Серік ШӘРІП: «Діни сауаттылықтың артуы жат ағымның соңынан ерушілерді тоқтатты»

0
2199

«Қала мен Дала» газетінің оқырмандарының назарына Алматы облысы, Панфилов ауданы Орталық мешітінің бас имамы Серік Шәріптің сұхбатын назарларыңызға ұсынамыз.

– Серік мырза, еліміз тәуелсіздікке қол жеткізген кезден бастап көпшіліктің дінге бет бұрып, иманға ұюы ұлғайды. Алғашқы әңгімемізді жазиралы Жаркент өңірінде қанша мешіт бар, олардың жұмысы қай бағытта жүріп жатқанынан бастасаңыз?

– Жаркент қаласында көнеден келе жатқан 130 жылдық тарихы бар, бір шеге қағылмай, ағаштан өрілген Уәлибай мешіті бар екенін көзі қарақты халық білуі тиіс.

Қазақ топырағында бой көтерген ғажап сәулет өнерінің қатарына кірген құлшылық үйі осы жерде орналасқандықтан, мұндағы қазақтар мен ұйғырлардың арасында әлмисақтан дәстүрлі дінге деген берік көзқарас қалыптасқанын байқаймыз. Жаркент өңірінің тұрғындары исламның шариғат қағидаттарын бойына барынша сіңірген. Бөтен діни ағымдардың соңына еріп кетпеді. Мұндай ортада дәстүрлі дініміздің игілігі үшін жұмыс істеудің өзі бақыт десем артық айтқандық болмас.    

Енді нақты сұрағыңызға көшсем, қазіргі таңда Панфилов ауданында 41 мешіт жұмыс істейді. Алдағы уақытта ауданымызда басқа да мешіттердің бой көтеріп, жұртты имандылық жолға бастай беретініне сенімдімін.

Бүгінде Құдайдың үйіне мінәжат етіп келушілердің дені – жастар. Егер жас ерекшелегі бойынша сұрыптап айтатын болсақ, құлшылық етіп, бес уақыт намазын оқитындарды, негізінен, 20-45 жастағы жамағат құрайды.

Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін, жер-жерде жомарт жандардың қолдауының арқасында көптеген мешіттер бой көтерді. Ол уақыттарда мешіттерді құжаттандыру ісі жүргізілмеген.

Осы мәселені Қазақстан мұсылмандар Діни басқармасы дер кезінде қолға алып, еліміздегі барлық мешіттерді құжаттандырып, олардың заң алдындағы құқықтық статусын анықтаудың сәті түсті. Бұл жұмыстан біз де шет қалған жоқпыз. Ауданымыздағы 41 мешіттің бәрінің заңды құжаты бар.

Тұтас республиканы қамтыған бұл жұмыстың оңай болмағаны белгілі. Мешіттерді құжаттандыру ісіне көптеген мамандар тартылды. Өз басым мұны Діни басқарманың соңғы жылдары атқарған маңызды жұмыстарының бірі деп айта аламын.   

– Кейбір жерлерде діни мамандардың аз болып жатқаны жасырын емес.  Өзіңіз айтқан мешіттерде діни мамандар қызмет атқара ма?

– Өз басым діни мамандардың жетіспеушілігі біртіндеп жойылып келеді деп ойлаймын. Егер біздің аудан аумағы бойынша айтатын болсақ, Панфилов ауданында орналасқан мешіттердің барлығында діни сауаты жоғары имамдар жұмыс істейді. Олардың дені еліміздегі діни оқу орындарын тауысқан, ислам мен дәстүрлі діннің қағидаттарын жетік меңгерген мамандар.  

Ауданымыздағы мешіттерде діни сауаты жоғары мамандардың жұмыс істеп жатқанын мына бір жайттан-ақ аңғаруға болады. Қай ауылға барсаңыз да, ондағы мешіттерде Құран және шариғат негіздері бойынша сабақтар тоқтаусыз өтіп тұрады. Мұндай сабақтарға 7 жастағы баладан бастап, ақ самайын қырау шалған ата-әжелерімізге дейін қатысып, өздерінің діни сауатын көтеріп жатқан жайы бар.

Егер бізде діни мамандар жетіспесе, мұндай сабақтарды жүргізбес едік.

Жалпы, біздер мешіттердегі имамдарды Қазақстан мұсылмандар Діни басқармасы ұйымдастыратын курстарға жіберіп, олардың діни сауаттылығын көтеріп тұруға айрықша мән береміз.

