Осы аптада Астанадағы Орталық коммуникациялар қызметінде Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовтің қатысумен «Экономикалық өсудің жаңа моделі» деген тақырып аясында баспасөз конференциясы болып өтті.

 

Әлем және Қазақстан

Баспасөз мәслихатында Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов қазір әлемде экономикадағы саяси фактор күшейіп, геосаяи дүрбелең артқанын алға тартты. Сонымен қатар АҚШ, Ресей, Түркия, Иран арасындағы өзара санкция жаһанданудың дамуына қауіп туғызып, әлемнің барлық еліндегі экономикалық дамуды шектеуде, жаһандық сауда және инвестициялық ағындарға жағымсыз әсер етіп жатқанын да жасырған жоқ.

Дәл осындай жағдайда Қазақстан экономикасы әлемдік шаруашылық үдерістеріне оң бағытта интеграциялануы маңызды міндет болып тұрғаны белгілі. Қазақстан Үкіметі осындай қиын жағдайларға қарамастан дүниежүзі бойынша дамыған 30 мемлекеттің қатарына ену үшін 2025 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарын қабылдап, экономикалық даму үрдісін шапшандатуға ден қойып отырғанын министр алға тартты.

Министрдің айтуынша Қазақстан 2025 жылға дейін ЭЫДҰ елдерімен салыстырғанда өмір сүру сапасының жоғары деңгейіне әкелетін сапалық және тұрақты экономикалық өсімге қол жеткізу тиіс. Өз кезегінде Тимур Сүлейменов журналистерге жаңа экономикалық үлгіге көшудің негізі 7 жүйелік өзгерісі мен 7 басым саясаттың үйлесімі жайында кең көлемде айтып берді.

7х7 жоспары Қазақстанның жаһандық бәсекеге қабілеттілікке қол жеткізуі үшін тұрақтылық пен дамудың теңгерімділігін қамтамасыз ететін болады. Жүйелік алға бастайтын өзгерістер әлеуметтік және экономикалық дамуға бағдарланған, ал басым саясат реформалар жүргізу барысындағы тұрақтылықты қамтамасыз етуді көздейді.

Жеті жүйелік реформа адамның, технологияның, бизнестің дамуы, заңның үстемдігін қамтамасыз ету, өңірлердің, қоғамның және мемлекеттік саланың дамуы тәрізді ел өмірінің барлық маңызды салаларын қамтиды.

 

Жеті жүйелік реформа

Бірінші «Жаңа адами капитал» бағыты еліміздің жоғары білікті кадрларға деген қазіргі және келешектегі сұранысын қамтамасыз етеді. Ол үшін мамандыққа дайындаудың барлық жүйесін заманауи экономиканың кадрлық сұранысына қайта бағдарлау, оқу бағдарламаларын кең ауқымды жаңарту, ғұмыр бойы үздіксіз оқу жүргізудің маңызы зор.

Бұл бағыттағы маңызды жұмыстарды іске асыруға  Білім беру мен ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы көмекке келетін болады.

Қазіргі таңда «Барлығы үшін тегін кәсіби-техникалық білім» жобасы белсенді іске асырылуда. 9-11 сынып түлектері мен жұмыс таба алмай жүрген адамдар қызмет көрсету, технологиялар, ауыл шаруашылығы тәрізді сұранысқа ие салаларда жергілікті бюджеттің есебінен мамандыққа машықтануда. Оқу колледждерде, оқу орталықтарында, әскери-техникалық мектептерде жүргізіледі. Азаматтар стипендиямен, жол жүру ақысымен және тұру ақысымен қамтылған.

Екінші «Технологиялық жаңарту және цифрландыру» бағыты ғылымды қажет ететін экономиканы дамыту үшін инновациялық инфрақұрылымдарды құруға, негізгі салаларды жаңғыртуға және 4.0 реформасы сынды жаңа технологиялық қайта жарақтандыру плацдармы – жаңа индустрияның пайда болуына арналған.

Бұл міндеттерді іске асыру «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы, Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың жаңартылан бағдарламасы арқылы жүргізілмекші. Сондай-ақ бұл мәселелер ИИДМБ 3-бесжылдығының тұжырымдамасында да көрініс тапқанын айта кетуіміз керек.

