Жетісудың бір пұшпағы Жамбыл ауданын «Ақындар мен батырлардың» елі деп бекер айтпайды. Күні кеше ғана Жамбыл ауданына «Қала мен Дала» газетінің арнайы экспедициясы барып, ауданның тыныс-тіршілігін көріп қайтты. Сүйінбай Жамбыл жер өсі саналатын Ұзынағаш ауылына табанымыз тиген бетте іргелес жатқан Жамбыл ауылындағы жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың кесенесінің басына зиярат етіп, көзі тірісінде қазақ әдебиетінің Гомеріне айналған ақынның музейін тамашалап, мәдени ошақтың жай-күйімен танысып қайттық.
Бізге жол бастаған Жамбыл ауданы Ішкі саясат бөлімінің басшысы Айткүл Медеуова ханым іргетасы 1938 жылы қаланған музей ауданның шамшырағына айналып, мәдениеттің мәйегі болғанын алға тартты. Музей тарихы жайында аз-кем әңгімелеп те берді.
– 1938 жылы Жамбыл атамыздың шығармашылық еңбегінің 75 жылдығы тойланғанда жыр алыбына өкімет басшылары он екі бөлмелі тұрғын үйді пайдалануға береді. Ақын өмірден өткен соң өзі тұрған үйі Қазақстан Үкіметінің шешімімен, яғни 1946 жылдың 8 шілдесінде мұражайға айналды. Осылайша, 1947 жылдың мамыр айынан бастап мұражай ақынның өмірі мен шығармашылығын насихаттайтын ғылыми орталық болып халыққа қызмет көрсетіп келеді, – деді Айткүл Жұмағалиқызы.
Тау баурайындағы Жамбыл ауылындағы мұражайға келген бетте ақынның басына зиярат жасап, мұражайды асықпай аралауға кірістік. Әр бөлмедегі жәдігерлер ақын өмірінің кезең-кезеңінен мағлұмат береді. Мұндағы заттар Жәкеңнің өмірге келгенінен бастап, өмірден өткенге дейінгі 100 жылдық өмір тарихын баяндайтын шежіре десек болатындай…
Мұражай экспозициясы соңғы 30 жылда ірі-ірі үш рет жаңартудан өтіпті. 2011 жылғы соңғы жаңарту кезінде мұражай жәдігерлері тұратын сөрелер қазіргі талапқа сай жаңартылғанын байқадық.
Ақынның 150 жылдық мерейтойы қарсаңында Үкіметтің шешімімен бұрынғы мұражай үйіне жапсарланып үлкен мәжіліс залы салынған.
Бүгінде 12 қызметкер жұмыс атқаратын бұл мұражайда 3162 жәдігер сақталуда. Оның 2933-і негізгі қорда болса, қалған 229-ы ғылыми қосалқы қорда сақтауда тұрғанын мұражай директоры М.Қожашев айтып берді.
Ғимараттың сыртында ақынның кесенесі мен гараж орналасқан. Гараждың ішінде ақынның автокөлігі сақтаулы тұр.
Осы ретте кесене туралы мына бір жайды айтпай кетуге болмас. Жәкең өмірден өтерде өзі өсиет етіп, сүйегін ата-бабалар жатқан қабірстанға емес, өзі тұрған үйінің іргесіндегі алма бағына жерлеуді аманаттапты. Ақынның осы өтініші орындалып, сүйегі жалпы қорымнан бөлек, өзі өсиет еткен алма бағының ортасына жерленген.
Мүрдесінің басына 1946 жылы ақынның 100 жылдық мерейтойының қарсаңында биіктігі 18 метрлік шығыстық архитектура үлгісімен кесене салынады. Кесененің жобасын Қазақстанның халық суретшісі Ә.Қастеев, архитекторы сол кездегі Алматы қаласының бас архитекторы болып істеген Белоцерковский жүргізіпті. Кесенеге аракідік күрделі жөндеу жұмыстары да жүргізіліп, 1971 жылы ақ мәрмәрмен қапталса, 1983 жылы күмбезі тағы да 4 метрге биіктетіліп, сән-салтанаты арта түседі. Ақынның 150 жылдық мерейтойы қарсаңында Иран елінен арнайы әкелінген ою-өрнекті қыштармен көмкеріліп, кесене алдына көзі тірісінде өзін
желеп-жебеген қызыл жолбарыстың мүсіні орнатылыпты.
Мұражайдың тағы бір құнды жәдігерлерінің бірі – ақынның автокөлігі. М-1 МК маркалы автокөлік бүгінде кілтін бұрасаңыз дүрілдеп оталып тұр. Шеберлер Жәкеңнің жеке көлігін 2008 жылы толықтай жөндеуден өткізген екен.
Ал мұражай ішінен жыр алыбы Жамбыл атамыздың жазу үстелін, өмірлік серігі домбырасы мен күнделікті тұрмыста қолданған керек-жарақ заттарының бәрін көруге болады. Осы ретте ақын мен күйші Дина Нұрпейісованың Алатаудың баурайында көсілтіп домбыра шертіп отырған мүсіні де жүрекке нұр құйып, кез келген адамды бағзы бір заманға жетелей түседі.
Мұражай Жамбыл шығармашылығын зерттеу ісіне де өз үлесін қосып келеді. Сонымен қатар аудандағы мектеп оқушылары Жамбыл музейіне жиі келіп, рухани бұлақтың кемерінен сусындауды әдетке айналдырғанын байқадық.
Айтпақшы, Жамбыл атамыз өзі отырғызған қос терек бүгінде Алтаудан ескен самал желмен шайқалған алып бәйтерекке айналыпты. Қос бәйтерек алыстан көзге түсіп, барша қазақты өзіне магниттей тартып, әдебиетсүйер қауымға рухани нәр беріп тұрғандай…
Нұрлан ЖҰМАХАН