Ажырасқан жастар… Бала құқын ойлаған жан бар ма?

0
389

Жасыратыны жоқ, қазір елімізде жаңадан шаңырақ көтерген жастардың ажырасуы жиілеп кеткені жасырын емес. 2021 жылғы дереккөзіне жүгінсек, еліміз бойынша 50 мың ажырасу тіркеліпті. Өкінішке орай, халық саны 20 миллионға жетер-жетпес ел үшін бұл өте жоғары көрсеткіш болып тұр. Мамандар ажырасқандардың 65 пайызы балалы отбасылар екенін айтуда. Заң бойынша жастар ажырасқан сәтте олардың балалары анасының тәрбиелеуіне беріледі. Бірақ баланың әкесіне ай сайын алимент төлеп, бала кәмелеттік жасқа толғанша, қамқорлық көрсетуге міндеттелген. Дегенмен кейбір әкелер өздерінің осы құқықтарын толық орындамайтыны жасырын емес.

«Отбасы кодексімен» таныспыз ба? 

Ауылды жерде тұратын жас аналар осы алиментті ала алмай, ортақ баланы өздері асырайтын оқиғалар жиі кездеседі. Осылайша, олар баласына алимент төлету құқықтарын білмей, сот орындарына шағымданбайды. Бұдан кейін баланы өсіріп-жеткізудің бар ауыртпалығын жас-аналар өздері көтеруге мәжбүр болып жатады.

Осы ретте «Қала мен Дала» газеті көкек әкелерден алимент өндіре алмай тауы шағылған аналардың қайда барып шағымданып, қандай әрекетке баруы керек екенін жан-жақты түсіндіруді жөн санап отырмыз.

Қазақстан Республикасының «Отбасы кодексі» бойынша кәмелет жасына толмаған балаларды асырап, сақтау әкесі мен анасына басты міндеті һәм құқығы болып саналады. Егер ортақ бала колледж немесе жоғары оқу орындарында (институт, университет) білім алса, тартаптар бала 21 жасқа толғанша алимент төлеп, қамқорлық көрсетуге міндеттелген.

Ортақ келісім – тығырықтан шығудың оңтайлы жолы

Алимент төлету үшін бірден сотқа шағымданбай, ерлі-зайыптылар өзара келісімге келуіне болады. Ал баланың әкесі алимент төлеуден үзілді-кесілді бас тартып жатса, онда сотқа шағымданудан басқа амал қалмайды.

Бірінші кезекте тараптар өзара сөйлесіп, келісімге келуі маңызды. Егер ата-аналар өздерінің бала алдындағы құқықтарын сезініп, ерікті түрде келісімге келсе, ортақ келісім нотариус арқылы бекітілуі шарт.

Ортақ келісімде әкесінің заң аясында қанша көлемде алимент төлейтіні және баласымен кездесіп тұруы тайға таңба басқандай анық жазылады. Осылайша, тараптар бала алдындағы өздерінің құқықтарын сақтап, ортақ келісімге келуі қоғам үшін де, бала үшін де өте орынды шешім болып табылады.

Егер ата-аналар бала алдындағы құқықты толықтай сезініп, ортақ келісімге келген жағдайда олардың алиментті төлеуі өзара келісіледі. Мұндай жағдайда алименттік төлем ақша түрінде болмауы да мүмкін.

Кейбір жағдайда алименттік төлемге баланың атына түрлі дүние-мүлікті жазып берумен де шешілуі мүмкін.

Бұдан басқа, бала алдындағы өз құқын сезінетін әкелер қомақты қаражатты бірден аударып, алимент мәселесін түбегейлі шешіп тастайды. Мұндай жағдайда ана қомақты қаржыға үй алып, баласының болашағын қамтамасыз етуі мүмкін. Өкінішке орай, мәселенің бәрі осылай оңтайлы шешіле бермейтіні де белгілі.

Өкінішке орай, кейбір әкелер осы келісімді орындамай баласына алиментті уақытылы төлемей, соңы үлкен дауға ұласып жататыны да жасырын емес. Мұндай жағдайда ортақ баланы тәрбиелеп, өсіріп отырған ана баланың құқын қалай сақтайды деген заңдық сұрақ туындайды?

Көкек әкелерді қалай жөнге салуға болады?

Егер әкесі алимент төлеуден бас тартса, ана тұрғылықты мекенжайы бойынша аудандық сот орындарына шағымдануы керек. Бұдан басқа, egov.kz сайты арқылы да шағым түсіре алады. Шағым түсіруге қажетті құжаттардың жиі ауысып тұратынын ескерсек, бірінші кезекте шағымданушы жергілікті сот орындарына барып кеңес алуы керек.

Шағым түсіру үшін ананың қолында арыз, жеке басты куәландыратын құжаттың көшірмесі, алимент алуға құқық беретін құжат (неке куәлігінің бұзылғаны жайындағы құжат пен баланың туу туралы куәлігінің көшірмесі) болуы шарт.  

