Елімізде мүгедектерге арналған 7 жылдық бағдарлама әзірленеді

0
2813

Қазақстанда мүмкіндігі шектеулі азаматтардың жағдайын жақсартуға арналған 7 жылдық ұлттық бағдарлама әзірленетін болады. Бұл туралы күні кеше Үкіметте өткен жиында еліміздің Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова айтты.

Бұл мәселенің әбден өзектеніп, белгілі бір өзгерістер жасайтын межеге келгенін жасыруға болмайды. Еліміздегі мүгедектер қауымының тұрмысын жақсарту әрі олардың құқығын кеңейту мәселесі билікте бұған дейін бірнеше рет көтерілген-тұғын.

Ал Светлана Жақыпованың айтуынша осы бағыттағы ұлттық жоспар 2025 жылға дейін әзірленбек.

«Осынау ұлттық жоспар тағдыр тәлкегіне ұшыраған адамдарды тіршілікке толықтай кіріктіру үшін жағдай жасауға арналған кешенді және де ведомствоаралық тәсілді қамтамасыз етуге тиіс. Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың тіршілігін түзеп және де толыққанды құқығын қорғайтын кешен қалыптастыру бойынша сарапталып, сұрыпталған 7 басым бағыт әзірленді», – деді ол.

Атап айтар болсақ, бұлар:

  1. денсаулық профилактикасы – мүгедектік патологияларын азайту;
  2. инклюзивті білім беру – бәсекеге қабілетті тұлғаны қалыптастыру;
  3. дербес мобильділік – қолжетімді орта;
  4. еңбек және жұмыспен қамту – өмір сүру деңгейін арттыру;
  5. әлеуметтік оңалту мен реабилитацияны дамыту;
  6. мүгедектік проблемаларына көзқарасты өзгерту;
  7. әлеуметтік қызметкерлердің кадрлық әлеуетін дамыту.

Әрине, аталған бағыттағы жұмыс тек Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне ғана жүктелмесі анық.

Жақыпованың айтуынша, осынау Ұлттық жоспарды жүзеге асыруға Денсаулық сақтау, Білім және ғылым, Индустрия және инфрақұрылымдық даму, Қоғамдық даму министрліктерінің басшылары атсалысатын болады.

«Мұның бәріне бюджеттен қаржы бөлінетіні белгілі. Демек, бұл жоспармен толықтай танысып алған артық етпейді. Осының негізінде аса маңызды стратегиялық шаралар қабылдайтын боламыз», – деді вице-министр.

Мүгедектер үшін осы жоспардың кешеуілдемей жүзеге аса бастағаны да маңызды. Светлана Жақыпованың айтуынша Ұлттық жоспар әлі де болса пысықталып биылғы жылдың мамыр айында қолданысқа енгізілетін болады.

 

Ербол Игембергенов:

«МҮГЕДЕКТЕР МӘСЕЛЕСІН БІРЛЕСІП ҚАНА ШЕШЕ АЛАМЫЗ»

Ұлттық жоспар мүгедектер мәселесін толыққанды ескерді ме? Бұл құжат мүмкіндігі шектеулі азаматтардың өзі не ойлайды? Еліміздегі мүгедектер мәселесін шешу үшін нақты қандай шаралар қабылдануы керек?

Бұл ретте біз «ЕРЗИ» мүгедектер қауымдастығы» қоғамдық бірлесті­гінің президенті, І топтағы мүгедек Ербол Игембергеновге хабарласып Ұлттық жоспарға қатысты пікір сұрап білдік.

«Өз басым бұл құжатта мүгедектер қауымының барлық мәселесі ескерілді деп есептеймін. Алайда әзір бұл құжат қана. Нәтиже сөзбен емес, іспен бағаланады ғой. Мүмкіндігі шектелуі азаматтардың кезек күттірмейтін проблемелары көп. Соның бірі – оңалту бағыты.

Ұлттық жоспардың 5-ші бағыты Әлеуметтік оңалту мен реабилитацияны дамыту деп аталады екен. Мүгедектер мәселесін сөз еткенде елімізді дәл осы мәселенің шет қалып келе жатқаны жасырын емес.

Осы оңалту деген түсініктің мәні мен мазмұнын қоғам әлі де болса жете түсіне қойған жоқ. Дәл қазір бізге жүріп-тұрудан қалған азаматтарға арналған инновациялық орталықтар қажет.

Мұндай орталықтардың мақсаты мүгедектерді қайнаған тіршіліктің етене араластыру.

Айналып келгенде еліміздегі мү­гедек адамдардың ең басты проблема­сы – олардың қоғамнан тыс өмір сүруінде жатыр. Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың көпшілігі тысқа шыға алмай, төрт қабырғаның ішінде қамалып отырған жайы бар. Ал мұның арты психологиялық дағдарысқа алып келеді. Тіпті кей кездері адам өз-өзіне қол салуға дейін барады.

Шетелде мүгедектерді қоғам өмірінен шеттету түсінігі жоқ. Олар қайнаған тіршіліктің бел ортасында жүр. Оларды ешкім кем көрмейді. Кем санамайды. Екі қол, екі аяғы сау адамның жұмысын көп жағдайда мүгедектер де қиналмай атқарады. Олар соның арқасында өзінің мүгедек екенін ұмытып, елдің дамуына үлес қосады.

Біздің елге де сондай түсінікті қалыптастыратын кез жетті.

Мүгедектер мәселесін бір жұдырыққа жұмылып қана шеше аламыз. Өзім басқаратын оңалту орталығында қазіргі таңда 80 –нен астам азамат бар, бұлардың ішінде арбаға таңылғаны 30 адам.

Еліміздегі мүгедектер проблемасын Үкіметке жеткізуде белсенділік танытып отырған жайымыз бар. Алайда отырған орнымыз тым тар. Ал бізге келем деушілер өте көп. Орталықтың тарлығына байланысты мүгедек жандардың барлығын қабылдауға жағдайымыз бола бермейді. Жартылай станционарлық жұмыс режімінде тәулігіне әрі кетсе 15 адамды ғана қабылдай аламыз.

Осы ретте мүгедектер мәселесін шешуге арналған Ұлттық жоспарды оңалту орталықтары көптеп ашылса деген ұсынысым бар.

Екінші мәселе мүмкіндігі шектеулі азаматтардың мәселесін сөз еткенде көпшілік мұны емдік қызмет көрсетудің аясымен ғана шектейді.

Бұл да қате тұжырым. Мүгедектер де осы қоғамның бір мүшелері. Олардың да мамандық алуға, жұмысқа орналасуға, психолог, логопед, әлеуметтанушылардың қабылдауына жазылуға құқы бар.

Бұдан бөлек елімізде сал ауруына шалдыққан азаматтар үшін жаттығу залдарын, демалыс бөлмелерін, арбада отырған адамдарға арналған жолақтарды көбейту мәселесі аса өзекті.

Мұның бәрі мүгедектер қоғамдық өмірмен біте қайнасып, өзін өгей сезінбей үшін аса маңызды».

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here