Медиация дегеніміз не? Араздасқан ағайынды татуластырып, бітпестей көрінген дауды сотқа жеткізбей шешуге дәнекер болатын осынау төрелік айтудың жаңа формасы Қазақстанда қаншалықты сұранысқа иә? Соның ішінде Қазақстан халқы Ассамблеясы медиацияны қаншалықты меңгерген? Ұйымның медиация бағытындағы атқарған ісінен қалың бұқара хабардар ма?

«Қала мен Даланы» толғандырған осы сауалдарға Ассамблеяның ғылыми сарап кеңесінің мүшесі, саясаттанушы, профессор Наталья Калашникова жауап берді.

Алдымен мынаны айтыңызшы, Қазақстандағы медиацияның қазіргі аяқ алысы қандай?

– Өз басым медиацияны бүгінгі дәуір тудырған әмбебап құқықтық құрал деп атаймын. Еліміздегі әлеуметтік, тұрмыстық және өзге жағдайда туындайтын ұрыс-керіс, дау-дамайды диалог арқылы шешуде медиацияның маңызы зор. 

Қазақстандағы медиацияның дамуы туралы айтқанда әрине, алдымен Ассамблея ойға оралады. Бұл салада Ассамблея деп ауыз толтырып айтатын нәтижеге жеттік.  ҚХА-ның тікелей араласуымен осы күнге дейін медиацияның мектептегі, жұмыс орнындағы, отбасылық және басқа да бағыттары тәжірибеден өтті.

ҚХА-ға қарасты барлық Достық үйлерінде медиация бөлмесі мен орталықтар ашылған. Бұдан бөлек, сот органдары, еңбек ұжымдары, кәсіподақтармен меморандумға қол қойылды. Медиация жұмысына азаматтық қоғамның белсенді топтарын атсалыстырдық.

Жалпы айтқанда, Ассамблеяның медиация бағытындағы атқарған жұмысы толайым.

Қазақстандағы медиация кемеліне келіп, қоғамның сан түрлі қатпарын қамтып отыр.

Бұл ретте Тұңғыш Президенттің Ассамблеяның ХХІV сессиясында сөйлеген сөзін мысалға келтіргім келеді.

«2011 жылға дейін медиацияның не екенін, оны қалай пайдалану қажеттігін ешкім жарытып білген жоқ. Медиацияны дамытуды Ассамблея өз қолына алғаннан кейін барып, ілгерілеу пайда болады. Сең қозғалды. Медиаторлар жүйесі қалыптасты. Бұл өз кезегінде соттың жұмысын жеңілдетті. Қоғамдағы құқықтық мәдениеті мен заңды құрметтеу атты түсініктерді санаға сіңірудегі медиацияның атқарған ісі ауқымды», – деген еді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сіздің сауалыңызға бұдан артық жауап бере алмаспын.

Жарайды, жалпы дау-жанжалды айғай-шусыз реттейтін құрал ретінде медиация қашан пайда болды?

– Кикілжіңдер мен келіспеушіліктер жүрген жерде медиация да жүреді. Ол бұрыннан бар. Араздасқан ағайынды татуластырып, төрелік айтуға келгенде осы медиацияға жүгінген.

Медиация екі тараптың арасындағы дау-дамайға үшінші тарап араласып, екі жаққа да жақтаспай, суық ақыл, сергек санамен әділ төрелік айтуын білдіреді.

Белгілі бір елдің саяси-құқықтық жүйесіне қарай медиацияның қалыбы, оның механизмдері өзгеріп отырады.

Дегенмен соңғы жылдары барша әлем жұрты жүгінетін әмбебап медиацияның түрі, бағыт-бағдары қалыптасты. Қазір осынау құқықтық құралдың 15 бағыты бар.

Әлбетте Қазақстандағы медиация саласын мінсіз деп айта алмайсыз. Озық елдерден үйренеріміз бар. Біздің ел бұл салада Болгария мен Испанияның үлгісіне көбірек қызығады. Медиацияны жетілдіруге келгенде осы елдердің жұмысына назар аударамыз. 2015 жылы осы мақсатта біріккен Медиаторлар мектебі құрылды.

Медиация азаматтық қоғамдағы дипломатияның үлгісі. Ал медиаторлар осы қоғамдағы дипломаттар іспеттес.

Медиацияға жүгінуде нақты заңдық негіздегі қағаз-құжаттар бар ма?

– Әрине. Ата Заңымызда бар. «Медиация туралы» заң бар. Бұдан бөлек, ол Қазақстан халқы Ассамблеясының 2025 жылға дейінгі даму Концепциясына енген.

Осыдан үш жыл бұрын «Медиация туралы» заңға толықтырулар енгізілді. Сол күннен бері Қазақстанда қоғамдық медиаторлар институты қалыптасып, қарқынды жұмыс істеуде.

Күні кеше республикалық Медиация орталығы ашылды. Орталықты Мәжіліс депутаты Наринж Микаелян басқарады. Барлық Достық үйінде медиация бөлмесі және барлық аймақта Медиация кеңесі бар.

