Жер ананың бусанған  шағы шаруа адамдары үшін өте қолайлы кезең. Осы уақытта қара дала да егіс науқаны қызып жатыр. «Арпа, бидай ас екен, алтын, күміс тас екен» деген даналардың есті сөзін басшылыққа алған шаруалардың бірі Ұйғыр ауданында ісін дөңгелетіп отыр.

Алматы облысының оңтүстік-шығысында орналасқан өңірді диқандар мекені десе артық айтқандық емес. Жүгеріден бастап жеміс-жидектің түр-түрі өседі. Жері құнарлы өлкеде, егінде бітік шығады.  Осындай, астықты табыс көзіне айналдырып отырған жан Омаров Сырым. Өзі басшылық ететін «Абылай» шаруақожалығы Ұйғыр ауданы, Шарын ауылында орын тепкен.

2000 жылдардан бері егін шаруашылығымен айналысып келе жатқан қожалықтың аумағы 800 гетар жерді алып жатыр.  Шаруашылық жүгері, жоңышқа тұқымдас өнімдерді өсірумен айналысады. «Бүгінде 350 гектар жерге егін егіліп болған»,- дейді «Абылай» шаруақожалығының меңгерушісі Амырдын Қадыров. Ендігіде 450 гетар жерге дақылды себу жұмыстары қолға алынған.

Аталған қожалық 30 адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Тек қана өздерінің ауқаттарын ғана ойлап қоймай, ауылдастарының да қамын күйіттеген азаматтардың бұл ісі мақтауға тұрарлық. 

Жылда  шамамен 1500-2000 тонна өнім жиналады екен. Бұл ащы тердің, тәтті жемісі.  Қай салада болмасын «алма піс, аузыма түс» деуге болмайтынын еңбекті серік еткендер жақсы түсінеді. Сондықтан болса керек, Амырдын Қадыров мырзаның  «жерге тұқымды сеуіп тастап, күзде «қарық боламын, мол өнім аламын» деу бос қиял деп айтуы.

Жер-анаға да, себілген егіске де ең алдымен күтім, бап қажет. Тұқым сеппес бұрын жерді дайындауға жауапкершілікпен қараған абзал. Әрі тұқымның сапасы да назардан тыс қалмағаны жөн. Егер тұқым себу кезінде агротехникалық барлық талаптар сақталар болса, диқанның төккен тері ақталары анық дейді кәсіпқой мамандар.

Шаруақожалығының басшылығының сөзіне сенсек, елдегі төтенше жағдайға қарамастан жұмыс қызу жүріп жатыр екен. Елді мекендерге арнайы рұқсатнама арқылы қатынап жүрген шаруашылық өкілдері барлығының өз уақытында орындалып жатқанына дән риза. Осы үшін жергілікті атқарушы органға алғыстарын білдіруде.

Егіс алқабы қара күшпен қатар техникалық бірліктің жұмысын талап етеді. «Абылай» шаруақожалығында бұл тұрғысында қиындық туындап жатқан жоқ. Өйткені, қожалықтағы барлық 30 техника  егістікте қызмет атқаруға сақадай сай тұр. Техниканың жанар-жағармайсыз күні жоқ екенін еңбекке епті адамның бәрі біледі. Осы орайда, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төтенше жағдай кезінде шаруашылық үшін көрсеткен қолдауының шарапаты тиіп жатыр. Жанар-жағармайды төмендетілген бағада алып, егіске қажетті тыңайтқыштарға да тосқауылсыз қол жеткізудеміз дейді шаруа мамандары.

Биылғы жоспарлары туралы бөліскен, шаруақожалығының меңгерушісі Амырдын аға, жылдағы көрсеткішті қайталаймыз деген үміттеміз дейді. Артынша,  алынған өнімді келісім шарт бойынша отандық қоймаларға өткізеді екен. Міне, осылайша 30 бас түтінді асырап отырған қожалық, барша қазақ жеріне өздерінің өнімдерін таратуда.

Аграрлық саланың басты құраушы күші қожалықтар екені жасырын емес. Ендеше, «бақпаса мал өспейді, баптамасаегінөспейтінін» жете түсінгеншаруалардыңеңбегіадал.Таңның атысы, кештің батысы егін басында жүрген азаматтарға егін бітік шықсын демекпіз.

Анар САБЫРОВА

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here