Бүгінде тұрмыстық зорлық-зомбылық көпшіліктің мазасын қашырып тұрғаны жасырын емес. Сол себепті Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Қазақстан халқына арнаған алғашқы Жолдауында тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алудың маңыздылығына тоқталып, қоғамдық өміріміздің моральдық келбетін жақсарту бағытында тиісті орындарға бірқатар тапсырмалар бергені белгілі. Қазіргі таңда елімізде бұл бағытта қызу жұмыстар жүріп жатыр.

Жұмыссыз еркек отбасына зәбір көрсетеді

Әдетте тұрмыстық зорлық-зомбылыққа орталықтан шет жатқан ауылдардағы әйелдер мен балалар ұшырап жататыны жасырын емес. Екі қолына бір жұмыс таба алмаған әкелер ішімдікке салынып, соңында ақылынан алжасып, әйел, бала-шағасына тізе батыратыны белгілі.

Осындай сәттерде елімізде бой көрсетіп жүрген тұрмыстық зорлық-зоблықтың астарында әлеуметтік мәселе жатқанын да байқайсың.

Иә, жұрттың бәрі бірде ақылды, білікті маман емес. Алдағы уақытта жұмыс орындарын ашып, жұмыссыз жүрген кер жалқауларды жұмысқа жексек еліміздегі зорлық-зомбылық біршама болса да кемитіні анық.

Мұның бәрі айтар ауызға жеңіл дүние. Ал оны іске асыру үлкен ерік-жігірді қажетсінетінін түсінеміз.

Дағдарыстық орталықтардың жұмысын жетілдіру керек

Жұмыссыз жүргендердің бәрі отбасына, әйел, бала-шағасына күн көрсетпей жүр деп айту да қиын екенін түсінеміз.

Мәдениетті адам еш уақытта әлсіз адамға әлімжеттік көрсетпейтіні анық. Еліміздегі тұрмыстық зорлық-зомбылықтарды болдырмауда қоғамдық ұйымдардың атқарып жатқан жұмысының маңызы зор.

Сол себепті әр ауылда болмаса да, аудан орталықтары отбасындағы дағдарыстық жағдайлардың алдын алып, осы бір қауіпті құбылысқа мониторинг жасайтын орталықтарды жұмысын жандандыру керек.

Полиция жағдайды шешпейді

Қазіргі таңда отбасында қорлық көрген көптеген әйел-аналар құқық қорғау органдарына шағымданбай, іштен тынатыны жасырын емес.

Егер олар жергілікті жердегі құқық қорғау органдарына шағымданса, тәртіп сақшылары отбасының шырқын бұзған адамды темір торға тоғытатыны белгілі.

Ауылдағы халық кикілжіңді бұлай шешкенді қаламайды. Бұл ретте «отбасы болған соң, ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды» деп жылы жауып қоя салуға да боламайды.

Егер мұндай өрескел қылықтарға көзжұма қарайтын болсақ, бұл әдетке айналып, соңында үлкен кеселге ұласады.

Сондықтан отбасының берекесін қашырғандарды тәртіпке шақырып, олардың бұл ісі дұрыс емес екенін айтып, жөнге келтіру ісін ауылды жердегі Ақсақалдар ұйымына жүктеген жөн.

Қауіпті деңгей

Соңғы мәліметтерге көз жүгіртетін болсақ, әйелдерге қарсы жасалған зорлық-зомбылық жалпы қылмыстардың ішінде 38 пайызды құраған екен.

Осы бір мәліметтен тұрмыстық зорлық-зомбылық қаншалықты қауіпті деңгейге жеткенін бағамдауға болады.

Тиісті орындар да мұндай келеңсіз жайттар алыс ауылдарда асқынып тұрғанын растап отыр.

Қоғамдық ұйымдардың мәліметіне назар аударсақ, ауылды жердегі әрбір екінші әйел түрлі деңгейдегі тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болып отырғанын байқаймыз.

Олардың тең жартысы көрген қорлықтары жайында құқық қорғау органдарына хабарламайды. Өйткені жұбайларынан асып, ештеңе істей алмайтыны белгілі.

Мұндай жағдайда құқық қорғау органдары да отбасында зорлық көрген әйел азаматшаларға ешқандай көмек көрсете алмайтыны анық.

Ауылды жерде жұбайының үстінен шағымдануға көптеген әйелдердің (бұл жерде қорқынышпен шатастырмаған ләзім) ұяты жібермейді.

Мұндай моральдық ахуалды полицияның көмегімен реттеу мүмкін емес. Бұл ретте ауылды жерде қалыптасқан қоғамдық институт Ақсақалдар ұйымының көмегімен шешкен абзал.

Бар үміт ақсақалдарда

Елдегі тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес кезінде қазақ қоғамның өзіндік ерекшелігіне баса мән берген жөн. Ауылды жерде әйелдерге қарсы жасалынатын тұрмыстық зорлық-зомбылықты батыстық үлгіде жұмыс істейтін қоғамдық ұйымдардың жұмыс істеу тәсілімен шешіп тастау мүмкін емес.

Қазіргі таңда елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдердің мүддесін қорғайтын 28 дағдарыстық орталық жұмыс істейді екен.

Олардың бәрі ірі қалаларда. Ал тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырап жатқан әйелдердің дені ауылдық жерлерде.

Қоғамдық ұйымдардың көпшілігі ауыл жаққа бара бермейтіні жасырын емес. Оның үстіне, әйел азаматшалардың құқын қорғайтын ұйымдарда орыстілді мамандар жұмыс істейді.

Олар ауылға барған күннің өзінде тілдік тосқауылға тап болып, ойға алған жұмыстарын дәл атқара алмайтыны анық.

Осы тұрғыдан алғанда ауылды жердегі Ақсақалдар ұйымын тұрмыстық зорлық-зомбылықты тоқтату ісіне барынша пайдаланудың маңызы зор деп санаймыз.

Бұл жұмысты аудандық әкімдіктердегі Ішкі саясат бөлімдеріне тапсырып, мемлекет Ақсақалдар ұйымына аз да болса қаржылай қолдау көрсетсе, бұл мәселенің түйінін тарқатуға болады.

Күні кеше ғана Қордайда орын алған тұрмыстық жанжал кезінде Үкіметтік комиссияның өзі жергілікті жердегі ақсақалдармен бірлесіп жұмыс істеп, істің тігісін жатқызғанына куә болдық. 

Ақсақалдар үлкен жанжалды реттегенде отбасында кездесетін зорлық-зомбылықты тоқтата алмайды дегенге ешкім сенбесі анық. Бүгінде ауыл жастары үлкендердің сөзін екі етпейтіні белгілі.

Сондықтан елімізде қауіпті деңгейге жеткен тұрмыстық жанжалдарды ауыл ақсақалдарын араластырып шешудің маңызы зор деп есептейміз. Бұл іске ауыл ақсақалдары араласатын болса, аз ғана уақыттың ішінде ауылды жерде кездесетін әйелдерге қарсы жасалынатын тұрмыстық зорлық-зомбылықты тоқтатуға әбден болады.

Нұрлан ӘУБӘКІР

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here