Конституция дегенде біздің ой-дүниемізде күрделі философиялық концепциялардың біртұтас, ынтымақты, қуатты жойқын қызметі елес беріп, арналы теңіздердің тулай ағып барып, құшағына жұтылатын мұхиты елестейді. Өйткені адамзат өмірінің қай саласын алып қарасаң да белгілі бір ұстаным, тәртіп, заңсыз адымыңыз ашылмайды, құшағыңыз жазылмайды, алдыңыз – оппа, артыңыз – берік жартас, көнбесеңіз көр құшасыз.

Ата Заң – адамға ғұмыр сыйлайтын, қолын бақытқа жеткізетін, мәнді де мағыналы өмір сыйлайтын кеудеңдегі жүрегің тәрізді, оның баптары денеге қуат беретін күретамырлары десек қателеспейміз. Бұдан шығатын қорытынды, адамзат қоғамы заңсыз өмір сүре алмайды. Мұның дәлелі дамыған демократиялы елдерде мыңнан астам қолданыстағы заңдары барын айтсақ жеткілікті.

Көрнекті заңгер А.Т. Дүйсенбаева ханым: «Конституцияның мызғымас беріктігі – ұлттық идеологияның негізі және түпқазығы… Конституцияны қатаң ұстану – бұл мемлекеттің табысты дамуының және қоғамдағы азаматтық келісімнің негізі» деп, Конституцияның идеологиялық, рухани қызметінің де ерендігіне емірене үн қатыпты.

1995 жылы 30 тамызда қабылданған Конституциямызды мақтауда «тең таппаған» ғалымсымақтар «Қазақстанның Ата Заңы әлемдегі ең жас Конституциялардың бірі болып саналады екен» деп гөйлетіпті. Ғылым долбарды емес, нақтылықты, деректілікті талап етеді. Қазақтың арғы тарихын есептемегенде, 1456 жылы Алтын Ордадан бөлініп шығып, Қазақ хандығы шаңырағын көтеріп, түркітуыстас елдердің «ата жұртына» айналуы, асты-үсті қазынаға кенен, көлемі жағынан әлемде тоғызыншы орынды иемденетін жері бар қазақ қалай қуатты мемлекет құра отырып, Ата Заңынсыз өмір сүргенін тілге тиек етуі ұят-ақ.

Ақмола облыстық сотының төрағасы, заңгер Д.С. Әміров: «Қазақ халқының құқықтық қатынасқа бейімділігі олардың билер төрелігіне сөзсіз тоқтай білгенінен көрінеді. Яғни көнеден құқықтық қатынасты сақтаған «өркениетті, ұлағатты ел екенбіз» деп батыл ой түюге болады» десе, академик Амангелді Айталы: «Ұлы Далада дала академиктері болған. Олар өте сирек тұлғалар. Ал біздің ұрпақ білімді болар, бірақ зиялы емес, зиялылықты біздің немерелерімізден дәметем» деп, қазақ даласында құқықтық қатынасты «өркениетті» деңгейде жүзеге асырған билер төрелігі сол ала жіпті аттамайтын, бар өмірін халқына адал еңбек етуге бағыштаған зиялы Дала академиктері шарапатына қатыстылығына меңзеген.

Полиция, түрме, зындан дегенді білмей өткен қазақ қоғамы ата-бабадан келе жатқан Ата Заңның әділ талабын бұлтартпай орындап, ал қылмыскер болса, халық алдында айыбын мойындап, қолымен істегенін мойнымен көтеріп, енді қайтып аяқты шалыс баспауға өзіне қатал тыйым салған. Даланың Ұлы Заңының, Дала Конституциясының басты ұстанымы адамшылық қадір-қасиеттің дәрісімен қылмыскерді емдей отырып, пендешілік ауруы асқынғанды аяғынан тік тұрғызып, бойындағы адамшылық қарым-қатынасты қалпына келтіртуді көздеген. Ондай киелі жолдан тайдырмаған, өзі де таймаған Дала Конституциясы, шүкір, бүгінгі күнге жеткені халыққа аян.