– Соңғы жылдары мешітке жиналған жамағат еліміздегі қайырымдылық іс-шараларына белсене қатысып жүргенін байқауға болады. Арыста оқыс оқиға орын алғанда еліміздегі жамағат мешітте бас біріктіріп, арыстықтарға айрықша қолдау көрсеткеніне куә болдық.

– Дұрыс байқағансыз. Ислам діні көпшілікті қайырымды болуға үндейтіні белгілі. Иә, Арыста болған оқыс оқиға кезінде Қазақстан Діни басқармасы жер-жерде қайырымдылық іс-шараларын ұйымдастырды.

Діни басқарманың бір бөлшегі ретінде біз де бұл іске үн қосып, мешітке жиналған жұртты қайырымдылық шарасына қатысуға үгіттеп, нәтижелі жұмыс істедік деп сеніммен айта аламын.

Бұдан басқа, ай сайын ауданымыздағы көпбалалы отбасыларға тұрақты түрде көмек көрсетіп тұрамыз. Ал рамазан айы кезінде қайырымдылық іс-шараларының жандана түсетінін мен айтпасам да байқаған шығарсыз.

Соңғы кездері елімізде баспанаға мұқтаж, жағдайы төмен отбасыларға көмек көрсету шарасы қарқынды жүріп жатқаны белгілі.

Жүрегінде иманы бар біздің аудандағы жандарда да осы қайырымдылықтан тыс қалған жоқ. Жамағат мешіттерде бас қосып, баспанасы жоқ жандарға барынша қолдау көрсетіп келеді.  

Айталық, күні бүгінге дейін мешіттерге жиналған қаржаттардың басын құрап, үйсіз-күйсіз жүрген 13 отбасыға баспана алып бердік. Жыл аяғына дейін баспанаға мұқтаж отбасыларға тағы да халықтың атынан төрт-бес үй сыйлауды жоспарлап отырмыз.

Бір ғана аудандағы дінге бет бұрған ағайындардың жүрегіне иман ұялап, еліміз бойынша қолға алынған іс-шараға белсене қатысуы қазақ қоғамында имандылық орнап, береке-бірлігіміздің артып келе жатқанының белгісі деп есептеймін. Осы бір қарапайым жайттан ауданымызда имамдар мен жамағаттың арасында қаншалықты берік қарым-қатынас орнағанын байқауға болады.

– Секе, дін мен дәстүр дейміз. Кей кезде осы екеуінің бір-біріне қабыспай жататын кезі болады. Айталық, бір дүние дәстүрге сыйса, діннің шарттарына келіңкірмей жатады. Мұндайда мәселені қалай шешесіздер?

– Сұрағыңыз орынды. Кең-байтақ қазақ жерінің өзіне тән қалыптасқан дәстүр-дағдысы бар. Бірақ оның бәрі анау айтқандай мәселе туындатып жатқан жоқ.  

Айталық, қандай да бір үйде адам дүниеден озса, мол дастарқан жайылып, көптеген отбасы шығынға бататыны белгілі. Кейбір отбасылардың өлім кезінде мұндай рәсімдерді атқаратындай жағдайы болмауы мүмкін. Бірақ адамдар соның бәрін атқару шарт деп есептейді.

Біздің ауданның имамдары адам дүниеден озғанда, қандай да бір аста төк шығынға батудың ешқандай қажеті жоқ екенін айтып түсіндіріп, қайтыс болған адамды соңғы сапарға шығарып салуды барынша қарапайым жағдайда өткізуді үндеп келе жатқанына бірнеше жылдың жүзі болды. Бұл бағыттағы жұмыстарымыз табысты болды деп айта аламын.  

Өзіңіз де білесіз, өлімді шығарып салуда бақуатты адамдар мейрамхана жалдап, дастарқанға ас-ауқаттың неше түрін қойып, бір-бірімен жарысқа түсіп кеткені жасырын емес. Ал мұндай көп шығынды көптеген отбасы көтере алмайтыны анық.

Дін де, дәстүр де мұндай рәсімдердің мейлінше қарапайым, айғай-ұрансыз өткенін құптайтыны белгілі. Сондықтан мұндай рәсімдердің қарапайым өткені ләзім.

– Өлімді шығарып салудың жалпыға ортақ дін де, дәстүр де құптайтын жүйесі бар екенін айттыңыз. Сол жайында тарқатып айтсаңыз?

