Бауыржан Ахметов: «Деструктивті ағымдардың ықпалына түскен адамдарды әлеуметтік топқа бөліп қарастыруға болмайды»

0
1650

Діни фанатизм бұл қоғам үшін үлкен дерт екені анық. Сондықтан онымен ымырасыз күрес жүргізіп, діни фанатиктердің арбауына ел азаматтарының түсіп қалмауына мемлекет бар күш-жігерін салып келеді. Діни фанатизмнің жетегінде кеткен адамдар өз айтқанынан қайтпайтын сыңаржақ, өзгенің пікіріне құлақ аспайтын тоңмойын адамға айналатыны анық. Осы ретте өзге ағымдардың арбауына түсіп қалғандардың жан дүниесін емдеп, қалыпты өмірге бейімдеу үшін не істеуге болады? Мұндайда қарапайым адамдар кімнің көмегіне жүгінуі керек? Көпшіліктің көкейінде жүрген осы сұрақтарды білікті психолог маман Бауыржан Ахметовке қойдық. Ол қазіргі таңда Алматы қаласындағы Кеңес беру және оңалту орталығында жұмыс істейді. Аталмыш орталықтың қызметкерлері деструктивті ағымдардың алдауына сеніп қалған талай адамдардың жан жарасын емдеп, көптеген адамдарға қол ұшын созып келеді.  

– Бауыржан мырза, діни фанатизмге ұрынған адамдардың басты қандай ерекшелігі болады?

– Діни фанатик деп бір ағымға көзсіз сенген, не айтса да бас ұрып бәрін ақиқат санайтын білімі кем, рухани әлсіз адамды айтуға болады. Олар өздерінің ой-пайымына немесе сол ағымның жетекшілерінің айтқан дүниесін ақиқат санайды. Мына дүниеде өзге де пікір, ой-пайымдардың бар екенін мүлде мойындамайды. Кез келген деструктивті ағымның жетекшісі болатынын назарға алуымыз керек. Мұндай жетекшілер алдында сөзін тыңдап отырған адамның сыни ойлауына ешқашан мүмкіндік бермейді. Осындай «жетекшілерден» тәлім алған адамдар өзінің «ақиқатынан» басқа дүниені көрмейді. Өзі секілді ойламаған адамдарды жау санайды. Бұл өте қауіпті құбылыс.   

– Осы салада жүрген білікті мамандардың бірісіз. Айтыңызшы, діни фанатизмге қандай адамдар көп ұрынады?

– Бұл ретте діни фанатизмге білімі кемшін, заман ағымынан қалып кеткен, өркениеттен жырақта өмір сүретін қандай да бір адамдар көп ұрынады деп жіктеп көрсетіп, кесіп айту қиын. Егер байжайлап қарасаңыз, діни фанатизмге бой алдырған адамдардың арасында бір емес, екі бірдей жоғары оқу орынды тауысқан білімді адамдар да кездеседі. Кей жағдайларда деструктивті ағымдардың қармағына әлеуметтік тұрмыстық жағдайы төмен адамдар түсіп қалады деген әңгімені естіп қаламын. Бұған да жүз пайыз келісе қою қиын. Мұндай адамдармен жұмыс істегенде олардың арасында тіпті ауқатты азаматтардың да болғанын көрдім.

Сіздің бұл сұрағыңызға маман ретінде жауап беретін болсам, мұндай адамдар өзінің мінез-құлқына бейім болып келеді. Олар өз сенімін діни қағидаттармен байланыстырып қандай да бір ортада көрінгісі келеді. Осы әрекетінен жан рақатын тауып, сонымен өмір сүреді десе болады. Меніңше, бұған фанатизм деп белден сызып бірден баға беруге де болмайды. Өзіңіз де білесіз, кез келген адамның еліктеп, солықтайтын кумирі болады. Оны әлгі адамның фанаты деп те айтып жатамыз. Деструктивті ағымдардың арбауына түсіп қалған адамдарды да осылай қарастыруға болады. Олардың жан дүниесін емдеп жазуға болады.

Бір сөзбен айтсақ, фанатизмді психопатия деп бағалауға болады. Мұндай адамдар сырт көзге жағдайы жақсы, бизнесі бар қалыпты адамдар сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ оны санасында, жан дүниесінде не болып жатқанын ешім түсінбейді.

Әдетте көптеген адамдар өмірден өзін-өзі іздеп, табан тірейтін тиянақ іздейді. Бұл енді кез келген адамға тән қасиет қой. Бай да, кедей де өмірдің мәнін іздейтіні белгілі. Дәл осы бір күй біреуде ерте, келесі біреуде кеш пайда болады.

Деструктивті ағымдар адамдар дәл осындай күйді бастан кешіп жүргенде оларды қармаққа түсіргенді жөн санайды.  

Кез келген адам қоғамдық ортада өмір сүріп, айналасынан психологиялық соққы алады. Сондай қиын сәттерде олар деструктивті ағымдардың жетекшілерімен кездесіп, қазған орға қалай құлап түскендерін байқамай қалып жатады. Мұндай жат ағымдардың жетекшілері өте әккі, адамның писхологиялық болмысын жетік меңгереді. Сондықтан олардың құрған торынан босанып шығу өте қиын.