Конституция мемлекеттің, қоғамның кемелденуінің алғышарты, қайнар көзі, халықтың рухани азығы, ар-ожданы, адамдардың бойына патриотизмнің қуатын дарытып, ел ішінде келісім мен тұрақтылықты, біртұтастықты қамтамасыз етіп, халықтың игілігіне бағытталған экономикалық жетістіктердің индустриялық-инновациялық даму стратегиясын белсенді жүргізуге өріс ашады.

Мемлекеттің, қоғамның прогрессивті дамуы үшін әлемнің озық Конституционализмінің жасампаз үлгілерін Қазақстан Республикасының жаңа Ата Заңының нормалары мен Заңдарына қайшы келмейтіндей етіп өзгертіп, күрделендіру; көп қырлы, бай мазмұнды етіп толықтыру; заңнамалық құндылықтарды одан әрі жетілдіру жаңа қабылданатын Конституция бойынан табылуы жолындағы ізденістер ұзақ жүрді.

Мықты Тәуелсіз мемлекет құрудың, еліміздің орнықты дамуының, жаңа құқықтық кеңістік қалыптастырудың локомотиві болатын, демократиялық, саяси, экономикалық, әлеуметтік реформалар жасауға реформаторлық қабілеті жоғары Ата Заңды аңсадық.

Конституцияны дүниеге келтіру ұжымдық, аса жауапты іс саналды. Оған еліміздің таңдаулы заңгер ғалымдары, тәжірибелі құқықтанушылар тартылып, олар Ата Заңды жазуға кіріспес бұрын өзге мемлекеттердің Конституцияларын қалдырмай оқып, зерттеп, өзара пікір алмасып, солардың бойындағы қасиеттерін сана сарабынан өткізіп, демократиялық, унитарлы, зайырлы құқықтық және әлеуметтік, егеменді Республиканың атағына, тарихи миссиясына лайық Конституцияны өмірге әкелуге аянбай тер төкті. Ата Заңымыздың Бас кеңесшісі, кемел ойлы Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өзі әлемнің 20-дан астам дамыған мемлекеттерінің Конституцияларын зерделеп оқып, сараптап шығыпты.

Ата Заңның мәтінін бүкілхалықтық талқылау барысында 30000-нан астам ұсыныс, 1100-ден астам түзетулер мен толықтырулар енгізіліпті. Ата Заңды қабылдау үшін азаматтардың 89,14 пайызы дауыс беріп, Тәуелсіздігіміздің жемісі – Негізгі Заңның толық мағынасындағы «Халықтық Конституция» болып шыққанын ризашылықпен құптаған.

Қазіргі адамдардың интеллектуалдық деңгейі жоғары, олардың әлемдік ғылым мен білімнің қайнар бұлағынан шөлін қандыруына бар жағдай жасалынған. Олар дамыған қоғамдағы жаңалықтарды қалт жібермей қадағалап, соны өз елінде өркен жайдырумен басын ауыртып жүргендері құптарлық қылық. Сондай «бас ауырту» Ата Заңымыздың төңірегінде де толастап көрген жоқ. Өйткені Қазақстанның Негізгі Заңы қатып қалған нәрсе емес, жанды, шығармашылық құжат, қоғам соның аясында уақыт талабына жауап беретін құқықтық, әлеуметтік инновацияларды одан әрі толықтыра, жетілдіре, дамыта беруі – ол уақыт, өмір талабы, диалектикалық құбылыс. Бүгінгі халық та төрт құбыласында болып жатқандарды көзімен көріп, құлағымен естіп жүргендіктен, қоғамның тыныс-тіршілігі заңмен ғана реттеліп, заңмен ғана шешілетінінен сұңғыла. Демек, заң мықты болса, мемлекет те мықты. Осы тұрғыда халық ақ ниетпен Ата Заңның арқауындағы осал тұстарын ширатып, азу тісін қайрап, бес қаруын сайлап беріп жатса, нұр үстіне нұр. Еуропа Кеңесінің құқық арқылы демократия үшін Еуропалық комиссиясының (Венеция комиссиясының президенті) мүшесі Д-р Джанни: «Қазақстанның демократия жолында жасалуға тиіс әлі де маңызды қадамдары бар. Демократия жағдайында тұрақтылық қоғамды ілгері жылжыту мақсатында ашық пікірталастар, саяси диалогтар және идеялармен алмасу арқылы толықтырылуы және нығайтылуы тиіс. Қазақстан осы жолда одан әрі прогреске қол жеткізетініне сенімдімін» деп, ол Еуропа стандарттары мен озық тәжірибелерін жақындататын әмбебап конституциялық реформалар жүргізілетініне және жүргізіліп жатқанына сенімді.

