Қостанайда Қазақстан халқы Ассемблеясының жанынан құрылған Аналар кеңесінің жиыны өтті. Отбасы құндылықтарын ұлықтау, ажырасудың алдын-алу, ата-әженің қадірін арттыру, өнегелі ұл-қыз тәрбиелеу бағытында ақыл-кеңес беріп, жөн көрсететін кеңестің жиынына «Қала мен Дала» тілшісі де қатысып қайтты.
Қазір кеңестің облыс, аудан, ауылдық деңгейде 1793 филиалы бар. Ұйымға барлығы 10 400 адам мүше. Жыл басынан бері Аналар кеңесі жастар мәселесі, елдегі әлеуметтік-экономикалық мәселелерді тарқатып түсіндіруде 2000-нан аса іс-шара өткізіпті.
Қазақстан халқы Ассемблеясы төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаевтың жетекшілігімен өткен жиында ойландыратын, толғандыратын мәселелер сөз болып, олардың шешу жолдары айтылды.
Газет тілшісі Ассемблея жанындағы Аналар кеңесінде айтылған мәселелердің ішінде маңызды дегендерін қалқып алып, қағазға түсірген екен.
Әжелер институтына мұхтажбыз
Ерте жастан бала көтерген қыздардың қатары көбейіп келеді. Мектеп жасында жүріп тұрмысқа тиген фактілер де Бас прокуратураның статистикасында мен мұндалап тұр.
Қыз баланы алдау мен арбаудың қақпанынан арашалаудың бір жолы дұрыс тәрбие беру. Ол үшін әжелер институтын күшейту керек. Әженің беделін, әже абыройын арттырып жастардың үлкендердің ақыл-кеңесіне жүгінуді үйретер болса ілгерідегі келеңсіз де жағдайлар өздігінен азаяды.
Ассамблея жанындағы Аналар кеңесіне ақжаулықты әжелерімізді көптеп тартуымыз керек. Әжелер қоғамдағы көптеген келеңсіздіктің алдын-ала алады. Апаларымыз сынып жетекшілерімен бірлесіп тәрбиешінің жұмысын атқарса бұдан қыз түзеледі, қоғам оңалады.
Тіршіліктің соңында жүріп, тәрбиені ұмыттық
Қазіргі қоғамның тенденциясы әйелдер үйде отырғысы жоқ. Олар да ер қатарлы жұмыс істеп, жалақы алып, мансаб баспалдағымен жоғары өрлегісі келеді. Бір қарағанда бұл дұрыс та, бірақ бұрыс жағы көп.
Мансаб қуған әйелдер, аналар жұмыстың соңында ұмытып, бала тәрбиесін ақсатып алған жайы бар. Жалпы бала тәрбиесі бір кездегідей күн тәртібінде тұрған жоқ бүгінгі күні. Ертеңгі күні бұл ағаттықтың салдарын тартамыз.
Елбасының «Рухани жаңғыруға» оралғаны бекер емес. Тәрбие ұлттық сақтаудың жолы. Салауатты, саналы ұрпақ қалыптастыруда тәрбиенің орны алабөтен.
Ассамблея жанындағы Аналар да кеңесі де осы бір қажетті, керекті құндылықты қоғамға санасына сіңдіру мақсатында құрылды. Тіршіліктің соңында жүріп, тәрбиені ұмыттық. Ертеңгі ұрпақ тілімізді алмай, білгенін істесе, қыз анасына, ұл әкесіне қарсы шығып, отбасының шырқы бұзылса бармағымызды тістейміз.
Тәрбие атты ұлағатты ұғымды қоғам өміріне қайта қайтаруы керек. Жұмыс пен бала тәрбиесін қатар алып жүре алатын аналардың бүгінгі қоғамға үлгі ету қажет.
Біз батыс емеспіз
Батыстың ықпалы дейміз бе, әлде бүгінгі ақпараттық заманның әсері ме қазір отбасылық құндылықтарға жеңіл-желпі қарайтын жастар пайда болды.
Отбасы құндылықтарын дәріптеуде елімізде тұратын түрлі ұлт пен ұлыстың ұлағатты дәстүрлерінің қоғамға, өсіп келе жатқан ұрпаққа насихаттауымыз қажет.
Әрбір ұлттық отбасына мәселесіне келгенде темірқазық тұтар ұстанымдары бар. Айталық, елімізде тұратын кавказ ұлттарының қыз тәрбиесіне келгендегі көзқарасын қазақ ұлтының ұстынымен ұқсас. Міне, осындай ерекшеліктерді іркіп алып Қазақстандағы отбасы құндылықтарын бекіте түсуге тиіспіз.
Барлығы отбасынан басталады. Отаныңа, кір жуып, кіндік кескен жеріңе деген құрмет пен ықылас отбасындағы әке-шешенің баланың миына сіңдірген тәрбиесіне тіреліп тұр.
Дәл қазір біз «Қазақстан қоғамында қандай отбасылық құндылықтарды дәріптеуіміз керек?» деген сауалға жауап беріп, соның негізінде іс-әрекетке көшкеніміз жөн.
Біз Батыс бола алмаймыз. Батыстың барлық құндылықтарын сұрыптан өткізбей, қанымызға араластыра берсек, түптің түбінде оңбай опық жейміз.
