Жыл басынан бері Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Астана қаласы бойынша филиалы медициналық мекемелерге тұрғындарға көрсеткен қызметтері үшін 56,6 млрд теңге төледі.

Бұл сома кепілдендірілген тегін медициналық көмек көлемі шеңберінде қызмет көрсету туралы бекітілген келісімшарттар сомасының 67% пайызын құрайды.

Айта кетсек, қордың Астана қаласы бойынша филиалы медициналық мекемелермен жалпы құны 84,6 млрд теңгені құрайтын келісімшарттар бекіткен.

Қазіргі таңда қалалық филиалдың медициналық қызметтерді жеткізушілер тізімінде 83 мекеме бар, оның 45-і – жекеменшік емханалар. Жеке меншік емханалармен бекітілген келісімшарттардың жалпы сомасы 33,5 млрд теңгені құрайды.

Қордың Астана қаласы бойынша филиалының директоры Нұрлыбек Қабдықапаровтың айтуы бойынша, медициналық қызметтер ақысын төлеу жоспарға және Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен ережелерге сәйкес атқарылып жатыр.

Сонымен қатар халыққа көрсетіліп жатқан медициналық қызмет сапасын қамтамасыз ету және пациенттер құқығын қорғау мақсатында қалалық филиалдың сарапшылары үнемі мониторинг жүргізіп отырады. Жыл басынан жүргізілген жұмыстардың нәтижесі бойынша, 186 мыңнан астам науқасты емдеу барысында 13,3 мың (274 млн теңге) заң бұзу дерегі анықталды.

«Заңбұзушылықтардың 22 пайызы стационарлық және стационарды алмастыратын көмек бойынша медициналық қызмет құнын негізсіз көтеру, 48 пайызы – емдеу-диагностика шараларын жүргізу стандарттарынан ауытқу, және де консультативтік-диагностикалық көмек көрсетудің расталмаған жағдайлары салдарынан пайда болған, – дейді Нұрлыбек.

Кейін заңбұзушылықтардан қайтарып алынған сома басқа медициналық мекемелер арасында бөлінеді. Айта кетсек, стационарлық және стационар алмастыратын көмек көрсететін жеткізушілер жұмысының мониторингі күнделікті «Медициналық қызметтердің сапасын бақылау жүйесі» арқылы жүргізіледі. Ал медициналық қызметтерді пайдаланушылар тарапынан жеткізушінің қызметіне немесе көрсетілген қызмет сапасына қатысты арыз түссе, жоспардан тыс мониторинг өткізіледі.

 

 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here