Ассамблея – қайырымдылық шараларының ұйытқысы

0
2545

Таяуда елордамыз Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйытқы болуымен қайырымдылық форумы өтіп, «Мейірімділік керуені» шарасы бастау алды. Қазіргі қазақ қоғамында қайырымдылық іс-шараларының алатын орыны ерекше. Еліміз бойынша көптеген қайырымдылық қорлары жұмыс істейтіні белгілі. Олардың алға қойған мақсаты мен бағыт-бағдары сан-алуан болғанымен, олардың басты мақсаты қоғамды дамыту болып табылады. Осындай игілікті істен Қазақстан халқы Ассамблеясы да ешқашан шет қалып көрген емес.

«Мейірімділік керуені» жалғасын тапты

Қазақстан халқы Ассамблеясы қазіргі таңда Қазақстандағы саяси-әлеуметтік тұрғыдан маңызды мемлекеттік институт болып қалыптасқан ұйым. Ассамблея Қазақстанда ғұмыр кешіп келе жатқан жүздеген ұлт өкілдерін ортақ мақсатқа ұйыстырып, қоғамдық өмірімізде ауызбірлікті нығайтып келе жатқан негізгі мемлекеттік институт десек, артық айтқандық болмас еді.

Бұл ретте Ассамблея өзіне жүктелген міндетті жоғары деңгейде атқарып, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың үмітін ақтап келеді.

Ендігі жерде Ассамблея мүшелерінің қайырымдылық іс-шараларына араласып,  еліміздің әлеуметтік жағдайын реттеуге атсалысуы құптарлық іс десек болады.

Ашығын айтатын болсақ, Ассамблея белсенділері қайырымдылық іс-шараларына белсене араласып, бұл бағыттағы жұмыстарға бастамашы болып келеді. Біздің бұл сөзімізге күні кеше ғана елорда төрінде орын алған қайырымдылық форумы айқын мысал бола алады.

Дәстүрлі түрде ұйымдастырылып тұратын форумда «Қымбатты Тұңғыш Президент» халықтық акциясы» қолға алынды. Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдық мерейтойы аясында ұйымдастырылып отырған акция барысында Ұлт көшбасшысы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Тәуелсіз Қазақстанды құрудағы жасампаз еңбегін кеңінен насихаттап, жас ұрпаққа үлгі-өнеге ретінде көрсету көзделініп отыр.

2020 жылы іске аса бастайтын экспедиция кезінде шараны ұйымдастырушылар кең-байтақ Қазақстанның түкпір-түкпірін аралап, барша қарапайым халықпен кездесіп, Елбасының ерен еңбегі жайында сырт шертетін болады.

Сонымен қатар акция барысында Нұрсұлтан Назарбаев ел президенті болып тұрғанда Қазақстанмен тығыз қарым-қатынас орнатқан елдерге де экспедиция ұйымдастырылады деп күтілуде.

Ассамблея белсенділерінің айтуынша, ел іші мен өзге елдерге ұйымдастырылатын экспедицияның символы байрақ пен жолсапар күнделігі болатынын алға тартты. 

Қайырымдылық шарасына ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев, Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаев пен ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары да қатысып, қолға алған шараға қолдау білдірді. 

Қазақстан халқы Ассамблеясы қолға алған бұл акциясы табысты іске асып, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ел мүддесі жолындағы ерен еңбегін насихаттауда аталған шара көздеген мақсатына қол жеткізетініне сенеміз.

Өйткені Ассамблеяда мұндай маңызды шараларды іске асыруда мол тәжірибе қалыптасқаны белгілі.

449 мың адам көмекке қол жеткізді

Қазақстан халқы Ассамблея «Мейірімділік керуені» акциясын 2018 жылы да сәтті жүзеге асырып, көпшілік қауымның ыстық ықыласына бөленген болатын.

Өткен жылы қоғамдық ұйым «Мейірімділік керуені» шарасы аясында еліміз бойынша 17 173 іс-шара ұйымдастырып, 449 мың адам әртүрлі көмекке қол жеткізген болатын. Ауқымды шараны жүзеге асыру барысында 2 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалғанын да айта кетуіміз керек.

Осы бір деректен-ақ Ассамблея ұйымдастырған қайырымдылық шарасының қаншалықты ауқымды екенін бағамдауға болады.

Бүгінде Ассамблея еліміздегі қайырымдылық шарасына қатысуға ынталы азаматтардың басын біріктіріп отырған маңызды ұйым.  

2018 жылы Ассамблея белсенділері әрбір қайырымдылық шарасын мәнді де  сәнді өткізудың бар амалдарын қарастырған десек артық айтқандық болмас еді. Айталық, 2018 жылы әр айға ат беріп, сол аттың аясында іс-шаралар ұйымдастырып отырды.

Қайырымдылық шарасын ұйымдастырушылардың бірі Леонид Прокопенко қаңтар айына – «Сарқыт», наурыз айына – «Сыбаға», сәуірге «Асар» деп қазақша реңк бергенін айтып берген еді.

Осылайша, өзге ұлт өкілдері қайырымдылық шарасы қазақ халқының ұғым-түсінігінде маңызды орынға ие екенін атап тұрып көрсетті.