Үшінші «Бәсекелестік және бәсекеге қабілетті бизнес» бағыты жеке секторды жандандыруға бағытталған. Жекешелендірудің кеңінен жүргізілуінің арқасында мемлекеттің экономикадағы үлесі жедел қысқаруда. ІРО стратегиясынан басқа, жекешелендірудің кешенді жоспарындағы барлық активтер 2018 жылдың соңына дейін сатылатын болады.

Бәсекеге қабілетті бизнес ортаны қалыптастыру үшін 14 кодекс пен 109 заңға 1000 түзету енгізетін экономиканы түбегейлі қайта реттеу туралы ауқымды заң қабылданды. Бақылау-қадағалау қызметінің тәсілдері, ақпараттандыру құралдары реформаландырылды, табиғи монополияшылар мен квазимемлекеттік сала субъектілерінің қызметі ретке келтірілді.

Сыртқы нарықтағы тауарларымыздың бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында Экспорттық стратегия қабылданды. Оның аясында қаржылай және  қаржысыз қолдау құралдарының тізбесі кеңейтілді.

Экспорттаушылар арқылы 2010-2017 жылдары 112 млрд теңгеден аса сомаға қаржылық-сақтандыру қолдау көрсетілді, 14,7 млрд теңгеге экспорттық саудалық қаржыландыру мен 5 млрд теңгеге экспорт алды қаржыландыру жасалды.

Бұдан басқа, үшінші елдермен (Вьетнам, Қытай, Сербия, Иран) қолайлы сауда режимін құру, әлемдік сауда жүйесіне интеграциялану жолымен Қазақстанның экономикалық мүдделерін жүргізу және қорғау жұмыстары қолға алынуда.

Төртінші «Сыбайлас жемқорлықсыз құқықтық мемлекет» бағыты сот жүйесін халықаралық стандарттарға сәйкестендіру, заңнамалардың тұрақтылығын арттыру, азаматтарды құқықтық сауаттылыққа тәрбиелеу тәрізді Ұлт жоспарын одан ары іске асыруға бағытталған. Сыбайлас жемқорлықтың орын алу мүмкіндігін шектеу үшін «Цифрлық Қазақстан» аясында мемлекеттік басқару үдерістерін оңтайландыру және цифрландыру жүргізілуде. Цифрландырумен жер учаскелерін беруден бастап, экспорттық ҚҚС-ты қайтаруға дейін қамтылып отыр. Бұл реформа азаматтар мен бизнесті сенімді құқықтық қорғауды қамтамасыз етуі тиіс.

Бүгінде мемлекеттік қызмет көрсетулердің 78%-ы (2017 жылы 73%) электрондық түрде және «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы жасалады. Бұл осы саладағы тұрмыстық сыбайлас жемқорлықтың үштен екісін қысқартуға әкелді.

Бесінші «Мықты өңірлер және урбанизациялау» бағыты – өңірлердің дербестігін арттыру және өңіріне қарамастан, тең өмір сапасын қамтамасыз ету. Урбанизация үдерісі барынша теңестіріледі. Реформаның локомотиві тек агломерациялар ғана емес, сонымен бірге орташа қалалар да болмақ. Нәтижесінде, өңірлер арасындағы әлеуметтік-экономикалық айырмашылық пен теңгерімсіздік азаяды.

Жергілікті өзін-өзі басқару деңгейін арттыру да маңызды болмақ. 2018 жылы 1200-ден аса ауылда бюджеттің 4-деңгейі енгізілді. Яғни жергілікті қоғамдастық қалыптастыру үдерісіне, ең бастысы жергілікті бюджет қаражатын жұмсауға тікелей араласуда. Облыстар деңгейінде ШОБ-тан түсетін салықтың сақталуы мәселесі бойынша жұмыс жүргізілуде.

Алтыншы «Қоғамдық сананы жаңғырту» бағыты күшті және еліне адал адамдардың Біртұтас ұлтын қалыптастыруға бағытталған. Бұл орайда Рухани Жаңғыру бағдарламасы басты рөл атқарады.

Реформа өзінің және Қазақстанның болашағына жауапкершілікпен қарауға тәрбиелеуге, азаматтардың дербес бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, прагматизмді және азаматтардың кәсіпкерлігін қалыптастыруға бағдарланып отыр. Ұлттық мәдениетті дамытуға және экстремизмді болдырмауға ерекше назар аударылған.

