Күні кеше ғана ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Ақмола облысына жұмыс сапарымен барып, өңірдегі денсаулық сақтау жүйесінің жұмысымен танысып, көпшіліктің көкейінде жүрген сұрақтарға жауап берді. Жалпы, денсаулық сақтау ешқашан күн тәртібінен түспейтін мәселе. Өйткені халықтың денсаулығын жақсарту заман талабына сай жасарып, жаңарып отыратыны белгілі.

Десек те, қазір кез келген өңір үшін кәсіби білікті ақ халатты мамандардың жетіспеушілігіне қатысты сұрақтар ылғи сала басшысының алдынан шығып отырады. Осы жолы да Денсаулық министрі бұл сұрақтан айналып өте алған жоқ. Ақмола облысының тұрғындары медицина саласында білікті кадрлар шоғырын қалай қалыптастыруға болатынын бас дәрігерден сұрады.

– Қазіргі таңда еліміздегі емдеу мекемелерінде 1150 учаскелік дәрігер жетіспейді. Оқу орындары болса жыл сайын 1500 жалпы практик дәрігерлер даярлап шығарады. Өкінішке орай, олардың бәрі аудандар мен ауылдарға барып жұмыс істемейтіні жасырын емес, – деп министр Қазақстан медицинасында білікті маманға қатысты түйінді мәселе бар екенін алға тартты.

Елжан Біртанов медицина мамандарын жергілікті жерлерде тұрақтандырудың жаңа амал-тәсілін тапқанын да ортаға салды. Оның айтуынша, алдағы уақытта ҚР Денсаулық сақтау министрлігі медициналық оқу орындарын бітірген түлектердің үш жыл бойына жергілікті жерлерде жұмыс істеуін міндеттейтін жаңа заңды шығаруға күш салып жатқандарын алға тартты.

Жаңа талап бойынша мемлекет есебінен оқыған, яғни мемлекеттік грантты пайдаланып, білім алған жастар оқуын тауысқаннан кейін жергілікті жерде жұмыс істеп, халық алдында борышын өтейтін болады.

Бұл білікті дәрігерлерді жергілікті жерге тұрақтандыруды бір тәсілі ғана. Бұдан басқа министрлік дәрігерлердің жалақысын 30 пайызға дейін көтеріп, оларды емдеу мекемелерінде тұрақты жұмыс істеуін ынталандыруды көздеп отыр екен.

Министрдің айтуынша, бірінші кезекте бұл медициналық-санитарлық алғашқы көмек дәрігерлері, медбикелер, санитарлар және кіші медициналық персонал, сондай-ақ учаскелік дәрігерлер, педиатрлар, акушер-гинеколог сынды қызметкерлердің айлығын көтеру көзделінуде.

Осылайша, алдағы 1 маусымнан бастап еліміздегі 225 мың медицина қызметкері еңбекақыларына үстінен 30 пайыз көлемінде қосымша ақы алады.

Ауылды жерлердегі амбулаториялық нысандардың ғимаратының тозғаны жасырын емес. Жұмыс орнында тиісті деңгейде жағдай жасалмағандықтан, білікті мамандар ірі қалаларға барып жұмыс істеуге аңсары ауып тұрады. Сондықтан жергілікті жердегі амбулаториялық нысандардың жағдайын жақсартып, кейбір жерлерде жаңа нысандар салу ісіне ҚР Денсаулық сақтау министрлігі бел буып, білек сыбана кіріскенін Ақмола облысында халықпен кездесуінде Елжан Біртанов ашып айтты.

Алдағы үш жылда еліміз бойынша 600-ге жуық емдеу мекемесі салынбақшы екен. Бұл, негізінен, ауылдық деңгейдегі объектілер, ауылдық дәрігерлік амбулаториялар, медициналық пункттер, фельдшерлік-акушерлік пункттерді қамтитынын ескертеміз. Осылайша, министр ауылдағы медициналық ахуалды реттеуге кірісіп кеткенін айтып, көпшіліктің өрекпіген көңілін басты.

Министр халықпен кездесуінде дәрі-дәрмек бағасы, жаңа дәрілік заттарды тіркеу, Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу мәселелеріне қатысты да өз ойын ортаға салды.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here