Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің сұхбатының алғашқы бөлігі газеттің өткен аптадағы санында жарық көрді. Бұл сол сұхбаттың жалғасы.

Тілші: Сіздің ұлыңыз бар екен. Ол қай мектепте оқиды?

Асхат Аймағамбетов: Кәдімгі мемлекеттік қазақ мектебінде, төртінші сыныпта оқиды.

Тілші: Ұлыңызға бөлетін уақытыңыз бар ма, сабағын бірге қарайсыздар ма, үй тапсырмасын тексересіз бе?

Асхат Аймағамбетов: Әрине, әрдайым оның бағаларын қадағалап, күнделігіне де өзім қол қоямын. Оның қалай оқитынын сұрап, бірге ойнап, кейде әңгімелесеміз.

Әсіресе ұл бала үшін әкесімен сөйлесу өте маңызды. Қазір біз оның болашақ жоспарларын анықтап, бажайлап қойдық: мысалы, кім болғысы келеді, қандай дағдыларды дамытуы керек деген секілді. Екеуміз бірге ақылдаса отырып оны шештік. Ол келісті, қызығушылық танытты.

Ол жақсы оқиды, егер қалаған нәтижесіне қол жеткізбесе, қатты уайымдайды. Ол бәріне қызығады, егер теледидар көретін болса, көп отырмайды.

Бірінші сыныпқа барған кезінде ұлым телефоны жоқ бала жалғыз өзі екенін айтқан. Қазір біз оған бастырмасы бар телефон сатып алдық.

Әрине, кез келген бала сияқты, ол да смартфонда ойнап, видео тамашалағысы келетінін жақсы түсінемін. Гаджетті пайдалану дағдысы да маңызды.

Ол YouTube, Google қызметін қолданып, ақпарат іздеп,  кейбір парақшаларды аша білуі керек. Сондықтан ұлымның қолына анда-санда смартфон беремін. Бірақ оның шекті уақыты бар.

Тілші: Мектеп директорларының жұмысына баға бере кетіңізші…

Асхат Аймағамбетов: Деңгейлері әртүрлі. Көп жақсы директорлар бар, бірақ нашары да жоқ емес.

Мысалы, сөз солтүстік өңірлер туралы болса, онда керісінше, директорлардың соңынан өзіміз жүгіреміз.  Директор болшы деп жалынып, әбден бәйек боламыз. Ал оңтүстікте жағдай сәл басқаша.

 Тағы бір проблема бар: бізде бір орында 10-15 жыл отырған директорлар бар, лажы болса 40 жылға дейін отыра береді, оның кейбірі жақсы директорлар, бірақ 1-2-ақ проценті ғана. Бұл өте тиімсіз…

Тілші: Оқушылардың сөмкесі қашан жеңілдейді?

Асхат Аймағамбетов: Бұрын бес оқулық тасып жүрсе, енді оған бес кітап іспетті дәптер қосылды, әрине, сөмкелері ​​екі есеге ауырлайды. Қазір біз бұл мәселемен айналысып жатырмыз. Бізде жеңіл сөмке жобасы бар. Негізінен, электронды оқулықтарды енгізу арқылы оны шешпекпіз.

Егер бала немесе оның ата-анасы кітапты өзімен бірге алып жүргісі келмесе, онда оқулықтарды мектепке қалдырып кетуге болады.

Біз осы жылдың өзінде үйде электронды оқулықпен айналысуға мүмкіндік беріп жатырмыз.

 Менің өзім 1-інші, 2-інші сынып бойына ұлымның сөмкесін тасып жүрдім мектепке. Ал мектеп ішіне ата-аналарды кіргізбейді ғой.

Сондықтан мектеп алдында баламның арқасына сөмкесін іліп беретінмін, ал ол болса шайқалып кетіп бара жатушы еді. Сыныбы екінші қабатта. Содан сырттан бақылап тұруыма тура келуші еді. Ана сөмкесі бір жағына ауып кетпей ме деп.

 Сондықтан бұл ретте мен ата-аналарды өте жақсы түсінемін.

Бұл мәселені біртіндеп шешу үшін біз барлық шараларды қолданып жатырмыз қазір.

 Тілші: Қазір балаларға мектепке арнайы жұмыс дәптерлерін сатып алу міндетті ме?

Асхат Аймағамбетов: Қазір ондай дәптерлер бар, бірақ біз оларды міндетті түрде пайдалануды талап етпейміз. Мысалы, мемлекет есебінен осындай дәптермен қамсыздандырылмаған өңірлерде ата-аналарды ол дәптерді сатып алуға мәжбүрлеуге болмайды.

 Өткен жылы біз оқулықтарға ол жұмыс дәптерлерін «байлау» дегенді қойдыртқанбыз. Ал егер біреу осы керек деп  қалап жатса, мархабат, пайдалана берсін.

Тілші: Ата-аналар балаларға көп тапсырма береді дейді. Жалпы, үй тапсырмасын қою қажет деген ұсыныс та бар ел арасында…

Асхат Аймағамбетов: Білім және ғылым министрлігі үй тапсырмасын азайту үшін нақты шаралар қабылдады. Бірақ әр мұғалім өзінің пәні ең маңызды деп санайды және барлығына қарағанда көп тапсырма беруге тырысады. Қазір біз жұмыс тобын құрдық және осы саланы реттеу шараларын жалғастырамыз.

Тілші: Ағылшын тілін тағы 5-сыныптан бастап қайта оқыта бастай  ма?

Асхат Аймағамбетов: Президентіміз ағылшын тілін 2, 3-сыныптан бастап немесе ата-аналардың таңдауы бойынша 5-сыныптан бастап оқу керектігін айтты.

Шартты түрде бірінші сыныпта бізде үш әліпби болатынын түсінесіздер: латынша-қазақша, ағылшынша-латынша, орысша кириллицада жазу балаға өте қиын болады.

Мемлекет басшысы мұны тамыз кеңесінде кесіп айтты. Менің ойымша, бұл қажет және маңызды шешім. Ал ағылшын тілінде физика, химия, биология және информатика пәндерін оқытуға келетін болсақ…

Қазір біз жаңа пән мұғалімдерін тілдік курстарға жіберуді қойдық. Басты назарды осыған дейін тілді оқытқан мұғалімдерге бұрып отырмыз. Солардың білігін қажетті деңгейге жеткізіп алу керек деп есептейміз.

Ағылшын тілінде сөйлейтін пән мұғалімдерін университеттерден қосымша алдыртамыз. Биыл төрт жыл бойына ағылшын тілінде арнайы грантта оқыған алғашқы түлектер бітіргелі жатыр.

Ал арнайы пәндердің ағылшынша оқытылуға көшуі мектептердің мүмкіндігі мен мұғалімдердің дайындығына байланысты біртіндеп, ақырындап жүзеге асырылады.

Кәмшат СӘТИЕВА

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here