Президент ЖІӨ өсімін 4%-тен төмен түсірмеуді тапсырған еді, алайда сегіз айдың қорытындысы бойынша өсім 3,8%-ті құрап отыр.
ҚР Үкіметінің басшысы Бақытжан Сағынтаев жыл соңына дейін ЖІӨ өсімін 4 процентке жеткізуді тапсырды.
«Барлығының баяндамасын тыңдадық, тағы да қосымша уәдесін алдық. Елбасы ЖІӨ өсімін 4%-тен төмен түсірмеуді тапсырған болатын, ал сегіз айдың қорытындысы 3,8-ді көрсетіп отыр.
Тимур Мұратұлының (ұлттық экономика министрі) баяндамасында көрсетілгендей, жыл соңына дейін 4%-пен аяқтау үшін біз төрт айдың ішінде 4,2%-пен өсуіміз керек. Жұмыс күрделенді», – деді Премьер-министр Үкіметтің кезекті отырысында.
Сағынтаев тамыз айында бәрі демалғандықтан, жұмыс жүрмей қалды дейді.
«Белгілі мысалдағыдай, жаздай ән салып, шырылдаған шегірткедей, күз түскенде дірілдеп, жұмысымыз жүрмей қалып жүрмесін.
Негізгі мәселе –тамыз айында жұмыстың жүрмеуінде. Демалыс болды, былайша айтқанда, бәрі арқаны кеңге салды, есесіне 3,8 процентке келіп түстік.
Қолайсыз факторларды да, сыртқы факторларды да есепке алғанның өзінде, Елбасының тапсырмасын орындап, жылды жақсы көрсеткішпен аяқтауға барлық мүмкіндік бар. Сондықтан құрметті әріптестер, мән-жайды анықтап, жұмысын тиісті деңгейде атқармаған басшылардың жауапкершілігін қарауды тапсырамын.
Қабылданған шаралар мен тәртіптік жазалар туралы ақпарат бір апта ішінде Премьер-министр кеңсесіне ұсынылатын болсын», – деді ол.
Сондай-ақ Бақытжан Сағынтаев Ұлттық экономика министрлігіне мүдделі органдармен бірлесіп, осы айдың соңына дейін селекторлық кеңес дайындауды тапсырды.
Кеңесте Елбасының жылды 4 проценттік өсіммен аяқтауға қатысты тапсырмасы, бес әлеуметтік бастаманың орындалуы мен сессияның ашылуында берілген тапсырмалар қаралмақ.
Айта кетелік, бұдан бұрын Үкімет басы қыркүйек айының соңына қарай өңірлердің, банктердің, бизнес пен квазимемлекеттік сектордың қатысуымен атқарушылық тәртіп жөнінде арнайы кеңес өтетінін айтқан.