Жетінші «Мемлекеттік сектор өзгерістердің көшбасшысы ретінде» бағыты елдегі жаңғыртулардың қозғаушы күші ретінде мемлекеттік органдар мен ұйымдардың рөлін арттыруға бағытталған.

Басқарудың жаңа технологиялары мен цифрландыруды енгізудің арқасында мемлекеттік аппараттың жалпы тиімділігі артады. Клиентке бағдарлану мен бейімделушілікті дамыту Үкіметтің басты міндеттерінің бірі болмақ.

Іске асырудың орталық және өңірлік штабтары аясындағы жобалық тәсілдер бұл міндеттерге қол жеткізудегі маңызды тетік болады.

 

Жеті басым бағыт

Жеті басым бағыт жоғары өмір сүру сапасын, макроэкономиканы қамтамасыз ету, экономика салаларының бәсекеге қабілеттілігін арттыру, қаржылық сала мен жасыл экономиканы дамыту, инвестиция тарту, сондай-ақ проактивтік сыртқы экономикалық саясатты қамтиды.

Бірінші. Макроэкономикалық саясат макроэкономикалық және құрылымдық саясатты үйлестіруге, ақша-несиелік саясаттың рөлін арттыруға, бюджет тұрақтылығына және мұнайсыз тапшылықты төмендетуге, сондай-ақ мемлекеттік қарызды қауіпсіз деңгейде ұстап тұруға бағытталған.

Екінші. Экономика салаларының бәсекеге қабілеттілігі. Саясат әлемдік нарықтағы негізгі салалардың орнын нығайтуға, одан арғы индустрияландыру мен жаңа тауарларды сыртқы нарыққа шығаруға, жаңа индустрияларды құру мен қызмет көрсету саласын дамытуға бағытталады.

Үшінші. Қаржылық саланы дамыту саясаты қаржыландырудың тиімді тізбегін құруға бағдарланған. Бұл дегеніміз – тұрақты банк саласы, қор нарығы және қаржыландырудың баламалы көздері. АХҚО дамыту мен халықтың қаржылық сауаттылығын арттыруға айрықша назар аударылатын болады.

Төртінші. Инвестицияларды белсенді дамыту саясаты елімізде инвесторлармен тікелей өзара іс-қимыл жүргізудің және инвесторлардың құқығын күшейтудің, отандық және шетелдік инвестицияны проактивтік тартудың есебінен инвестициялық ахуалды жақсартуға, сондай-ақ инвестиция тарту үшін инфрақұрылымды жетілдіруге бағытталған.

Бесінші. Өмір сүрудің жоғары сапасын қамтамасыз ету саясаты халық үшін әлеуметтік стандарттарды және толықтай әлеуметтік қорғауды қамтамасыз ететін әлеуметтік қамсыздандыру нормаларын кезең-кезеңмен жақсартуға, қолжетімді және сапалы денсаулық сақтауды дамытуға, тұрғын үй мен тұрғын үй инфрақұрылымының қолжетімділігі мен жайлылығын арттыруға бағдарланған.

Алтыншы. Жасыл экономика және қоршаған ортаны қорғау саласындағы саясат жасыл инвестицияны ынталандыру мен тартуға, экономиканы көміртексіздендіруге және баламалы энергия көздері мен қалдықсыз экономиканы дамытуға бағытталған.

Жетінші.  Проактивтік сыртқы экономикалық саясат халықаралық интеграциялық үдерістерге, жобалар мен ұйымдарға қатысу, сыртқы нарықта ұлттық мүддені алға қою арқылы Қазақстан үшін қолайлы экономикалық ахуалды қалыптастыруға бағытталады. ДСҰ алаңы өзіміздің сыртқы экономикалық мақсаттарымызды қорғауға және алға ұстануға пайдаланылатын болады. ЕуразЭО аясында біздің экономикалық уағдаластықтарымыз бен міндеттемелеріміздің негізінде ортақ бөгетсіз нарық құру жұмысы жалғасын табады.

Тұтас алғанда, алға қойылған мақсаттарды іске асыру арқылы Қазақстан экономикасының дамуын жылына орта есеппен 4,5-5%-дық қарқынмен қамтамасыз ету көзделіп отыр. Бұл әлемдік экономиканың болжанған даму қарқынынан жоғары әрі Қазақстанның 30 елдің қатарына  ену мақсатына сай келеді.

 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here