– Сөзіңіз аузыңызда, біздің естуімізше, соттар мен медиаторлардың арасындағы байланыс әлі күнге дейін бір ізге түспепті. Осы рас па?

 – Иә, өкінішке орай, қоғамдық медиаторлардың қоғамдағы орнын анықтайтын нақты заңдық норма жоқ. Содан да болар, соттар медиаторлар маңызды екенін мойындағанмен, соңғы шешім қабылдауға келгенде олардың көмегіне жиі жүгіне бермейді.

«Белгілі бір елдің саяси-құқықтық жүйесіне қарай медиацияның өз үлгісі бар» деп ілгеріде айттыңыз. Жалпы, дау-дамайдың түйінін тарқатуға келгенде қазақтың дәстүр-жоралғысын қалай кәдеге асыруға болады?  

– Қазақтың би-шешендері бүгінгі күннің медиаторлары еді. Ұлы далада өзіндік медиация институты қалыптасқан болатын. Қазақтар «тура биде туған жоқ» дейді. Қазақ билерінің қоғамдағы орнын осы бір тұжырым анық айқындап тұр.

Халықтың қалауымен сайланған билер, ақсақалдар әрдайым әділ төрелік айтатын. Осының нәтижесінде талай кикілжіңнің алдын алып, жанжалдасқан ағайынды татуластыра білді.

Демек, дау-дамайды дабырасыз шешу, ағайын арасындағы ұрыс-керісті асқындырмай дер кезінде тоқтату қазақ билерінің миссиясы болған.

Былайша айтқанда, медиация қазақтың қанында бар.

Өз басым қазақ халқының әдет-ғұрпын медиация саласына батылырақ енгізу керекпіз деп есептеймін. Жөнсіз жанжалдың алдын алуда қазақ халқының дәстүр-салты мен медиацияның ұстыны ұқсас.  

Ал жастар арасында осы медиация сұранысқа ие ме? Жастар оның мақсатын аға толқын секілді жете түсініп отыр ма?

– Жасырары жоқ, жастардың көпшілігі медиацияның қаншалықты тиімді құрал екенін біле бермейді. Еліміздің қоғамдық-саяси өміріне енжар қарайтын, бейқам өмір сүретін жастар жоқ емес, бар. Елдің саяси бағыт-бағдары мен тұтас алғанда идеологиясынан хабарсыз жас ертең бір нәрсеге ұрынуы мүмкін.

Айталық, ұлтаралық жанжалдың қайнаған ортасынан бір-ақ шығуы ғажап емес. Себебі ол осы күнге дейін ел өміріне араласпады, елдегі жағдайдан хабарсыз болды, керек десеңіз жаңалық көрудің өзіне ерінді.

Мемлекеттің татулық пен бірлікті сақтаудағы ұстанымын әрдайым назарда ұстап, қоғамдық істерге ішінара болса да атсалысып жүрген жастар мұндайға ұрынбайды.

Міне, сондықтан да студенттік және жасөспірімдер арасында медиацияны дамыту керек. Әсіресе, қиын жағдайға қалған жастарға (олар түрлі ұлт өкілдері болуы мүмкін) қол ұшын созған жөн.

ЖОО-ларға медиация туралы пән енгізсек те артық етпес.

Медиацияның қазақстандық үлгісінің қандай ерекшелігі бар?

– Біздің елдегі медиацияға Батыс елдері мен Орта Азия мемлекеттері қызыға қарайды. Өйткені оларда дәл біздегідей Ассамблея жоқ.

Қазақстан халқы Ассамблеясы менің түсінігімде, еліміздегі түрлі ұлт пен ұлыстар дипломатиясының институты.

Еліміздегі медиация саласын қоғам өміріне кіріктіріп, ұлтаралық конфликтінің алдын алуда Ассамблеяның ауқымды жұмыс атқарғанын біреулер біле бермейді.

Ұлтаралық қақтығыстарды үлкен дауға ұластырмай, дастарқан үстінде шешуде этномәдени орталықтардың жетекшілері, қоғамдық медиаторлар толайым тәжірибе жинады.

Ассамблея әлі де болса этникалық конфликтінің неден туындайтынын зерттеп, зерделеу үстінде. Бұл ретте біздің ұйым Қазақстанда тұратын түрлі этностің әдет-ғұрпынан аттап кетпей, керісінше, медиация ісінде кәдеге асырып отыр. Медиацияның арқасында осы күнге дейін ондаған, жүздеген дау-дамай сотқа жетпей шешілді.

Ондаған ұлт өкілдері тұратын Қазақстанда медиаторлардың саны аздық етіп жатқан жоқ па?

– Меніңше, сан емес, сапаға назар аудару керекпіз. Иә, жанжалдасқан тараптардың тілін таба алатын медиаторлар қауымы қалыптасты. Алайда білікті, сауатты, бір емес, бірнеше тілге жүйрік медиаторларға әлі де болса зәруміз.

Өз басым бізге кәсіби медиаторлар әзірлейтін орталық керек деп есептеймін.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Самал Келдібайұлы

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here