2005 жылы Елбасы тапсырмасымен елімізде «Жасыл ел» жастар отряды құрылған. Мұндағы мақсат студент жастарды жазғы маусымда жұмысқа тарту, еңбекке баулу, адам күші жетпейтін салаларға бағыттап, өмірге бейімдеу еді. Алайда осы күнге дейін ұйымның жұмысы бір ізге түспей-ақ қойды. Бәлкім, биылғы «Жастар жылында» жастар отрядын құруды қолға алып, оған жаңаша серпін беру қажет шығар? «Қала мен Дала» дөңгелек үстеліне қатысқан сарапшылар осы тақырып төңірегінде ойларын ортаға салды.
Эдуард Полетаев, саясаттанушы:
– Кеңес үкіметі кезінде жастар қоғамдық-әлеуметтік өмірге белсене араласатын-ды. Жазғы маусымда жастар құрылысшыларға қол ұшын созып, қалаларды, ауыл-аймақтарды абаттандыруға, безендіруге, колхоз-совхоз жұмыстарына араласатын еді.
Студенттер жазғы маусымда уақытын құр бекерге өткізбейтін. Студенттік отрядтардың құрамына кірген жастарға азын-аулақ жалақы да төленетін.
Иә, Кеңес үкіметі келмеске кетті. Алайда оның кейбір тәжірибелерін санаттан сызып тастауға болмайды. КСРО кезіндегідей студенттік отрядтарды қазіргі заманның талабына сай, нарықтық экономиканың сұранысы негізінде қайта құрып, жазғы маусымда студенттерді өндіріске, құрылысқа, ауыл шаруашылығы саласына араластырып, тәжірибеден өткізген жөн деп ойлаймын.
Жазғы уақытын аунап-қунауға ғана арнамай, жұмысқа тұрып, еңбек ететін студенттер де бар. Алайда олардың саны азшылық.
Жастар отрядтары құрылар болса, оларды жазғытұрымда еліміздің туристік саласын дамытуға баулуға болар еді. Жастар елгезек, тез үйренеді, тез игереді, аңғарымпаз.
Отандық туризмнің сервисі ақсап тұрғаны өтірік емес. Бойында қонақтың көңілін таба білетін икемділігі бар студенттерді жазғы кездері неліктен еліміздің туристік өлкелеріне жұмысқа тартпасқа?
Мұны биылғы жылғы Жолдауында Елбасымыз да астарлап айтқан еді. «Жастар киелі Түркістанның гүлденуіне өз үлесін қосуы керек» деген болатын Нұрсұлтан Назарбаев.
Меніңше, туристік саладағы компаниялармен келісімге келіп, жастарды жұмысқа тартатындай жолдарды іздестіру қажет. Мұндай ұсыныспен құрылыс компанияларына да шығуға болады. Жастар сенбі, жексенбі күндері жұмысқа шығып, киім-кешегіне, қыдырғанына жететін табыс тапса несі айып?
Бақыт Жаңабаев, «Жастар KZ» қорының төрағасы, студенттік отрядтар қозғалысының ардагері:
– Студенттік отрядтар құру туралы идея алғаш рет Қазақстаннан бастау алған. КСРО тұсында «пионервожатыйлар» болды. Олар сол кездері 1800 келі қанттың құнына тең жалақы алатын. Қазақстан студенттік отрядтарға қосылғысы келетін жастарға жалақы төленетін. Сол себепті Кеңес үкіметі тұсында Қазақстанға жастар көптеп ағылды.
Иә, «Жасыл ел» бағдарламасының қабылданғанына да біршама уақыт болды. Алғашқыда шын қуандық. Қазақстанда еңбек отрядтарын құру туралы идея алғаш сол тұстары айтылды. Бұл ұсынысты Алматының бірқатар ЖОО ректорлары қолдап шықты. ТМД мемлекеттерінің елшіліктері де бұл идеяға атсалысуға ынталы екендерін айтты.
Алайда айтылған сөз айтылған жерінде қалды. Идея іске аспады. Мақсат орындалмады. Қазіргі күні «Жасыл ел» қозғалысының жалғыз штабы Алматыда ғана бар, іссапарға шығатын отрядтары жоқ.
Ендеше, «Жастар жылында» жастар отрядтарын құру туралы идеяны қайта жандандыру керек деп санаймын және бұл жолы сөзден іске көшу қажет.
Гүлмира Илеуова, «Стратегия» саяси және әлеуметтік зерттеулер орталығының президенті:
– КСРО уақытында студенттік отрядтар әртүрлі апаттардың салдарын жоюға жұмылдырылатын еді. Айталық, Арменияның Спитак қаласында болған жер сілкінісінің зардаптарын жоюға ең алдымен, студенттер үлкен үлес қосты.
