Полиция халыққа жақын боуы керек

0
685

Мемлекеттің саяси құрылымында Ішкі істер органдары маңызды орынға ие. Себебі – Ішкі істер құрылымдарының қызметі қоғам өмірімен етене байланыста. Өзгеше айтқанда, полиция – қоғамның тұрмыс-тіршілігінің барлық саласында халықпен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейді.

Әлемнің АҚШ, Ұлыбритания, Жапония, Канада мен Еуропа сынды алпауыт елдерінде қоғамның даму тенденцияларына байланысты полиция реформасы да уақыт талабына сай үздіксіз жүргізіп отырады.

Полиция – елішілік тұрақтылық пен қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тікелей жауапта орган. Ендеше оның жұмысын жетілдіріп, заман талабына сай реформалап отыру кезек күттірмейтін мәселе.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Егемен Қазақстан» газетінде жариялаған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында ел Тәуелсіздігінің алдағы төртінші онжылдығында атқарылуы тиіс саяси реформалардың маңыздылығы туралы атап айтты.

«Алдағы төртінші онжылдықтың бізге жүктейтін міндеті – қуатты елдің иесі және кемел халық болу. Бұл жолда саяси-экономикалық реформаларды және сананы жаңғырту үдерісін жалғастырып, заман талабына бейімделген ұлттың жаңа болмысын қалыптастыруымыз қажет» деген болатын Мемлекет басшысы.

Жасырары жоқ, бүгінгі таңда Қазақстан полициясының имиджіне, ел ішіндегі бет-бейнесі мен беделіне қатысты әртүрлі пікірлер айтылады. Айтылар сын да аз емес. Қазақстан полициясына қатысты қоғам пікірін айтпағанда, сол полиция өкілдерінің өздері де – «басты міндетіміз – қылмыспен күресу ғана» деген түсінікпен жүргені жасырын емес.

Қазақта «Әкім бол, халқыңа жақын бол» деген сөз бар. Соны бүгінгі таңда «Полиция болсаң, халқыңа жақын бол» деп айтуға болады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасында айтылған басты міндет те осы. Әділетті қоғам. Тиімді мемлекет. Халыққа жақын полиция. Міне, осы үштаған критерийді – полиция реформасының өзегі деп түсінуіміз керек.

Жоғарыда айтқанымыздай, Ішкі істер органдарын реформалау басталып та кетті. Мемлекет басшысы Ішкі істер министрлігінің алқа мәжілісінде полиция реформасына қатысты бірқатар маңызды тапсырмалар мен міндеттер жүктегені белгілі.

Соның бірі – кадр саясаты. Полиция қызметін жаңғыртудың жол картасы аясында ведомстволық оқу мекемелері қайта ұйымдастырылуы керектігін, қызметкерлерді қайта даярлықтан өткізу арқылы іріктеу жүргізілуі керектігін айтқан болатын.

Осы бағыттағы атқарылып жатқан шаралар туралы аз-кем айта кетсем, ҚР ІІМ Мақан Есболатов атындағы Алматы академиясында қазір ведомстволық білім беру жұмысын жетілдіру бойынша Ішкі істер органдарының қызметкерлері қайта даярлық курстарынан өткізіп жатыр.

2021 жылғы ақпанда өткен Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Ұлттың әлеуеті төмендесе, мемлекеттің, ұлттың қауіпсіздігіне де қатер төнеді» деген болатын.

Қазіргі уақытта, біздің академияның кафедра басшыларымен бірлесіп, сервистік полиция моделі мен қылмыстық сот өндірісінің үш буынды моделі, осы бойынша сотқа дейінгі іс жүргізудегі қадамдар мен оларды шешу сынды өзекті міндеттер, ведомстволық білім беру жүйесін жетілдіріп жатырмыз.

Біздің академияның басты мақсаты – бұл полиция қызметкерлерін жан-жақты білім, ғылым мен практикалық қызметте қазіргі заман талабына сай озық тәжірбиелерге баулу болып табылады.

Мақан Есболатов атындағы Алматы академиясының білім беру практикасында ІІМ ардагерлерінің тағылымдамаларын тыңдату арқылы жас полицейлер мен ардагерлер арасында ұрпақ сабақтастығы дәстүрін қалыптастырдық.

