Бүгінде өміріміздің тыныштығын сақтап жүрген тәртіп сақшыларының жұмысын оң бағалаудың маңызы зор. Күн-түн демей халықтың тыныштығы үшін жарғақ құлағы жастыққа тимей еңбек ететін азаматтар жетіп артылады.
Жергілікті жердегі ішкі істер органдарына тәртіп сақшыларының жұмысына риза болған тұрғындар тарапынан көптеген алғас хаттар келіп түсетіні белгілі. Оның бәрі бұқаралық ақпарат құралдарының бетінде жарияланып, дүйім жұртқа жетпейді. Өз кезегінде тәртіп сақшылары да өздерінің жұмысын жарнамаламайды.
Мұны Павлодар облысынындағы Ішкі істер департаментінің қызметкерлері де растады. «Күн сайын демесек те тәртіп сақшыларына алғыс айтушылар хат жазып, қоңырау соғып тәртіп сақшыларының жұмысына ризашылығын білдіріп жатады. Көп жағдайда тәртіп сақшылары қоғамдық қауіпсіздікті сақтау, қылмыстың алдын алу ісі өздерінің басты міндеті болғаннан кейін жұмыстарын жарнамалауға құмар емес» дейді сақшылар.
Иә, кез келген кәсіби маман үшін жұмыстың жарнамасы емес, нәтижесі маңызды. Десек те, жақында жас қызды ажал аузынан арашалап қалған патрульдік полиция инспекторы Ерболат Айғожиннің әрекеті жайында айтпай кетуге болмайтынын түсіндік.
Ерболат Айғожин «Ертіс» бақылау-өткізу пункітне келіп жұмысқа кіріседі. Ол көше бойында келе жатқанда көпір бойындағы күре жолдың бойында жолдың арғы бетіне өте алмай аңтарылып тұрған 10 жас шамасындағы қыз баланы көзі шалып қалады. Бұдан кейін тәртіп сақшысы ойланбастан тұлымшағы жілбіреген қыздың жол бойында не істеп тұрғанын білмек болып соған қарай беттейді. Ары-бері ағылған күре жолдың бойынан арғы бетке өту мүмкін емес еді. Бірақ адасып, жақындарынан көз жазып қалған қыз оны ойлайтындай жағдайда емес анық еді.
Мұны түсінген тәртіп сақшысы қыздың жанына барып, оған жол бойында тұру қауіпті екенін айтып түсіндіріп, жолдың шетіне алып шығады. Содан кейін тәртіп сақшысы қыз баладан қайда тұратынын, аты-жөнін сұрай бастайды.
Жыларман күйде тұрған қыз өзінің аты Арайлым екенін, ата-анасынан адасып қалғанын тәртіп сақшысына рет-ретімен баяндап береді. Тәртіп сақшысы жас қыздың қала маңындағы елді мекенде тұратынын білгеннен кейін сол бағытқа қатынайтын №38 автобустың аялдамасына барып, қоғамдық көлік жүргізушілеріне 10 жасар Арайлымды үйінің тұсындағы аялдамадан түсіріп кетуін қадап тұрып тапсырады.
Осылайша, арада бірер күн өткеннен кейін Арайлымның әкесі автобус жүргізушілеріне қызына қамқорлық көрсеткен тәртіп сақшысының іс-әрекеті жайында сұрап, біліп алғаннан соң, «Ертіс» бақылау-өткізу пунктіне келіп Ерболат Айғожинге адасып қалған баласына қамқорлық танытқаны үшін алғысын айтыпты.
Әкесінің айтуынша, Арайлым Павлодар қаласындағы музыкалық мектепте білім алатынын, оны сабаққа өзі, кейде туысқандары апарып, әкелетінін айтқан. Бірақ сол күні Арайлым демалыс күн екенін ұмытып Павлодар-Ленинск бағытындағы автобусқа отырып, қаланы бетке алады. Ол мектепке келген кезде ғана демалыс күн екенін білген. Содан ол үйге қайтар жолда адасып, тәртіп сақшасының көмегімен үйіне келген. Өз кезегінде Арайлымның әкесі:
– Көшеде адасып қалған қызыма қамқорлық танытып, автобусқа отырғызып жіберген полиция лейтанаты Ерболат Айғожин мырзаға айтар алғысым шексіз. Егер тәртіп сақшысы қырағылық танытпағанда қызымның қандай күйге тап болатынын ойлаудың өзі қорқынышты. Өз ісіне адалдықпен қарайтын Ерболат Айғожин сынды азаматтар көп болсын, – деп Арайлымның әкесі тәртіп сақшысының іс-әрекетіне ризашылығын білдірді.
Үлкен қалаларда тәртіп сақшылары мұндай жағдамен күнделікті бетпе-бет келіп жататыны анық. Солардың бәрі құқық қорғау органдарының көмегіне жүгініп, мәселелерін шешіп жататыны белгілі. Олай болса, қоғамдық тәртіпті сақтайтын тәртіп сақшыларымыздың жұмысын бағалай білейік.