Елімізде жастардың ғылымға бет бұрып, түрлі ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысып жатқанына біраз жылдың жүзі болды. Жалпы, жастардың ғылымға деген ынта-ықыласының артуына мемлекеттік  қолдау айырықша ықпал етіп отырғанын атап айтуға болады. Биыл ҚР Білім және ғылым министрлігі  Жастар жылына орай жас ғалымдар арасында ғылыми-зерттеу жұмыстарын жандандыру үшін арнайы байқау ұйымдастырып, оған мыңдаған жас қатысқан болатын. Осылайша, мемлекет жас ғалымдардың ғылыми жобаларын қолдауға қыруар қаржы бөліп отыр.

Мемлекеттің осындай қолдауын сезінген жас ғалымдар ғылыммен алаңсыз айналысып, қазақ ғылымның өрісін кеңейте бастады. Тяуда ғана Қазақ Ұлттық қыздар педагогикалық университетінен ақжолтай хабар алдық. Оқу орнының баспасөз қызметі таратқан хабарға назар аударғанымызда университеттің жас ғалымдары «Bi0, 1Dy0, 9MnO3 құрамды висмутпен допирленген диспрозий манганитін алу жолы» тәсілін ойлап тауып, ғылыми жұмыстарына арнайы патент алғанын білдік. Патент жастарға инновациялық өнертабыс наноқұрылымды бейорганикалық материал синтездеп алғаны үшін берілген екен.

Ғылыми жаңалықты аталымыш оқу орнының оқытушысы, химия ғылымдарының докторы, профессор Мұхаметқали Матаевтың жетекшілігімен Жаратылыстану факультетінің оқытушылары Жанар Тұрсынова, Мөлдір Абдраймова және Әсел Кездікбаевалар бірнеше жыл кешенді химия-биологиялық ғылыми-зерттеу орталығында тәжірибе жүргізіп, қол жеткізгені мәлім болды.

Осылайша, табанды еңбек пен жылдар бойғы ізденістің арқасында, жастар ауыз толтырып айтатындай жаңалыққа қол жеткізген. Жас ғалымдар алдағы уақытта да осы тараптағы зерттеулерін жалғастырмақшы. Оған университеттің материалдық-техникалық базасы толық мүмкіндік береді.

– Өнертабыс перовскит құрылымы бар жаңа қатты ерітінділерді алу технологиясына жатады және химиялық өнеркәсіпте қолданыс табады. Сонымен қатар ол спинтроника элементтерін жасау кезінде және ақпаратты жазатын магниттік тасымалдағыштардың тығыздығын арттыру үшін пайдаланылады, – дейді ғалымдар.

Бізге келіп түскен ақпаратқа сүйенсек, бұл ғылыми топ  иеленген екінші патент. Ғалымдар бұған дейін «YbBiNaFeO5 құрамды висмутты – ферритті алу жолы» атты өнертабысқа ие болған. Ол наноқұрылымды бейорганикалық материалды синтездеп алғаны үшін берілгенін айта кетуіміз керек.

Айнұр ЖҰМАХАН

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here