1990 жылы Зайсан ауданында болған жойқын жер сілкінісінен үйлері қирап, далада қалған жергілікті жұртқа қол ұшын созу үшін Алматыдан аттанған отрядтың құрамында өзім де болдым. Асханаға жұмысқа тұрып, тұрғындардың ас-суын қамдадым. Менен өзге ондаған, жүздеген студенттер апаттан есеңгіреп қалған елге көмек қолын созды. Халықтың үйінділер арасында қалған құнды заттарын, құжаттарын студенттік отрядтар жұмылып жүріп тауып берді. Жалпы алғанда, студенттік отрядтардың құрамында жүріп үлкен өмірлік тәжірибе жинадым.
Халықпен араластым, шеткерірек жатқан елді мекендердегі жағдаймен таныстым. Одан бұрын сол кезге ата-анасының бағып-қағуымен келген көптеген еркетотай студенттер сынақтан өтті. Аптап ыстықта терлеп-тепшіп арық тазалады, картоп жинады, құрылыстарда кірпіш тасыды, күрек ұстады. Бұл өз кезегінде олардың бойында өмірдің қиындығына төзе білетін мінез-құлық қалыптастырды.
«Жастар жылында» жастар отрядтары құрылар болса, алғашқылардың бірі болып қолдаймын. Бұл бүгінгі ақсаусақ жастарға ауадай қажет тәжірибе.
Иә, Кеңес үкіметіндегі студенттік отрядтар келмеске кетті. Бүгінгі заманның болмысына бейімдеп, жастардың құқы қорғалатындай, уақтылы айлық алатындай, жатын орынмен қамтамасыз етілетіндей сауатты бағдарлама жасалуы қажет. Мұндай отрядтар құрылар болса, олардың бәрін жаппай құрылыс саласына жұмылдыру да ағаттық. Жастар отрядтары бүгінгі нарықтық экономиканың сұранысына сай сұрыпталуы керек.
Ирина Смирнова, ҚР Мәжіліс депутаты:
– Ілгеріде идея болғанмен оны іске асыруға келгенде іркіліс бар дедіңіздер. Барлық мәселе түптеп келгенде, қаржығы тіреледі. Қаржылай қолдауы жоқ жоба – өлі жоба.
Сондықтан бұл идеяны сөз етпес бұрын «оны жүзеге асыруға қажетті қаржыны қайдан аламыз» деген сауалға бас қатырған жөн.
Жобаға Үкімет тарапынан қаржы бөлінгенін қаласақ, оның артық-кем тұсын екшеп, жоба-жоспарын қағазға түсіріп, пісіріп талқыға ұсынуға тиіспіз.
Иә, бұл идеяны мен де қолдаймын. Мұның негізгі себебі – қазіргі жастар өзі тұратын қаладан алысқа ұзап шығуға жүрегі дауалай бермейді. Айталық, Батыста тұратын жастардың көпшілігі Оңтүстік өңірлермен таныс емес. Немесе оңтүстік өңірлерде тұратын жастар солтүстік аймақтарды өмірінде көрмеген болуы мүмкін. Сол секілді Шығыс Қазақстанның жастарына Батыс жақ таңсық.
Жастар отрядтары құрылар болса, әр өңірдегі жастар мидай араласар еді. Бір-бірімен жақын танысып, алғаш рет аяқ басқан өңірден өзіне жақсы жұмыс табудың мүмкіндіктерін іздестірер еді. Жаңа жұптар пайда болып, демографиялық ахуал түзелер еді.
Айналып келгенде, жастар отрядтарын құру еліміздің әр өңіріндегі жастардың басын қосу, олардың араласып-құраласуына дәнекер болу дегенді білдіреді.
Мұндай бастаманы көтерместен бұрын оның заңдық бағытынан шикілік шықпауын бірінші кезекте қарастыруы қажет. Иә, мұндай ұйым құра отыра, жастарды еңбекке баулимыз дегеніміз бір қарағанда, көңілге күдік туғызбайтындай көрінеді. Ал, негізінде, қазіргі ата-аналардың көпшілігі өз баласын мұндай отрядтарға жіберуге қарсы болуы керек. Кеңес үкіметі тұсында «балаң отрядқа бара ма, бармай ма деп ешкім сұрап жатпайтын», бүгінгі заманның бояуы бөлек. Ертең еңбек етем деп отряд құрамына қосылған жас жазатайым болса, жауапты кімнен аламыз? Осыны да ойланған жөн.
Сондықтан алдымен, ата-аналардың пікірін білу керек. Иә, көпшілік ата-аналар бұл идеяны қолдарына сенімдімін. Алайда оларға кепілдік керек. Ол кепілдікті ұйымның заңдық құжаты сауатты жасалғанда ғана бере аламыз.
Әкімжан Арұпов, Халықаралық қатынастар және әлемдік экономиканың институты Жастармен жұмыс бөлімінің директоры:
– Жастарды еліміздің туристік әлеуетін көтеруге жұмылдырған жөн деп есептеймін. Мысалға, мен жақында Зерендіден оралдым. Солтүстік өңірлердегі демалыс орындарына жазғы уақытта адам күші жетіспейді екен. Мұның бір себебі, жалақы аз. Ешкім 80-100 мың теңгеге бола тер төккісі келмейді. Бірақ студенттер үшін бұл тәп-тәуір жалақы. Үш айда керек-жарағына жететін қаржы жинауға мүмкіндік алатыны анық.
