Президент Жарлығымен Күләш Шәмшидинова Білім және ғылым министрі болып тағайындалды. Мұғалім, республикалық «Qazbilim» орталығының директоры Аятжан Ахметжанұлы осы тағайындауға орай өз пікірін ортаға салыпты. Оның айтуынша, Сағадиев былықтырып кеткен реформа соңына дейін шығады.
«Күләш Шәмшидинова апамыздың орынтағына құтты болсын айтамыз. Ісіне сәттілік тілейміз.
Біріншіден, жалпы, өте сәтті тағайындау. Оның себебі бұл кісі қарапайым мұғалім, мектеп директоры, білім басқармасы басшысынан бастап, білім саласындағы барлық лауазымда отырған, вице-министр де болған, бұл салада тәжірибесі жеткілікті, білімді, таза қазақ тілді адам.
Екіншіден, қазіргі реформа бастауы Назарбаев зияткерлік мектептері жүйесінен алынған. Ал жаңа министр – Назарбаев зияткерлік мектептерінің құрушысы, директорлар кеңесінің төрайымы.
Сондықтан Аслан Сәрінжипов бастап, Ерлан Сағадиев қостап, былықтырып кеткен реформа соңына дейін шығады. Реформа тоқтайды деп қуанбаңыздар, мүлде ойламай-ақ қоюға толық негіз бар.
Үшіншіден, апамыз бір аптадан соң 4-наурызда 61 жасқа толады. Яғни ол кісі – зейнеткер. Оның үстіне, заң бойынша келесі жылы президент сайлауы, президент сайлауынан соң үкімет қайта доғарысқа кетіп, жаңадан жасақталады.
Сондықтан он бесінші министр бұл орында ұзақ отырады деп айта алмаймын. Сағадиевке дейінгі 13 министр секілді ең ұзағанда бір жарым жылдан соң шынымен зейнетке кетеді.
Төртіншіден, білім саласындағы соңғы реформаның, нақтырақ айтқанда 2016-2021 жылдарға арналған білім реформасының соңғы екі жылы ғана қалды, ал жаңа министр сол реформаның басында тұрған адам ретінде соңғы нүктесін қоюға келді деген ойдамын.
Жалпы, ойым – осы. Тілейтінім, Назарбаев зияткерлік мектептерінің бағдарламасы толық енетіндіктен, Назарбаев зияткерлік мектептерінің жабдықталуы, мұғалімдерінің жалақысы, материалдық мүмкіндіктері толығымен барлық мектептерге жасалса, соған жаңа министр күш салса екен.
Сонымен бірге «педагог мәртебесі» туралы заңды толық, сапалы етіп бекітіп кетсе екен, Елбасы тапсырмасы орта жолда қалмайды деп сенемін.
Айтпақшы, жаңа министрге жалғыз жақындығым бар, ол кісі де мен секілді химик немесе мен ол секілді химикпін.
Жаңа министрге сәттілік тілеймін! Еліміздің білім, ғылым саласы дами берсін!», – дейді республикалық «Qazbilim» орталығының директоры Аятжан Ахметжанұлы.
Ал саясаткер Мұхтар Тайжанның айтуынша, уақыт өте келе білім саласын ойрандап кеткен Ерлан Сағадиев осы әрекеті үшін жауап беретін болады.
Министр болған үш жылдың ішінде мектептерді бүлдіріп, оқулықтарды он өзгертіп, ғылымның тоз-тозын шығарып кетті.
Сағадиевке шағымданған ұстаздар мен ата-аналардың санында есеп жоқ. Мектеп бағдарламасына үштілділікті енгізіп, оқушылардың миын ашытты. Ата-аналар мен ұстаздарды араздастырды.
Тәуелсіздік тарихында қазақтың тілі мен тарихына, білімі мен ғылымына дәл Сағадиевтей орасан зор кесірін тигізген министр болған жоқ.
Оның орнына келген Күләш Шәмшидинова өмір бойы ұстаздық еткен білікті маман. Сағадиев аяқсыз қалдырған шикі жобалардан осы арадан үзіп, білім саласын былықтан арылтады деп сенемін», – дейді Тайжан.
«ҚАЛА МЕН ДАЛА» АНЫҚТАМАСЫ:
Күләш Шәмшидинова – Алматы облысы Көксу ауданында туған. Қазақстанның мемлекет қайраткері, ғалым, педагог, химия мұғалімі.
1979 жылы Алматы облысы Көксу ауданындағы Амангелді атындағы орта мектепте химия пәнінің мұғалімі болған. 1981-1986 жылдар аралығында комсомолдық қызметте еңбек еткен.
Комсомолдық жұмыстардан кейін түрлі деңгейлерде партиялық жұмыс етті. Басында, 1986 жылдан бастап Талдықорған облыстық партия комитетінде нұсқаушы қызметін атқарған, ал 1991 жылы Талдықорған қалалық партия комитетінің хатшысы ретінде еңбек еткен.
1991 жылы партиялық жұмыстарды аяқтап білім саласында қызмет етті. 1992 жылға дейін Талдықорған облыстық мұғалімдердің білімін жетілдіру институтында директордың орынбасары болды.
1992 -1996 жылдары Талдықорған қаласындағы №18 Б.Жолбарсыұлы атындағы мектеп директорынын қызметін атқарды. 1996 жылдан бастап қалалық атқарушы органдарында жұмыс жасаған.
Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары 1996-2002 болып, 2002 жылдың ақпан айынан ҚР Білім және ғылым министрлігінде вице-министр лауазымына тағайындалған.
2005-2007 жылдары – «Бөбек» РМКК Ұлттық ғылыми-практикалық білім және сауықтыру орталығының Бас директоры болған.
2007 ҚР Білім және ғылым министрлігінде вице-министр лауазымына қайта тағайындалған.
2009 жылдың қазан айынан бастап «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ басқарма төрайымы қызметтерін атқарған.