Асылы, маңызды сыни ескертпелер төл Ата Заңымыздың қоңын қалыңдатып, саяси-әлеуметтік, қажеттілік маңызын арттырмақ. Осы тұрғыда біз де бірер маңызды сыни ескертпе, идеяны алдыға тосуды орынды көріп отырмыз. Бізше, төл Ата Заңымызға мәтіндік өзгерістер енгізу қажет. Негізгі Заңның кіріспесінде: «Біз, ортақ тарихи тағдыр біріктірген Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерінде мемлекеттілік құра отырып, өзімізді еркіндік, теңдік және татулық мұраттарына берілген бейбітшіл азаматтық қоғам деп ұғына отырып, дүниежүзілік қауымдастықта лайықты орын алуды тілей отырып, қазіргі және болашақ ұрпақтар алдындағы жоғары жауапкершілігімізді сезіне отырып, өзіміздің егемендік құқығымызды негізге ала отырып, осы Конституциямызды қабылдаймыз» деген жалынды арнау көңіліңді қорғасындай балқытқанымен, терең ой жібергенде денеңді мұздатып, көп күдіктің аязы қариды.

Немқұрайдылық, жалпақшешейлік, жағымпаздық Ата Заң мазмұнын лайлап тұрғандай қабылданады. Осындағы: «Біз, ортақ тарихи тағдыр біріктірген Қазақстан халқы» деген тіркесті алып тастап, оның орнына «Біз, Қазақ халқы» деп бастаған ақылға сыйымды. Өйткені айдай әлемге мәлім, Қазақ елінде күнін кешіп жатқан 130-дан астам этнос өкілдері, халық емес. Олардың туған Отаны, құрсағынан жаралған, қаны бір халқы бар. Олар – біздің елімізге патшалық Россия, қылышынан қан тамған коммунистік империяның тоталитарлық, геноцидтік, антихалықтық жауыз саясатымен күштеп, жылы ұясынан зорлап жер аударылып келгендер.

Бізше, Қазақстан сөзіндегі Коммунистік империя күштеп таңған «стан» қосымшасын да жоғарыда айтылған пікірлерге қатысты алып тастайтын шақ туды. Оның кереғар амал-айладан пайда болғаны белгілі.  

Тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаев: «Біздің бір ғана Атамекеніміз, бір ғана Отанымыз бар, ол – Тәуелсіз Қазақстан» деп, қазақ біткеннің Отаны біреу ғана екенін еске салады. Кезінде тоталитарлық жүйенің отары болып, табанында тапталған қазақ өз елінде тоналып, өз елінде еркін өмір сүрудің күні қараңға айналғанда, кейбірі бала-шағасының қамын жеп, жылай-сықтай соларды алып, шетелге қоныс аударды. Жер ауу оңай ма, онда құдасы тосып тұрған жоқ, малдан-байлықтан жұрдай айырылып, бала-шағасы қырылып, тірі қалғандары өмір үшін тозақтың өзінен өтіп, көрмегендері жоқ. Отанынан кетудің қандай қыл көпірді алдыға тосатынын, оған қайта жетудің қол жетпес арманға айналатынын бастарынан кешті. Тәуелсіз еліміз, Ата Заңымыз кінәсіз отқа күйгендердің тағдырына ара түсіп, солардың тірі қалғандары ұрпағымен Атамекеніне түгелдей оралып, құшағында өксігін басуына; халқымыздың санын елде қалуы күмәнді диаспоралармен емес, туған топырағын көз жасымен шылап, құшырлана иіскейтін қандас бауырларымызбен толтырудың қамын жейтін, Тәуелсіз Қазақстанның, тәуелсіз Ата Заңымыздың ерек шешіміне зәру.