Қазақстан халқы Ассамблеясының маңызды іс-шарасына белсене қатысқан жомарт кәсіпкерлерге құрмет көрсетуді де айта кеткен артық болмас.

Айталық, 2018 жылғы Ассамблея ұйымдастырған қайырымдылық шарасына белсене қатысқан кәсіпкерлерге қайырымдылық шарасын ұйымдастырушылар «Жомарт жан» төсбелгісімен 78 меценатты марапаттаған болатын.

Қазақтың салт-дәстүрін жаңғыртуды мақсат тұтқан Ассамблея мүшелері Нұр-Сұлтан қаласындағы балалар үйінде «Бесік той» мен «Тұсау кесу» мерекелерін ұйымдастырып, балалар үйінде тәрбиеленіп жатқан жас жеткіншектерге қазақ халқының салт-дәстүрінің мәні мен мазмұнын түсіндіруге өз үлестерін қосты.

Бұдан басқа, Қазақстан халқы Ассамблеясы жанынан құрылған «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының өкілдері еліміз бойынша әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға азық-түлік салынған пакеттерді таратып, қайырымдылық іс-шарасына үн қосқанын айта кеткен абзал.

Қарапайым халыққа сый жасауды дәстүрге айналдырған жастар биылдың өзінде «Сарқыт» қайырымдылық шарасы аясында көмекке мұқтаж 50 отбасына сыйқапшықтарын таратып үлгерді. Алдағы уақытта жастар бұл іске жомарт жандарды тартып, бұл бағыттағы жұмыстарын жалғай түсуді көздеп отыр.

Өрімдей қыздың өмірін сақтап қалды

Еліміз бойынша қайырымдылық іс-шараларын жүзеге асыруда Қазақстан халқы Ассамблеясы оқ бойы озық келе жатқаны баршаға мәлім. Қазіргі таңда Ассамблея жанынан құрылған Аналар кеңесі де қайырымдылық іс-шараларына белсене араласып, ел дамуына өз үлесін қосып келеді.

2018 жылы еліміздегі көпбалалы аналарға мемлекеттен бастап, көптеген қайырымдылық ұйымдары көмек қолын созып, олардың тұрмыс жағдайының жақсаруына күш салуда. Осы бір тұтас Қазақстанды қамтыған шарадан Аналар кеңесі де шет қалған жоқ.

Биылдың өзінде Аналар кеңесі көмекке мұқтаж 350 адамға қолдау көрсетіп, 14 млн теңгеден астам қаржы жұмсаған. Тарқатып айтатын болсақ, Қазақстан халқы Ассамблеясы жанынан құрылған Аналар кеңесі «Мектепке жол» акциясы мен Арысқа көмек көрсету ісіне барынша атсалысқанын айрықша атап айтуға болады.

Аналар кеңесі бұдан басқа тағдыр тәлкегіне тап болған жандарға да қол ұшін беріп, олардың өмір сынақтарына төтеп беру үшін барынша қолдау көрсетіп келеді.

Осы ретте біздерге Қазақстан халқы Ассамблеясының Нұр-Сұлтан қаласындағы филиалының сектор меңгерушісі Ләззат Құсайынова Аналар кеңесі жекелеген адамдардың өміріне араша түсіп, қалайша қорған болғаны жайында әңгімелеп берген болатын.

– Біздер қайырымдылық іс-әрекеті жайында сөз қозғағанда қандай да бір ұйымның көмекке мұқтаж жандарға қаншалықты материалдық көмек көрсеткені жайында әңгімелеп жатамыз. Иә, көмекке зәру жандарға материалдық тұрғыдан көмек көрсетудің ауадай қажет екенін түсінеміз. Бірақ біздің қоғамда жылы сөзге, қолдауға мұқтаж жандардың да бар екенін естен шығармауымыз керек.

Айталық, осыдан біршама уақыт бұрын Аналар кеңесінің мүшесі ауруханаға түскен бір жас қыздың басындағы жайды баяндағанда, аналар бұл іске бей-жай қарай алмады.

Әлгі қыз науқастанып, емханаға түседі. Дәрігерлер оның дертін зерттеп, егер қан құйса, оның ауруынан айығып кететінін алға тартқан.

Өкінішке орай, қыздың ата-анасы жат ағымның жетегінде жүрген адамдар болғаннан кейін, қыздарына қан құйғызудан үзілді-кесілді бас тартады.

Бұдан кейін Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің бесенділері мен мәдени бірлестіктің өкілдері және білікті заңгерлердің басын қосып, әлгі қыздың ата-анасына барып, өрімдей жас қыздың тағдырына араша түскен еді.

Осылайша, Аналар кеңесі бұл іске араласып, жас қызды ажалдан арашалап қалды. Осы тұрғыдан алғанда, жат ағымының соңында жүрген жандардың бетін бері қаратуда Аналар кеңесі секілді ұйымдарға арқа сүйеген жөн, – деп Ассамблея белсендісі өзі куә болған жайт жайында әңгімелеп берген болатын.

Білген адам үшін бұл да қайырымдылық іс екені анық. Сондықтан отаншыл, елжанды жастарды тәрбиелеуде осындай ұйымдардың жұмыс тәжірибесін пайдаланып, қоғамдық өмірімізде үлкен мәселеге айналған дүниелерді дау-дамайсыз реттеуге болады.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here