3 жылда жастарға 9 мың пәтер беріледі

0
1004

Жастарды қолдау олардың әлеуметтік мәселесін шешуден басталатыны белгілі.

Осы мақсатта Елбасының жастарды, жас отбасыларды пәтермен қамтуға арналған тапсырмасы артығымен орындалмақ. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр хабарлады.

Оның айтуынша, биылғы жылы еліміздегі үш ірі мегаполисте (Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент) еңбек етіп жүрген жастарды мыңға тарта баспанамен қамтамасыз ету көзделген екен.

«Алайда жақында бұл жоспарды қайта қарап, алғашқыдағы 1 мың пәтердің орнына жастарға 3 мың пәтерге дейін береміз деген шешім қабылдадық. Биылғы жылы, келер жылы және 2021 жылы аталған үш қалада жастарымызға 3 мың пәтер үлестіріліп беріледі», – деді ведомства басшысы.

Айта кетелік, былтырғы жылы Жастар жылының шымылдығын түрген Нұрсұлтан Назарбаев Астана, Алматы, Шымкент қалаларында жастарға арнап жылына мың пәтер салынатынын айтқан-тұғын.

«Үй мәселесінің өзекті екенін жақсы білемін. Тұрғын үй құрылысы қарқынды жүрсе де жас отбасыларды үймен қамтуда аздық етіп отыр. Бұл ретте халқының саны миллионнан асқан 3 қаланың (Астана, Алматы, Шымкент) басшыларына тиісті тапсырма беремін. Осынау ірі қалаларда жылына мыңнан кем емес пәтер жұмыс істейтін жастарға, жас отбасыларға арналып салынатын болады», – деген болатын Назарбаев.

Ал өткен жылдың күз айында сол тұстағы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Жеңіс Қасымбек (қазіргі күні Премьер-Министрдің орынбасары) Астана, Алматы және Шымкенттің жастарына 1 мың пәтер салу биылғы жылдың мамырында басталатынын айтқан болатын. 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here