– Біздер кісісі қайтқан үйде бүкіл ауыл болып кешке ас ішу мәселесіне шектеу қойдық. Тек алыстан келген ағайындарға ғана арнап шағын дастарқан жаюға болады.

Ал тұтас ауылдың басын қосып, қаралы үйде ас ішуді дін де, дәстүр де көтермейді. Осыған дейін кешке қонақасына 300-400 адам жиналса, ертеңінде қайтқан адамды жерлеп келгеннен кейін тағы да жүздеген адамға тамақ беріліп келді. Бұл – барып тұрған ысырапшылдық.

Біздің имамдар дәл осы мәселенің басы артық дүние екенін халыққа байыппен түсіндіргеннен кейін, жұртшылық бұл бастаманы қолдады. Қазір көпшілік біздің ұсыныс-пікірімізге құлақ асып, осы үрдісті сақтай бастады.  

Тағы да айта түссек, осыған дейін нәзір кезінде дастарқанның белін қайыстырып, түрлі ас-ауқатты үйіп тастайтынбыз. Түрлі салат пен тәттілер, тауық, балық еті самсап тұрғанын өзіңіз де талай рет байқаған шығарсыз. Құдды нәзірге емес, тойға жайылған дастарқан секілді.

Әлгі дастарқандағы ас-ауқаттың әрқайсысынан  дәм татқан адам, ең соңында нәзірге сойылған малдың етін жей алмай қалатын дәрежеге жеткені жасырын емес. Бұл да дұрыс емес. Жиналған жұрт қайтқан кісіге бағыштап сойылған мал етінен дәм татуы керек қой. Бүгінде осының бәрі ретке келіп жатыр.    

Біз бұл мәселені қолға алғанда, енді ешкім кешке қонақасын бермесін, болды-бітті деп кесіп айтқан жоқпыз. Мұны имамдар рет-ретімен халыққа түсіндірді. Имамдардың уәжі ақылға қонымды дүние екенін түсінген халық кешкі қонақасын бергенше, марқұмының соңынан Құран бағыштағанның маңызы зор екенін құптады.

– Қай салада болмасын, өзгеріс оңай жүзеге аспайтыны түсінікті. Қарсылықтар болатыны белгілі. Жалпы, осы кісі қайтқанда жайылатын қарапайым дастарқанға қатысты ойларыңызды жүзеге асыру үшін қанша уақыт кетті?

–  Дұрыс айтасыз, бұл істі халық бірден іліп алып кеткен жоқ. Біздер кісі қайтқанда жайылатын дастарқанның мейлінше қарапайым болуын ел арасында сақтау мәселесін тек имамдардың мойнына артып қоймадық.

Бұл ойымызды ауыл-аймақтағы беделді ақсақалдар мен әр ауылдағы жігітбасылардың тікелей қатысуымен жүзеге асырдық. Қазіргі таңда әр ауылдағы жігітбасылар кісі қайтқанда ортақ іске ауылды жұмылдырып, реттелген тәртіп бойынша марқұмды соңғы сапарға шығарып салуды әдетке айналдырған. Ал бұл істі жүйелеу үшін бізге екі жылдай уақыт кетті.

– Елімізде о баста Дін істері министрлігі құрылды, кейіннен комитет болып Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің құрамына кірді. Қазір кейбір облыстарда Дін істері басқармасы жұмыс істейді. Ал аудандарда бұл бағыттағы жұмыстар Ішкі саясат бөліміне жүктелгені белгілі. Жалпы, аудандағы дін саласын бақылайтын мемлекеттік органдармен байланысып жұмыс істейсіздер ме?

– Әрине, біз аудандық Ішкі саясат бөлімімен бірлесіп көптеген жұмыстарды атқарып келеміз. Біздің имамдар Ішкі саясат бөлімдері мектеп пен мекемелерде, әскери орындарда ұйымдастырған көптеген кездесулерге қатысып, дәстүрлі дініміздің мән-мағынасы жайында кеңінен түсінік беруді өзінің парызы санайды. Жастар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап береміз.

Бұдан басқа, біздің білімді имамдарымыз Діни басқарма белгілеп берген тақырыптар бойынша «Бесін шам уағыздары» деген жобамыз бойынша, жамағаттың алдында уағыз айтуды дәстүрге айналдырған. Мұның өзін халық ұйып тыңдап, көкейіне тұнған сұрақтарға тиянақты жауап алып жатады. 

