыз шайнап тұрып. 

          – Ақиқат дегеніміз бе? Қазір, қазір… күте тұршы. Ақиқат дегеніміз… ақиқат дегеніміз… Мә, оқы! – деп манағының қолына Құранды ұстатты.

Үнсіздік

          Тыныш. Іштен сөйле. Ішке бүк.

Күңгірт

          Бойдағы серотонин мен дофамин мөлшері азайып барады.

Жүрекпен диалог

          – О, ұлы Жүрек! Қалың қалай? Соғып тұрсың, ақырын!

          – Тш-ш-ш-ш-ш! – деді Жүрек сұқ саусағын ерніне сүйкеп.

          – Тоқтама, Жүрек, тоқтама!

– Тш-ш-ш-ш-ш! – деді Жүрек сұқ саусағын ерніне сүйкеп.

– Мен сені құрметтеймін, о, Жүрек!

– Тш-ш-ш-ш-ш! – деді Жүрек сұқ саусағын ерніне сүйкеп.

– Мен Саған сенемін, о, Жүрек!     

– Тш-ш-ш-ш-ш! – деді Жүрек сұқ саусағын ерніне сүйкеп.

– Әр нәрсеге алаңдама, о, Жүрек!

– Тш-ш-ш-ш-ш! – деді Жүрек сұқ саусағын ерніне сүйкеп.

– Өзіңді-өзің тыңда, о, Жүрек!

– Тш-ш-ш-ш-ш! – деді Жүрек сұқ саусағын ерніне сүйкеп. – Мен… тасқа айналдым, қап-қара. Мен – таспын!

– Тас та жібиді ғой.

– Тш-ш-ш-ш-ш! – деді Жүрек сұқ саусағын ерніне сүйкеп.

Көктем…

Екі есік алдында тұрмын, ОЯНСАМ.

Күлкі

          Әлемде нешелеген күлкі болады. Ең жағымсызы – өзімдікі.

Кітап

          Кітапты сілкілеп еді, ішіндегі әріптер шашылып түсті. Біразын таппай қалдық…

Қағида

          Бәрі оған Өмірді былай сүр, бүйт, сөйт, олай істеме, былай істе деп ақыл айтты, жан-жақтан. Тыңдап отырды, үнсіз. Сонда ғана, нағыз ұстаз – Үнсіздік екенін ұқты, ол.  

Киіз үйдегі Кекештің монологы

          Ме-ме-ме-мен сө-сө-сөй-леп тұ-тұ-тұрмы-мы-мын ба?

          – Тоқта! – деді Абыз. – Басынан баста.

Отырдым, күтіп. Күттім, отырып. Мен ешкімді іздеген жоқпын. Іздемеді, мені. Ешкім. Де. Сұрадым. Құдайдан. Тіледім. Құдайдан. Сұрадым. Мен. Тіледім. Құдайдан. Мен. Тіледім. Құдайдан. Сұрадым. Құдайдан. Мен. Алладан. Тәңірден. Құдайдан. Құдайдан. Алладан. Адамның күнәсін. Кеш. Деп. Сұрадым. Мен. «Кешемін». Деген. Дауыс. Естілді. Бір жерден. Қайдан. Екенін білмедім. Алыстан. Немесе. Жақыннан. Айыра алмадым. Рас айтам. Мағдиды көрдім. Түсімде. Түсінбей қалдым. Әуелде. «Ай, кімсің?». Дегенімде. «Мен ғой». Деген дауыс. Естілді. Естілді. Дауыс алыстан. Ғой деймін. Сүйкімді едік. Бала. Кезде. Біз. Сүйкімсізбіз. Қазір. Біз. Ақылымыз. Сезіміміз. Сүйкімді. Бізден, гөрі.

Дөкей

– Мені танисың ба-ей? – деді Дөкей.

– Жоқ!

          – Неге танымайсың? Мен атақтымын ғой. Қазір мен ішке кіргенімде, маған кім, қалай қарағанын байқап тұр.

Құрмет

          Ол өзін сұмдық жақсы көреді. Нарцисс сияқты ма? Кім, ол? Көршім ғой.

Шеңбер

          Келдік-кеттік-жеттік. Жеттік-кеттік-келдік. 

Басеке

Ұятсыз боп ұйықтап, басеке боп оянды.

X

Байқаусыздан көп адамды жұтып қойдым. Бастарын мүжідім. Кінәсіз адамдарды жұттым. Аждаһамын. Жо-жоқ, аңмын. Жоқ, құбыжықпын. Мен өзімнің кім екенімді білмеймін. Мен түннен, Күннен қорқамын. Қорқақпын. Адамдар менен қорқады. Мен адамдардан қорқамын. Мен өзімнен-өзім қорқамын.

Қоштасу

– Кешірші, жаным! – деді жігіт.

– Кешірдім! – деді Көз.

– Кешірдім! – деді Мұрын.

– Кешірдім! – деді Ауыз.

– Кешірдім! – деді Құлақ.

– Кешірдім! – деді Қол.

– Қимаймын! – деді Жүрек.  

Ауыз

          Шындықты айтайын десем, сол қолым аузымды көлегейлей береді.

Өмір ғой

          Үй телефонына қоңырау шалып:

          – Сәлеметсіз бе? Сәкен бар ма екен?

          – Қайтыс боп кетті.

Жазушы-драматург, әдебиеттанушы Әлібек Байболдың «Үн… Түн…» атты микро-әңгімелер циклынан үзінді

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here