Тұрғымбаев: «Митинг сіздерге ойыншық емес»

0
860

Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев 1 наурыз күні елімізде “заңсыз митингілер” өткізуге тырысқан 80-ге тарта адамның ұсталғанын мәлім етті, деп хабарлайды «Қала мен Дала».

«Бас прокуратураның бірнеше мәрте жасаған ескертуіне қарамастан, азаматтардың бір бөлігі тыйым салынған экстремистік ұйым ұсынған орындарда санкцияланбаған митинг өткізуге тырысты.

 Сол үшін полиция қоғамдық тәртіп бұзылуының алдын алу шараларын жүргізді.

Осылайша, ішкі істер органдарына, полиция органдарына 80-ге тарта азамат жеткізілді. Профилактикалық жұмыстардан кейін бәрі үйіне жіберілді.

Төрт адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды – бірі айыппұл арқаласа, үшеуі қамаққа алынды.

Олардың екеуі полиция қызметкерлеріне қарсылық көрсетсе, біреуі санкцияланбаған митинг ұйымдастырғаны үшін ұсталды», – деді Ерлан Тұрғымбаев Үкімет отырысынан кейін тілшілерге.

Министр өз сөзінде азаматтар үш сағаттан артық ұсталмағанын айтады.

«Бізде бейбіт жиындар, шерулер мен демонстрациялар туралы заң бар.

 Ол жерде талаптар нақты жазылған. Бейбіт жиын өткізгісі келетін азаматтар атқарушы билік органдарына өтінім беріп, рұқсат алып, орыны, уақыты мен келетін азаматтар санын айқындауы керек. Бұл жағдайда ол шаралар жасалмаған, өтінім берілмеген.

Оның үстіне, Бас прокуратураның 1 наурызға байланысты ескертпесі бар. Сондықтан жиын заңсыз болды», – деді ол.

Еске салайық, 28 ақпан күні ҚР Бас прокуратурасы қазақстандықтарға үндеу тастап, заңсыз митингілерге қатыспауға шақырған еді. 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here