Ата Заңымыздың 7-бабының бірінші тармақшасында «Қазақстан Республикасында мемлекеттік тіл – қазақ тілі»; ал екінші тармақшасында «Мемлекеттік ұйымдарда және өзін-өзі басқару орындарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» деп жазылған.

Ақын Қадыр Мырзалиевтің «Басқа тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» деуінде даналық уағыз бар. Біз орыс тілін білгеннен ұтпасақ, ұтылған жоқпыз. Ол арқылы классикалық әдебиет мұхитында жүзіп, білімнің бұлағынан шөлімізді қандырдық. Дегенмен әр нәрсенің шегі, жөні болады. Қазақ елі тәуелсіз мемлекетке айналды. Қазақ тілі мемлекеттік тіл деңгейіне көтерілді. Енді ол мемлекеттік ұйымдарда, жергілікті өзін-өзі басқару орындарында негізгі тіл ретінде жеке-дара қызмет атқаруы керек. Мемлекеттік тілдің қоғамдағы беделін көтеруге дамыған, өркениетті елдердің бәрі мүдделі. Ресейде орыс тілін білмейтіндер ол елдің азаматтығын ала алмайды, Германияда да неміс тілін білмейтіндерге жол жабық, демек, мемлекеттік тіл – жалғыз, ол жалғызға мұрнын шүйіре қарайтындар ол елдерде нанын тауып жеуден де қағылатындықтан, сыбана кірісіп, шапшаңырақ меңгеруге ынталы.

Президентіміз Қ.К. Тоқаев: «Тіл – ұлттың тұғыры, ұрпақтың ғұмыры. Қазақ тілі қазақты әлемге таныта алады. Халықтың тілі – халықтың төлқұжаты. Мұны әрдайым есте ұстау керек» деп мемлекеттік тілімізге мұрын шүйіре қарайтын немқұрайдылық, мәңгүрттік опық жегізетінін меңзеген.

Жоғары биліктен бастап төменгі биліктегілер түгелдей мемлекеттік тілде таза сөйлеп, ісқағаздарын ана тілінде жүргізуді «есте ұстап», орыс тілі ресми тіл деңгейіндегі қызметін мүлдем тоқтатса, тіліміздің де, оған «ғұмыры» да, «тұғыры»» да тәуелді мемлекетіміздің де Ата Заңымыздағы құқықтық рәсімдердің легитимділігін қамтамасыз ететін саясатты ұстанған, әлемдегі дербес, қуатты мемлекеттердің қатарына қосылуына мүмкіндігі жетіп-артылады.

Қазақ халқының бойындағы қан тазалығы оның тектілігі, дегдарлығы, мәрттігі, кең ойлап, кең пішетін даралығы мен дарқандығы, отбасын, елін, халқын, Отанын беріле сүйетін қасиеттердің өсіп, өніп, берік орнығуына нәрін беріп, құнарын сіңіргеніне еш күмән жоқ. Алайда ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, бізге жеткен ата-бабаларымыздың асыл қаны қазір сұйылып, текті тәрбие беретін институтының күші әлсірей бастағандай.

Айталық, республика көлемінде жылына 70 мың отбасы дүниеге келсе, келер жылы соның 40 мыңы шырағын сөндіріп, шаңырағы ортасына түседі екен. Оның нәтижесі – «сүйіп-күйіп» қосылған 40 мың әйел – жесір, қаншама мың жетім бала, отбасына қаңғыған иттің күнін сыйлаған азғын, көкек әкелер, жеңіл жүрісті әйелдер қоқыс жәшіктеріне, тұрғын үй босағасына тастап кетіп жатқан шақалақтар…