– Діни сауаттылық ісі сын көтермей тұрғанда біраз азаматтар бөтен ағымдардың арбауына түсіп қалғаны белгілі. Бүгінде аудандарыңызда өзінің алданғанын біліп, қайтып үйірін тапқан азаматтар бар ма?

– Білімді имамдардың қажырлы жұмысының арқасында адасып жүрген көптеген азаматтар өз ойларынан қайтып, Ханафи мазһабы бойынша намаз оқи бастады. Шыны керек, қазір екінің бірін діни сауаты жоғары деп кесіп айта алмайсың.

Мәселен, бір кісінің көкірегіне иман ұялап, оның намаз оқуға деген ынта-ықыласы оянады делік. Әлгі адам өз бетінше ізденіп, намаз оқудың әдебін ғаламтордан үйреніп алуы мүмкін.

Бірақ әлгі адамның ғаламтордан оқып алған дүниесі Ханафи мазһабының намаз оқу әдебімен сәйкеспеуі ықтимал мүмкін. Оны әлгі адамның өзі де білмеуі мүмкін. Мұндай адамдар арада біраз уақыт өтіп, діни сауаты жетілген соң, өзінің намаз оқу әдебі дұрыс емес екенін түсінеді. Сөйтіп, имамдардың кеңесіне жүгініп, намаз оқу әдебін өзгертіп жатады.

Жалпы, біздің ауданда бөтен ағымдардың соңында жүргендер аз. Көпшілігі тәубаға келіп, тура жолды тапты.

Ал адасып жүрген жандармен ақпараттық-үгіт насихат тобы жұмыс істейді.

Бұрындары бөтен ағымның соңында жүргендер имамдармен жиі сөз таластыратын. Қазір керісінше, ондай жандар артық ауыз әңгімеге бармай, Ханафи мазһабының ақида, сенім мәселелерін құлақ қойып тыңдайтын болған.

Өйткені олар өздеріне дін жайлы ұғым-түсінікті түсіндірген жандардың бәрі шетелдіктер екенін жақсы біледі. Ал олар қазақ халқының ұстанатын мазһабын, дәстүрін, елдегі жағдайды білмейтінін бес жасар бала да біледі ғой. Осы жайттарды есепке алған азаматтар өздерінің дұрыс жолда жүрмегенін түсініп, біртіндеп өз ойларынан қайтып жатыр.

Қазіргі таңда біздің имамдардың білімі толысып, дінге қатысты кез келген мәселе бойынша пәтуа айтатын деңгейге жетті. Қазақ қоғамында діни сауаттылық деңгейі артқан сайын, теріс ағымда жүргендердің қатары сиреп келеді. Енді аздаған жылда еліміздегі бұл мәселе түбірімен жойылатынына сенімдімін.

– Сөзіңіз аузыңызда, «қазақ қоғамында діни сауаттылық деңгейі артқан сайын, теріс ағымда жүргендердің қатары сиреді» деп айттыңыз. Соңғы кездері елімізде теріс діни ағымдардың соңында кету үрдісі күрт тоқтады десек болады. Демек, бұл күштік құрылымдардың күшімен емес, таза діни сауаттылық мәселесімен шешілетін дүние болғаны ғой.

– Дұрыс айтасыз. Халықтың діни сауаттылығы артқан сайын дәстүрлі дініміз күшейіп, барша халық ортақ мақсатқа бірігіп жатыр. Күні кеше ғана Арыстағы оқиға кезінде осындай жайтқа куә болдық.

Жалпы, діни сауаттылық артқан сайын шетелдің діни экспансиясына қарсы иммунитет пайда болады. Бүгінде елімізде сол иммунитет қалыптасты. Енді ол одан сайын күшейе беретініне сенімдімін. Бұл ретте мемлекет пен Қазақстан Діни басқармасының бірлесіп атқарған жұмысы орасан зор.

Соңғы уақыттарда кез келген қайырымдылық іс-шаралары көптеген адамдардың жүрегін жібітетініне куә болып жүрмін.

Біздің ауданда тұрмыс жағдайы төмен отбасыларға тегін киім-кешек тарататын дүкен бар. Соған көптеген адамдар қолдау көрсетеді. Біздің мұндай іс-шараларымызға тек кәсіпкерлер ғана қатысып жатқан жоқ. Оған кез келген қарапайым азаматтар мүмкіндігінше қолдау көрсетіп, барымен бөлісіп келеді.