Сонымен қатар шағымды «Сот кабинеті» порталында да толтыруға болады. Шағымды электронды форматта тапсырған жағдайда құжаттардың көшірмесін дайындап, шығынға батпайды. Осы ретте электронды түрде тез шағымдануға, тез жауабын алуға болатынын ескертеміз. Осы тұрғыдан алғанда электронды түрде шағымдану қолайлы. Бірақ бұл үшін шағымданушының ЭЦП қолтаңбасы болуы шарт.

Ескерте кететін жайт, алимент бойынша шағымды сот орындары қараған кезде шағымданушы ана мемлекеттік баж төлемейді. Судья сот ісін қарап, алимент төлеу туралы шешім шығарған соң, өз құқын орындаудан бас тартқан әкеге мемлекеттік бажды төлеуге міндеттейді.

Алимент қалай төленеді?

Егер ата-аналар арасында алимент төлеуге қатысты ортақ келісім болмаған жағдайда сот орындары арқылы алиментті мәжбүрлеп өндіріп алу ісі қарастырылады. Мұндай жағдайда алиментті белгілеудің өзіндік тәртібі бар. Заң бойынша бір бала әкесінің айлығының төрттен бір бөлігін алуға құқы бар. Ал екі бала болса әкесінің айлығының үштен бірін, ал үш немесе одан көп бала болса, әкесі жалақысының тең жартысын балаларына алимент ретінде төлеп тұруға міндеттелген.  

Осы ретте алиментті төлету ісі тек қана еңбекақыдан өндірілмейтінін айта кетуіміз керек. Егер әкесі степендия алып, қандай да бір дүние-мүлкін жалға беріп табыс табатын болса, заң осы табыс көздерінен алимент өндіріп алуды қарастырады.

Егер алимент төлеуші қандай да бір мекемеде жұмыс істейтін болса, сол жұмыс орнындағы бухгалтерия қызметкерлері алиментті ұстап қалып, баланың жеке шотына жіберіп тұру шарт.  Алимент төлеушінің жұмысы мен өзге де табыс көзі болмаса ол еліміздегі белгіленген орташа айлық бойынша алимент төлеуге мәжбүр болады. Еліміздегі орташа айлық 2022 жылдың І тоқсанында 285 433 теңге болып белгіленгенін ескерсек, мұндай жағдайда алимент төлеушіге өте қиын болатынын байқауға болады. 

Алимент дауы бойынша сот ісі тым ұзаққа созылмайды. Шағымданушы сот орындарына арызданғаннан кейін сот-өндірістік ісі 16 жұмыс күнінің ішінде қаралуы тиіс. Сот орындары тапсырылған құжаттарды тексеріп, бәрі дұрыс болған жағдайда арнайы бұйрық шығарып, жауапкер тарапқа жібереді.

Егер жауапкердің сот шешімімен келіспейтін болса, ол нақты нендей мәселе бойынша келіспейтінін айтып шағым түсіруіне құқы бар. Мұндай жағдайда соттың бұйрығы кері қайтарылады.

Бұдан кейін арызданушы адвокат жалдап, қайтадан сотқа шағымдануына тура келеді. Егер алимент төлеуші қандай да бір дертке шалдығып, жұмысын уақытша жоғалтқан жағдайда сот орындары оған белгілі бір уақыт аралығында алимент төлеуден уақытша босататынын да айта кетуіміз керек.

Бұдан басқа, баланы өзге отбасы бауырына басып, балаға қамқорлық жасау құқын алған жағдайда тараптардың бала алдындағы міндеттерінен босатылады.

Борышкерлерге қандай жаза қолданады?

Еліміздің «Қылмыстық кодексі» бойынша алимент төлеу жайында міндеттеме алған ата-ана 3 ай бойы бала алдындағы құқын орындамаған жағдайда 600 сағат қоғамдық жұмысқа тартылады болмаса екі жылға бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылады. 

2021 жылдың есебі бойынша алимент бойынша борышкерлердің саны 200 мыңнан асқан. Олардың 97 пайызы ер-азаматтар екен. Борышкерлердің 18 мыңының жағдайы мәз емес екені айтылады.

ҚР Әділет министрі Қанат Мусин мырза 2021 жылы алиментті төлемей жүрген 300 борышкер қылмыстық жауапкершілікке тартылып, 6 мыңнан астам борышкерге қарсы әкімшілік жазға қолданылғанын алға тартқан болатын.

Осы бір жайттардан-ақ елімізде алимент төлеу мәселесі ушығып тұрғанын байқауға болады. Осы жайсыз жайттардың алдын алу үшін халықтың әлеуметтік хал-ахуалын арттыру керек. Жаңадан шаңырақ көтерген отбасылардың ажырасуына әлеуметтік жағдайдың төмендігі  өз салқынын тигізіп жататыны жасырын емес. Бұдан басқа, жастар арасында отбасы құндылығын насихаттаудың маңызы зор. Жас отбасылардың шаңырағы шайқалмасын десек, осы мәселелермен күресіп, еліміздің демографиялық ахуалына сызат түсірмеуіміз керек.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here