«Отбасы – шағын мемлекет» (Қасым Аманжолов). Егер сол шағын мемлекет қазіргі нарықтық заман идеологиясы теоремасына жығылып, «сатылмайтын еш нәрсе жоқ» дейтін ұстаныммен сатылмайтын киелі ұлттық құндылықтарымызды да нарықтың қыл шылбырына байлап берсе, адамда қасиет, қоғамда бедел қалмай, мемлекет азғындап, шіріп, күйрейтіні ақиқат. Өйткені мемлекетті құрайтын «шағын мемлекеттер» кризиске ұшыраса, ең басты байлығы – адам капиталын баптап, баға алмаған, қадірін түсінбеген қоғамда қандай бедел, қандай күш-қуат, интеллектуалдық парасат, қоғамдық сана бар демеске лажың жоқ. Ата Заңның 27-бабында: «1. «Неке мен отбасы, ана мен әке және бала мемлекеттің қорғауында болады. 2. Балаларына қамқорлық жасау және оларды тәрбиелеу – ата-ананың етене құқығы әрі міндеті» деп жазылыпты. Бізше, мемлекеттің іргетасын қалайтын «шағын мемлекетті» бұлайша қорғауға міндеттеме алып, бала бағуға арзан ақыл-кеңес бергеннен гөрі, бастысы, сол іргетастың беріктігін көздеген демократиялық, қатал құқықтық, әлеуметтік талаптар қойып, отбасын құруға себепкер «Махаббат» атты киелі сезімге олардың көзқарасын заң жүзінде тексеріп, неке жүзігін таққаннан кейінгі жауапкершіліктің салмағын сезіндіріп, бауыр еті балалары өмірге келгеннен кейін отбасының арқа сүйері  әкеге жеңілтек мінезге салынбай, шаңырақты берік ұстауға; ал анаға отбасының ынтымағы, бірлігі, берекесі үшін күресуге, барған жеріне балдай батып, судай сіңуге ант бергізген жөн. Ант бұзғанға ортақ шаңырақты күйреткені үшін ауыр қылмыстық жазаға тартылатын құжатқа қол қойдырып, қазіргі масқара күйден арылудың амалын оң шешкен орынды. Отбасының беріктігіне жауапкершілік ер адамға, үй иесі – әкеге жүктелгені ақылға сыяды.

Ата Заңымыз – мемлекеттің негізгі заңы, қолданысқа түскен барлық заңдардың іргетасы болғандықтан, эволюциялық процеске үйлесімді, әлемдік өркениеттің объективті озық жаңалықтарымен ұлттық құқықтық жүйені байытуы; толықтырып, жетіспейтінін жеткізіп, қисығын түзеп, өңдеп, шикілеу тұстарын пісіріп, шыңдап, демократиялық табиғаты белең алғаны. Негізгі Заңымыздың өміршең, құқықтық қатынастары бүгінгі ғаламдық даму үдерісі стандарттарына сай кемелденіп, трансформацияланып, барлық игі шаралардың бастауы – гранты болуы.

Асылы, 1995 жылы 30 тамызда жалпыхалықтық референдумда қабылданып, бүгіндер ширек ғасырлық мерейтойын тойлатып жатқан, өзінің қуатты, өміршеңдігін әлемдік өркениетке танытып үлгерген, унитарлы, демократиялық, зайырлы, құқықтық мемлекетіміздің іргетасы – Ата Заңымыздың мерейі үстем, ғұмыры ұзақ, халқының тірегі, мақтанышы болсын. Сенімді серігіміз, арқа тұтар қастерліміз Ата Заңымызды ұлықтап, қадір-қасиетіне мән беріп қорғау, құрметтеу барлық азаматтарымыздың, жалпы халықтың, жалпы ұлтымыздың қастерлі парызы, елдігімізге сын. Жалпыхалықтық референдумда 30 тамызда қабылданған Ата Заңымыз өмірге келген күн – Конституция күні болып әспеттеліп, арнайы тойланатыны соның жарқын дәлелі.

Тұрсын СЫДЫҚОВ,

фил.ғ.д., профессор, ҚР педагогика ғылымдары

академиясының академигі, Заңнама және

құқықтық ақпарат институтының қызметкері.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here