Осы іс-әрекетіміздің бәрін жұрт көріп, біліп отыр. Қайырымдылық іс қандай адамның болса да жүрегін жібітеді. Өз басым осындай қайырымдылық іс-шаралары да теріс ағымның соңында жүрген жандардың санасына сәуле түсірген шығар деп ойлаймын.

Тағы да айта түссек, ауданымыздағы имамдар арасында «Жазиралы Жаркент өңірінің имамдары» деп аталатын топ жұмыс істейді. Біздер ойға алған шараларымызды осы топтың талқысына салып, көп болып қабылдаған шешімімізді жедел іске асырып жатқан жайымыз бар. Мұның өзінен аудандағы имамдардың кез келген мәселеге тез назар аударып, туындаған жайттарды жедел шешуге жол ашып отыр.

– Серік мырза, аудандағы мешіттердің жанында ас беретін нәзірханалар салынып жатқанын байқадым. Осы жайында айта кетсеңіз?

– Иә, қазіргі таңда ауданымыздағы мешіттердің жанында 14 нәзірхана жұмыс істейді. Мұндай нәзірханаларда жүзден астам адамға ас беруге болады.

Бұған дейін халық қайтқан адамның жетісін, қырқын және жылдығын мейрамханаларда беріп келгені белгілі.

Өзіңіз де білесіз, мейрамханаларда күндіз ас берілсе, түнде той-томалақ өтіп, арақ ішіліп, жұрттар мәз-мейрам болып би билеп, көпшілік мүлде басқаша кейіпке енеді. Бір-біріне сай келмейтін екі шараның бір жерде өтуі ешқандай моральға да, дінге де сай келмейтіні анық.

Осы жайтты ескерген кейбір ауыл имамдары мешіт жанынан ас беретін қарапайым нәзірханалар салды. Ас беріп, ата-бабасына Құран бағыштаған жандардан бір тиын да ақы алынбайды. Тек ас-ауқаты мен отын суын әкелсе болғаны. 

Айтпақшы, осы нәзірханалар кісі қайтқандағы ысырапшылдықты жоюға көп септігін тигізді. Нәзірханаларда өтетін астар мейлінше қарапайым жағдайда өтеді. Мұнда тойға жайылатындай дастарқан жайылмайды. Ауданымыздағы өзге мешіттер де жандарынан нәзірхана салып, ысырапшылдыққа жол бермеуге күш салуда.

– Қазақстан мұсылмандар Діни басқармасы сіздерге қандай да бір бағыт-бағдар беріп отыратын шығар? Сол жайында аз-кем айтасаңыз.

– Иә, Діни басқарманың мұндағы бір өкілдігі болғандықтан, берілген тапсырмалар бойынша жұмыс істейміз. Бүгінде басқарма еліміздегі мешіттерге Бесін және Шам намаздарынан кейін айтылатын уағыздардың тақырыбын белгілеп береді.

Бұдан басқа, Бас мүфтидің мешіттерге белгілеп берген төрт бағыты бойынша жұмыс істейміз. Ол бағыттар: бірінші – уағыз насихат, екіншісі – жат ағымдармен күресу, үшіншісі – мешіттер жанынан діни сауат ашу курстарын ұйымдастыру, ал төртіншісі қайырымдылық шараларын ұйымдастыру болып табылады. Осылайша, еліміздегі мешіттер Діни басқарма белгілеп берген төрт бағыт бойынша жұмыс істеп жатыр.

Бұдан басқа әйел-қыздар секторы жұмыс істейді. Дәл қазір біздің аудандағы үлкен 8 мешітте әйел-қыздар секторы курстарының жұмысы жолға қойылған. Ол жерде «Нұр Мүбәрак» ислам университетінен тәлім алған білікті мамандар әйел азаматшалар мен қыз балаларға арнайы сабақтар жүргізеді.

Әйел-қыздар секторы әйел азаматшаларға тек діни білім ғана бермейді. Сонымен қатар түрлі спорттық жарыстар, білім сайыстарын ұйымдастырып, жұмыстарын мейлінше қызықты қылып өткізуге күш салып жатыр.    

Жоғарыда өзіңізге әңгімелеп берген жұмыстарымыздың бәрі осы төрт бағыттың ауқымында жүзеге асуда. Бір сөзбен айтсақ, қазіргі таңда бізде бағыт пен бағдар айқын, имамдарымыз тек қана ел мүддесі жолында жұмыс істеуі керек.

Сұхбаттасқан Нұрлан ЖҰМАХАН  

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here