Студенттердің күшін еліміздің туризм саласын дамытуға бағыттағанымыз дұрыс деп білемін.
Дегенмен, жастар отрядтарын құрарда өткенге үңілудің еш қажеті жоқ. Бұл тұрғыда келмеске кеткен КСРО бізге үлгі бола алмайды. Біз бүгінгі күні нарықтық дәуірде өмірде сүреміз.
Жастар отрядтары құрылса, оларды күні кешегі Арыс апатының зардаптарын жоюға бағыттауға болар еді. Қаланы қалпына келтіруге қыруар қаржы бөлінді. Осы орайда студенттік қозғалыстар құрылса, белсенді, елгезек жастар Арысты қалпына келтіруге өз үлестерін қосар еді. Әрине, мұндайда қауіпсіздік мәселесін басты назарда ұстау қажет. Жастарды бомбы, миналардан тазартылмаған Арысқа бас-көзі жоқ кіргізіп жіберейік дегенді меңзеп отырған жоқпыз, жастар тұрғындармен бірге кіріп, аяқталмай тұрған жұмыстарды аяғына жеткізсе, жергілікті жұртқа сеп болары анық.
Жастар отряды туралы айтқанда, оларға төленетін айлық та студентті еңбек етуге ынталандыратын деңгейде болғаны жөн. Жастарды ынталандыру қажет, егер айлық аздық етер болса, жазды күні жастар отрядының құрамында еңбек еткен студенттің стипендиясына 30 пайыз үстеме қосқан да артық етпес еді.
Рүстем Бұрнашев, саясаттанушы:
– Жастар отрядтарын құру туралы ұсынысты өз басым құптаймын. Бірақ бүгінгі заманның ағымы бұрынғыға ұқсамайтынын, КСРО тұсындағы студенттік отрядтардың үлгісі бүгінгіге жолбасшы болмасын ашып айту қажет.
Қазіргі жұмыс берушілер жастардың, студенттердің көмегіне мұқтаж ба? Жастар отрядтары құрылар болса, еліміздегі компаниялар тәжірибесі жоқ студенттерді жұмысқа алуға әзірлік таныта ма? Оларға лайықты жалақы төлей ме? Осы мәселелердің басын ашып, талқылауға тиіспіз.
Ашып айту қажет, біздегі құрылыс компанияларына студент жастарды жұмысқа шақырғаннан, гастарбайтерді жалдаған әлдеқайда тиімді. Бұл біріншіден, арзан жұмыс күші, екіншіден, ешкім ештеңеге жауапкершілік алмайды. Ал бұл – бүгінгі нарық талабы. Оған қарсы келе алмасымыз тағы белгілі.
Сосын жастар отрядтары мен еріктілерді шатастыратын компаниялар бар. Еріктілерге айлық төленбейді. Тегін істейді. Еріктілер белгілі бір істің басына өз еркімен келген адамды білдіреді. Ал жастар отрядының құрылымы да, мақсаты да бөлек. Бұл – біріншіден, жазғы уақытта жастарды жұмыспен қамту, жұмыс берушінің көңілінен шықса сол арада тұрақтап қалу, ісін жалғастыру.
Одан бұрын, жастарды құрылыс пен өндіріске жегіп қою тағы жөн емес. Өз саласына қатысы жоқ жерде қара терге түскенді кім қалайды дерсіз? Кешегі КСРО тұсындағы жастар отрядының ұрандары бүгінгі ұрпаққа стимул бола алмайды.
Сондықтан мұндай отрядтарды нарықтағы сұранысқа сай және студенттік шеберлігін шыңдап, тәжірибесін толықтыруға мүмкіндік беретіндей дәрежеде ұйымдастырған абзал.
Самат Келдібаев, «Жасын» жастар ұйымының жетекшісі:
– Мен білсем, қазіргі танымал кәсіпкерлердің көпшілігі бір кездері студенттік отрядтардың белсендісі болды. Отрядтың қазанында қайнап, өмірлік тәжірибе жинады. Сол арқылы бизнестің әдіс-амалдарын меңгерді. Отряд құрамына кіріп, еліміздің түкпір-түкпірін аралады. Әрбір өңірдің немен ерекшеленетінін білді.
Тоқ етерін айтқанда, жастар отряды студенттің бойындағы кәсіпкерлік қабілетті ашуға түрткі болады. Ал бұл қазіргі нарық заманында аса қажетті қабілет.
Жастар отрядтары озық дамыған елдерде де бар. Міне, солардың тәжірибесіне сүйену керек. Жастар жұмыс істеп, табыс табуға кет әрі емес. Тек оларға жалақы төлеу уақытылы болуы қажет және студенттер атқара алатын жұмысты ғана сеніп тапсыру қажет.
Дөңгелек үстелді
ұйымдастырған Роллан МҰҚАМЕТҚАЛИ