Түркістан облысының Төле би ауданына ауызсу тартылып жатыр. Енді мыңнан аса түтіні бар Зақамбар ауылының тұрғындары тіршілік нәрінен тарықпайтын болады.

Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары салынған су құбыры әбден тозып, ауыл ауызсусыз қалған еді. Төле би ауданына қарасты Зақамбар ауылында 5 мыңға жуық тұрғын бар. Талай жылдан бері тіршілік нәріне тәуелді болған ауыл халқына ауызсу күніне бір сағат қана беріліп келген-ді. Сол кезде барлық ыдыстарын толтырып алуға асығатын тұрғындар судың қадірін бір кісідей-ақ біледі. Барлығын үнемдеп, ысырап қылмауға үйренген.

Биыл мамыр айынан бастап ауызсу тарту жұмыстары басталғанда, ауыл тұрғындары бөріктерін аспанға атып қуанған-ды.

– Күніне бір-ақ сағат су беретін. Жақсы жаңалық естіп жатырмыз. Рақмет. Зақамбар ауылына ауызсу тарту жұмыстарына бюджеттен 402 млн теңге қаржы бөлінген. Бүгінге дейін оның 212 миллионы игеріліпті. Қазір бұнда 8 техника мен 35 адам тынымсыз жұмыс істеуде. Олардың 25-сі – ауыл тұрғындары, – дейді Зақамбар ауылының тұрғыны Сатыбалды Қожаев.

Ал құрылыс жұмыстарына жетекшілік жасап жүрген Қайнарбек Субаев: «Сметалық құжат бойынша 1006 тұтынушыға су тарту бекітілген. Аудан басшыларының бізге қосалқы тапсырмасы бойынша 30-40 жаңадан салынған үйлерге, жас отбасыларға да қосып беруді өз мойнымызға алып отырмыз. Сонымен 1050 абонент болады. Жауапты мердігер мекеме су құбырын әр үйдің ауласына дейін кіргізіп береді. Ары қарай үйінің ішіне тарту – әркімнің өз шаруасы. Қазір ауылға ауызсу тарту жұмыстарының 60 пайызы аяқталған. Жұмыс қазан айына дейін толық бітеді», – деді.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here