Қазақ қоғамдағы отбасы құндылығы өзге елдерге үлгі болатындай жағдайға жетсе, әрбір шаңырақтың ғана емес, тұтас мемлекеттің түтіні түзу ұшады.
Бұл тарапта Ассамблея жанындағы Аналар кеңесінің атқарған жұмысын айту керек. Ассамблеяның бастамасымен қолға алынған «Ана медиатор» жобасының нәтижесінде соңғы екі жылда 500 отбасының шаңырағы шайқалтпай сақтап қалдық. Бұл отбасыларда 1000-ға тарта бала тәрбиеленуде. Былтырғы және биылғы жылы «Ақ отауға ақ бата» жобасы аясында 50 тарта отбасы өзінің ұлттық ерекшелітерін сақтап, той өткізді. Бұған да Аналар кеңесі атсалысты.
Ассемблея? Біздің жұмысымызды жұрт біле бермейді
Түрлі ұлт пен ұлыстың ортақ отаны Қазақстанда ұлтаралық ұрыс-керіске жол бермеу ең басты ұстаным.
Байқап отырсақ қоғамда Ассамблеяның бірлік пен тұрақтылықты сақтаудағы мисссиясынан хабарсыз адамдар бар. «Бұл ұйымды саяси науқандарда ғана төбе көрсетеді, жиын-тойларда ғана жүреді» деген түсінік қалыптасқан.
Ал негізінде…Ассамблеяның елдегі тұрақтылықты сақтауға атқарып отырған жұмысы орасан.
Ассемблея жанындағы медиация, жалпақ тілмен айтқанда араздасқан тараптарды татуластыру институты соңғы жылдары айқын ықпалға ие болып, ел төрелікке жүгінетін әділ қазыға айналып үлгерді.
Бұған дәлел былтырғы жылы соттардың көмегімен 70 даулы мәселе ортақ шешім тапса, Ассемблея қатарындағы кәсіби медиаторлардың арқасында 700-ге тарта келіспеушіліктер оң шешіліпті.
Ассемблеяның тікелей атсалысуымен 394 конфликті дау-дамайсыз шешіліп, араздасқан тараптар қол алысып тарқасқан екен.
Қажетсіз шаралардан бас тартқан Ассемблея қатарында қазіргі күні айлық алмай, ерікті есебінде жұмыс істейтін 272 медиатор бар. Араздасқан, ұлт араздыққа сына түсіруі мүмкін дау-дамайларды жеке қарастыратын 68 медиация бөлмесі бар. Олардың 20-сы облыстың қалалары мен аудандарында ашылған.
Ұл тәрбиесін неге ұмыттық?
Ассамблея жанындағы Аналар кеңесінің бастамасымен соңғы жылда «Әкелер фестивалі» үзбей өткізіліп келеді.
Ер-азамат түздің адамы. Әйтсе де бала-тәрбиесіне келген түздің немесе үйдің адамы деген бөлініске жол жоқ. Ұл-қыздың тәрбиесін аналарға жүктеп қойған жөн емес.
Анығында, бала тәрбиесінде әкенің алар орны алабөтен. Оның ішінде ұл бала ұлағат алатын тұлға – әкесі. Ертең ер-азамат болып, ел тізгінін ұстайтын ұлдың ынжық болмай, қатарынан қалмай өсуі үшін ананың аялы алақанынан бөлек, әкенің қатал тәрбиесі де қажет-ақ.
Бүгінгі бала ертеңгі әке, бір отбасының тірегі. Бірақ мұны ұлдың санасына сіңдірмей, оған осы бағытта жол көрсетпей, оның бойына отбасы құндылықтарын сіңдіре алмайсыз, құрметті әкелер.
Айталық, қазір неге ажырасу жиілеп кетті. Себебі ер балалардың тәрбиесінде ақау бар. Өмірдің сынақтарына төзбей сынып кету, келіншегінің бір ауыз сөзін көтере алмау, қол көтеру, ыдыс-аяқ шылдырын үлкен жанжалға ұластыруда ер-азаматтардың да кінәсі бар.
Әке тәрбиесін көрген, әкенің ақыл-кеңесінің құлағына құйып, санасына сіңдіре білген ұл ешқашан жан жарына қол көтермейді. Иә, отбасы болғаннан кейін өкпе-реніштің болатыны да белгілі. Алайда мұны соңы ажырасуға ұласпау үшін еркектің байсалды болғанын жөн. Бала әкеден көргенін қайталайды.
Айталық, қазір неге ер-азаматының зорлық-зомбылығына ұшыраған әйелдер көп?
Бұл да кезінде ұлдың тәрбиесінде назардан тыс қалған ағаттық. Жұбайын көкала қойдай
етіп сабайтын еркектен өзінің соңында ұлы қандай үлгі алады? Ертең оның да «әке
жолын» қумасына кім кепіл? Қазақстандағы әйелдердің 70 пайызы өмірінде кем
дегенде бір рет тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған екен. Болашақта мұндай
болдыртпау үшін ұл тәрбиесіне көңіл бөлу керек.
Қазақстан халқы Ассемблеясы тұрмыстың зорлық-зомбылықтың алдын-алу үшін Ішкі
істер департаментімен меморандумға отырды. Соның негізінде Ассамблея жанындағы
Аналар кеңесі полицейлермен бірігіп мұндайға жол бермеудің амалдарын
іздестіреді.
Данияр Әлдиев
Қостанай облысы