Бұл дегеніңіз – ең алдымен, ұрпақтар сабақтастығын сақтап, сонымен қатар білім берудің инновациялық әдістерін де енгізіп, кәсіби маман дайындап шығару деген сөз. Мысалы, аталған бағытта біздің Академияның қабырғасында «Қылмыстық сот төрелегінің үш буынды моделі – азаматтардың құқытары мен бостандықтарының кепілі» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырылды.

Оған ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев бастаған ІІМ өкілдері мен депутаттар, сарапшылар қатысты. Бұл Халықаралық конференция – Ішкі істер органдарының жұмысын жетілдіруде ерекше маңызға ие.

Өйткені, бізге ел азаматтарының құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету кепілдігі ретінде сот төрелігінің үш буынды моделіне арналған бірінші халықаралық ғылыми-практикалық конференцияны өткізуге жүктелді. Бұл сонымен қатар, ертеңгі Қазақстан полициясын трансформациялауда академиялық курстардың ықпалы орасан зор екенін білдіреді.

Сонымен қатар, мәдениет және өнер қызметкерлері күні қарсаңында біздің Академияда даярлықтан өтіп жатқан ІІМ қызметкерлерін Алматыдағы Абай атындағы опера және балет театрына, сонан соң М.Әуезов атындағы Мемлекеттік акдемиялық театрға апардық. Қазақстанның Халық әртісі Асанәлі Әшімовпен аранйы кездесу өткіздік.

Биыл наурыз айында ҚР ІІМ Ерлан Тұрғымбаев мырза өзі арнайы келіп, Алматы Академиясында ашғашқы факултетті ашты. Қазіргі таңда Республикамыздың әр облысынан, Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларынан департамент басшыларының орынбасарлары келіп, оқып жатыр. Бұл факултетте бүкіл Қазақстан бойынша басшылық құрам дайындалады. Қазір 19 адам келді. Олар үш ай осында оқиды.

Мақсат – полиция басшыларын даяндап шығару. Әрине, олар өз жұмыстарын жақсы біледі. Жиырма жыл бойы қызмет еткен, оқыған, білім алған азаматтар. Бірақ, кәсіби тоқырау деген бар. Мұғалім қартайғанда ақыл айтқысы келеді деген сияқты, бір жұмысты ұзақ уақыт істей берген соң, сол жұмыс адамды кейде «бұзады». Ол да адам ғой. Оның да жанұясы бар. Жан-жағында  қоғам бар, дос-жолдасы бар. Міне, сондай болып кетпесі үшін, біздегі оқу ісінде осындай мәдени іс-шаралар қарастырылған. Театр мен киноға бару.

Қазір жұрт бір негативті ақпаратты көріп алсақ, оны желдей естіріп, жер-жаһанға жапатармағай таратып жібереді. Сөйтін, бір адамның арқасында бәрі жаманатты болып шыға келеді. Соның алдын алу үшін әрине – полиция халыққа жақын боуы керек. Ол үшін осындай іс-шаралардың маңызы ерекше.

Онан соң, ҚР ІІМ Мақан Есболатов атындағы  Алматы академиясы мен М.Әуезов атындағы Мемлекеттік академиялық театр арасында ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды.

Сондай-ақ, біздің Академияда полиция қызметкерлеріне көпшілікпен диалог орнату, көпшілік алдында сөйлеу өнеріне қатысты даярлық курстарын ұйымдастыруда. Бұл да өз кезегінде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтқан ІІМ қызметкерлерін жаңғырту бойынша атқарылып жатқан жұмыстар десек болады.

Сөз соңында, қазіргі Қазақстан полициясының саяси мәдениетін көтеру үшін – әуелі олардың санасын жаңғырту маңызды. Бүгінгі полиция қандай болуы керек? Қазақстан полициясы – қоғам сеніміне ие ме? Қоғам алдындағы «жақсы полиция» образы қандай? Жауап біреу – ол қоғаммен тығыз интеграцияланған полиция! Ендеше, алдымызға қойған мақсатымыз бар. Әлемдік іс-тәжірибені сүзгіден өткіздік. Біз ашықпыз. Қол жетімдіміз. Ынтымақтасып жұмыс жүргізуге де дайынбыз. Біз үшін Академия жұмысын жетілдіруде түйткілді мәселелерді шешуде қоғам пікірі маңызды.

Айдар САЙТБЕКОВ, ҚР ІІМ М.Есболатов атындағы Алматы академиясының бастығы, заң ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор полиция полковнигі.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here