Кез келген фанатик өзінің жиған дүние-мүлкін баласына мұра ретінде қалдырмайды, бәрін өзі көзсіз сенетін діни ағымға береді. Бұл ретте саентология ағымның негізін қалаған Рональд Хаббардтың «Егер байығыңыз келсе, өз дініңізді ойлап табыңыз» деген сөзін еске алсақ жетіп жатыр.

– Деструктивті ағымдардың арбауына түсіп қалған адамдарды құтқару үшін не істеуміз керек?

– Әрине, мұндай адамдарды құтқаруымыз керек. Бүгінде мемлекет мұндай адамдарды оңалту ісіне барынша күш салып жатыр.

Қазақстанда жат ағымдардың арбауына түсіп қалған азаматтар бөтен елге барып, оқ пен оттың ортасынан бір-ақ шыққанда, көкірегінде екінші көзі ашылғанын байқадым. Көпшілігі сол кезде өздеріне осыған дейін айтып келген әңгімелердің бәрі тұрлаусыз дүние екеніне көз жеткізді. Сол кезде өтіріктің пердесі түріліп, нағыз шындықпен бетпе-бет келді. Бірақ бұл кезде бәрі кеш екенін түсініп, өкініштен бармақтарын тістегеніне сенімдімін.

Біраз Қазақстан азаматтары қарулы қақтығыс болған аймақтарда қаза болды. Осындай қиын кезеңде Үкімет қарап қалған жоқ. «Жусан» операциясының шеңберінде өзге елде адасып жүрген жүздеген қандасымызды елге әкеліп, оларды қалыпты өмірге бейімдеу ісін қолға алды. Түсіне білгенге бұл үлкен жұмыс.

Кез келген адамның деструктивті ағымның арбауына түсіп кетпеуіне отбасы айрықша ықпал ететінін естен шығармауымыз керек. Мұндай адамдармен сөйлескенде, олар өзін мазалаған сұрақтарға діни ағымдардан жауап тауып, жан дүниесі тиянақ тапқанын, мұндай моральдық қолдау мен жылылықты отбасынан таппағанын жиі айтады.

Кейбір адамдардың мұндай жан жарасы бала кезінен келе жатқанын байқауға болады. Сондықтан отбасында балалармен жиі сөйлесіп, олар ата-анасының мейір-шапағатына бөленуі керек деп есептеймін. 

Егер сіздің қандай да бір туыс-туғаныңыздың деструктивті ағыммен байланысын байқап қалсаңыз, бірінші кезекте теолог, психолог мамандардың көмегіне жүгінген абзал.

Арбауда жүрген адамдар діни ағым жетекшісінің айтқан дүниесін қорытып, сараптай алмайтыны белгілі. Мұндай жағдайда мамандар әлгі арбаудың жетегінде жүрген адамның сыни ойлауына, яғни өз ісін ақылға салып ойлауына ықпал етеді. Адам ойлануды бастағанда деструктивті ағымдарға қарсы қорғаныс қалыптаса бастайды. Осыдан кейін адам діни сектамен байланысын біртіндеп үзе бастайды.

Әдетте діни сектаның жетегінде жүргендерге дауыс көтеріп, ұрысып, бірден шектеу қою нәтиже бермейтінін естен шығармауымыз керек. Бірінші кезекте адамның өзі ойланып, өз іс-әрекетіне баға беруіне ықпал еткен жөн.

Егер ойланбайтын адамға он жерден тосқауыл қойсаң да, алған бетінен қайтпайды.

Қазір ХХІ ғасыр ғой, олар үйде отырып-ақ ғаламтормен байланыс орнататынын ұмытпауымыз керек. Қатаң түрде тыйым салу тығырықтан шығар жол емес. Мұндайда жақын адамдардың арасындағы жылы қатынас айрықша рөл ойнайтынын атқым келеді. Адам айналасындағы жақындарының тек қана жақсылық ойлайтынын сезінуі керек. 

– Жастар арасындағы діни фанатизим жайында не айтуға болады? – Жастардың ой-санасы ақ қағаздай таза болғандықтан, ол көп дүниеге қызығады. Әлеуметтік желілерді қарап отырғанда жастардың эзотерика мен  сатанизмге қатысты дүниелерге жауап алғысы келетінін байқағандай болдым. Осы ретте фанатизм адамзат баласымен бірге жасап келе жатқан дүние екенін айтқым келеді. Әлемдік тәжірибеге назар аударсақ, фанатизм эстрадалық музыкамен кең көлемде насихатталатынын байқауға болады. Бұл ретте басты мәселе бізде, егер біздер қоғам күнделікті өмірімізде кездесетін түрлі фанатизмге қарсы қандай да бір иммунитет қалыптастырумыз керек. Сол кезде жастарымыз үшін алаңдамаймыз. Қазіргі жастар діни фанатизмнің жетегінде кетіп жатыр деп айта алмаймыз. Осыған дейін айтылған әңгіме, қаққан дабылымызды жастар естіді. Сондықтан олар діни ағымдарға сақтықпен қарайды. 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here