Туризмі алға басқан Түркістан

0
2021

Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевтың алдында Туризм және сыртқы байланыстар басқармасының басшысы Олжас Шынтаев пен Еңбек инспекциясы жөніндегі басқармасының басшысы Алмасбек Мамытбеков 2018 жылы атқарған жұмыстары туралы есеп берді.

Алғаш болып сөз алған Олжас Шынтаев облыста туризм саласы тарихи-мәдени, мінәжат ету, экологиялық және емдік-сауықтыру бағыттары бойынша әлеуетті екенін айтты.

– Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру және туристік әлеуетті ішкі туризмді маркетингтік ілгерілету мақсатында 2018 жылы бірқатар іс-шаралар өткізілді. Қызмет көрсету сапасын жетілдіру мақсатында ЮНЕСКО өкілдерін, Түркия мемлекетінің экспертін, «Tour Lab» туристік зертханасы мамандарын тарта отырып туристік бизнес, мұражай қызметкерлері, гид-экскурсоводтарға арналған семинар-тренинг өткізілді. Елбасының 29 қыркүйекте Түркістан қаласына ресми сапары барысында Түркістан қаласында мәдени-тарихи туризмді, Төлебиде (Қасқасу) тау-шаңғы туризмін, Сарыағашта емдеу-сауықтыру туризмін дамыту тапсырылған. Жалпы, жоспар бойынша 2025 жылға қарай Түркістанға 5 млн турист келеді, – деді Олжас Шынтаев.

2018 жылдың 9 айында туризм саласында орналастыру орындарынан түскен жиынтық табыс көлемі 1 013 875,8 млн теңгеге жеткен. Бұдан 2017 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 20,1 пайызға артқанын аңғаруға болады.

Аймақ басшысы облыстың имиджін көтеріп, шетелдік қонақтарды қызықтыру мақсатында сапалы жарнамалық роликтер мен фильмдер дайындау керектігін айтты.

– Аталған көрсеткіштерді Елбасының облысымызды қолдауының арқасында 2 есеге арттыруды жоспарлап отырмыз. Ол үшін тиісті шараларды дер кезінде атқару маңызды. Мәселен, туристік 6 бағыт бойынша 6 кітап шығаруды тапсырамын. Онда туристік нысандардың суреттері мен мәліметтері және маршруттық картасы көрсетілуі тиіс. Туристік компаниялардың арасында бәсекелестікті қалыптастыру керек, – деді Жансейіт Қансейітұлы.

Айта кету керек, биыл облысымыздың үш туристік объектісі Әлемдік туристік тартымдылық тізіміне еніп отыр. Туризм индустриясының мултипликативтік эффектісін ескеріп, барлық бағыттар және тапсырмалар мен міндеттер орындалатын болады.

2018 жылдың 12 айында басқарма тарапынан 1635 азаматтардың арыз-шағымдары қаралып, барлығына заңмен белгіленген мерзімде жауап берілді. Көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 30,7 пайызға азайған. Бұл туралы өз кезегінде Еңбек инспекциясы жөніндегі басқармасының басшысы Алмасбек Мамытбеков мәлімдеді.

Оның сөзінше, арыздардың басым бөлігі Сарыағаш, Мақтаарал, Сайрам аудандары мен Түркістан қаласына тиесілі. 2018 жылы қаралған істердің 38 пайызы – жалақы төлеу мерзімінің бұзылуы, 23 пайызы – еңбек шартын бұзу, 12 пайызы – еңбек демалысын уақытылы бермеу, 5 пайызы жұмыс уақытының нормасын бұзуға қатысты болған.

– Жүргізілген тексерулердің нәтижесінде 641 заңбұзушылық анықталды. Еңбек заңнамасының бұзылуы бойынша 18 783 050 теңге көлемінде айыппұл салынды. Салынған айыппұлдардың сомасы өткен жылмен салыстырғанда 0,9 млн теңгеге, яғни 4,8 пайызға кеміген, – деді басқарма басшысы.

2018 жылдың 12 айында шетел капиталының қатысуымен тіркелген мекемелерде 8 тексеру жүргізілді. Шетел компанияларының қатысуымен 29 заңбұзушылық фактілері анықталған. Екі лауазымды және заңды тұлғаға 408 850 теңге көлемінде айыппұл салынып, төрт лауазымды тұлғаға ескерту түрінде әкімшілік шара көрілді.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here