Жетісуда Ілияс Жансүгіровтың 125 жылдық мерейтойы аталынып өтті

0
5483

Биыл қазақ поэзиясының Құлагері деген мәртебелі атқа ие болған Ілияс Жансүгіровтің туғанынан 125 жыл толып отыр. Осы айтулы шара барысында ақынның кіндік қаны тамған Жетісу өңірінде маңызды іс-шаралар ұйымдастырылған болатын. Сол жиындардың қорытындысы ретінде Талдықорған қаласында ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Айтулы басқосуда Алматы облысы әкімдігі шығарған ақынның 20 томдық шығармалар жинағының тұсауы кесілді. Сонымен қатар ТҮРКСОЙ ұйымы шығарған «Үш алып» кітабы да салтанатты жиынға арнайы келген заиялы қауым өкілдері назарына ұсынылды.

Жыр жампозының мерейтойына арнайы келген қонатқан бірінші кезекте Б.Римова атындағы драма театрының кіреберісінде ұйымдастырылған ақынның өмірі мен шығармашылығынан сыр шертетін көрмемен танысты. Көрмені ұйымдастырушылар ақынның Жетісу суреттері өлеңін басшылыққа алып Жетісу жерінің табиғатын бейнелейтін көз тартар картиналарды ұсыныпты.

 Бұдан басқа көрмеге келген жастар І.Жансүгіров әдеби-мемориалды музейінің жәдігерлерін тамшалап, қуғын-сүргін жылдары қыршын кеткен жыр жампозның өмірі мен шығармашылығымен танысуға мүмкіндік алды.

Конференция жұмысы басталған сәтте бірінші болып сөз алған Алматы облысының әкімі Амандық Баталов қазақ әдебиетіндегі орыны жайында баяндап, бүгінде Жетісу жұртшылығы ақынның атын қастерлеп, мұрасын түгендеуде үлкен жұмыстар атқарып жатқанын алға тартты.

–  Ілияс Жансүгіров қазақ поэзиясының алтын діңгегі. Ол күллі қазаққа ортақ тұлға. Әдебиеттің барлық жанрында қалам тербеп, сөз өнерінің көркемдігі мен эпикалық тынысын барынша кеңейткен дара дарын. Жыр Құлагерінің есімін ұлықтап, өскелең ұрпаққа қалдырған бай мұрасын насихаттау мақсатында облысымызда біршама жұмыстар атқарылды. Бұл ретте Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы өткенді саралап, тарихты түгендеуге жол ашты. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ол туралы «Рухани жаңғыру біздің басты бағдарымыз болып қала береді» дей келе, бағдарламаның ел өміріндегі маңызының зор екенін атап өткен болатын, – деп облыс басшысы өз ойын ортаға салды.

Қай кезеңде болса да талантқа тағзым ету руханияттың аясын кеңейттіні белгілі. Қазіргі таңда өңірде жас әдебиетшілер ақын мұрасын зерттеп, жаңа деректер мен жәдігерлерді тауып, ғылыми айналымға түсіруге өз үлестерін қосуда.

Бұл ретте Ілияс Жансүгіровтің шығармаларын толықтыру, жинастыру мақсатында «Ілияс ізімен» атты халықаралық ғылыми-танымдық экспедиция құрылған болатын. Алматы облысы әкімдігі аталмыш экспедиция мүшелерінің Ресей жеріне барып қайтуына қолдау көрсетті. Ақын мұрасын зерттеуді мақсат тұтқан топ Ілияс білім алған Мәскеудегі бұрынғы мемлекеттік Журналистика институтында болып, қаламгердің табаны тиген жердің архивінен ақынға қатысты бірқатар құжаттардың көшірмелерін алып қайтты. Осылайша ақын туралы деректер жаңа құнды дүниелермен толықты.

Осы ретте ақын мұраларын жинақтауда Жетісу мемлекеттік университетінің қызметкерлері айрықша еңбек сіңіргенін айта кетуіміз керек. Университет басшылығының осындай қолдауының арқасында шығармашылығын жаңа қырынан әспеттейтін 20 томдық жинақ жарық көріп, оған І.Жансүгіровтың әдеби ортада айналымға түспеген шығармалары енді. Осылайша ақын мұрасы бұрынғыдан кемелденіп, қазақ әдебиетінің көкжиегін кеңейте түсті.

Конференция жұмысына бастан-аяқ қатысқан Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулет Алматы облысы әкімдігінің ақын мерейтойын жоғары деңгейде атып өтіп, Ілиястану саласына қосқан үлесін өте жоғары бағалайтынын алға тартты.

– Мәскеуге барған экспедиция Ілиястың 18 кітабын тауып келді. Бұл қазақ әдебиетіне қосылған құнды қазына. Ілиястану ғылымының жаңа дәуірде де желісі үзілмей, осы іске жас зерттеушілердің ынтамен ден қойғаны мені қатты қуантып отыр, – деп ақын өз қуанышын жасырмады.

Өз кезегінде Ұлықбек Есдәулет  І.Жансүгіров өзінің қысқа ғана ғұмырында эпикалық жанрдың үлкен мектебін қалыптастырғанын алға тартты. Сонымен қатар жетісулық жас зерттеушілер ақын шығармашылығында негізгі кейіпкер саналатын Молықбай күйшінің өмірі мен шығармашылығын зерттеу керектігін тілге тиек етті.

– Молықбай әр қазаққа Қорқыттан кейінгі қобыз ұстаған күйші ретінде елестейді. Сондықтан Молықбайдың артына қалдырған күйлері туралы зерттеу де болашақтың еншісінде, ақынның кейіпкерлеріне де ескерткіш қоюға болады, – деді Ұлықбек Есдәулет. Сонымен қатыр Жазушылар одағының төрағасы Ілиястың ұлы Болаттың өтінішімен ұзақ жыл сандықта сақталып, біраз жазуы өшіп, бүлінген қолжабадағы Жансүгіров жырларын қалпына келтіруге, өлең мәтінін анықтауға атсалысқаны жайлы естеліктерімен де бөлісті.

Конференцияның бас баяндамашысы Жазушылар одағы Басқарма төрағасының орынбасары Бауыржан Жақып Ілиястың өмірі мен шығармашылығына кеңінен тоқталды. Сол сияқты М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғылыми қызметкері, жазушы Нұрдәулет Ақыш «Ілияс Жансүгіровтің көркемдік әлемі», І.Жансүгіров атындағы ЖМУ оқытушысы, филология ғылымының докторы Мұратбек Иманғазинов «Ілияс жөніндегі соңғы зерттеулер», жазушы, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Дәурен Қуат «Ілияс журналистикасы», филология ғылымының докторы Серікқазы Қорабай «Ілияс Жансүгіровтің «Дала» поэмасы. Айтылмай келген ақиқат» тақырыптарының мазмұнын ашты.

Жиында Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевтың мерейтойлық құттықтау телеграммасы оқылғанын да айта кетуіміз керек. Конференция жұмысында ақынның немерелері Ажар, Жанар, Лейла Жансүгіровалар Жансүгіров қорының атынан облыс әкіміне, ақынның әдеби-мемориалды музейіне, ақын атындағы университетке Ілиястың ағылшын тіліне аударылып, жарық көрген кітаптарын сыйға тартты.

Бұдан кейін ақын шығармашылығын зерттеуге, насихаттауға үлес қосып жүрген бірқатар азаматтарға тарлан таланттың ұрпақтары грамоталар тапсырса, Жетісу мемлекеттік университетінің ректоры Қуат Баймырзаев білім ордасының Ілияс төсбелгісін тақты.  

Айнұр ЖҰМАХАН

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here