«Бұл қалашық Қазақстан үшін ғана маңызды емес, әлем үшін де ерекше құнды ескерткіш» дейді Пабло.
Пабло бастаған ЮНЕСКО мамандары осы айдың басында Түркістанға арнайы сапармен келген. Осы сапарда Дүниежүзілік мұра саласындағы әлемдегі деңгейдегі сарапшылардың басқосуы өткен еді.
Шараға «Қала мен Даланың» Түркістандағы тілшісі қатысып қайтқан еді. Танымал ғалымдар мен ЮНЕСКО өкілдері бас қосқан жиында Күлтөбе қалашағының тарихтағы орны және оның әлемдік тарихтағы құндылығы сөз болды.
Айта кетелік, бұл қалашық Қожа Ахмет Яссауи кесесінің аймағында орналасқан. Соңғы жылдары осы аймақта орналасқан тарихи-мәдени ескерткішті сақтау мәселесі жиі сөз болып жүр.
Басқосу барысында Күлтөбе қалашығын қалпына келтіруге және осы тарихи мұраны тереңдетіп зерттеуге ерекше көңіл бөлініп, осынау нысандардың археологиялық парктің өзегі болатыны айтылды.
ЮНЕСКО мамандары Күлтөбеше қалашығының тарихи кезеңдерін шолу жасау арқылы сол бір дәуірдің тарихы мен мәдениетін тереңдете зерттеуді көздеп отырғанын айтты.
Алдағы уақытта «Күлтөбе қалашығы» атты ашық аспан астында орналасқан мұражай-паркі құрылатын болады.
Осынау жобаға Қазақ ғылыми зерттеу мәдениет институты мұрындық болмақ. Жобаны қаржыландыруды Eurasian Resources Group (ERG) компаниясы мойнына алған.
Айтпақшы бұл басқосу осынау жобаны жүзеге асыру жолдары талқыланып жатқан алғашқы отырысы емес. Төртінші кеңес.
Мұның алдында Күлтөбе қалашығы туралы зерттеулер нәтижесі Әзірбайжан астанасы Бакудегі Дүниежүзілік мұра комитетінің жиынында және Түркістан мен Париждегі ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде талқыланған еді.
Төртінші кеңесте аталған жобаның жетекшісі Андрей Қазболатов жиынға арнайы келген ЮНЕСКО мамандарының назарына «Күлтөбе қалашығы» бойынша алдағы уақытта атқарылар жұмыстың жоспарын көрсетті.
ЮНЕСКО сарапшылары ғылыми жоспарды жоғары бағалады.
«Ауқымды жұмыс жүзеге асырылмақ
екен. Күлтөбе қалашығынан табылған тарихи жәдігерлер мен мәдени нысандардың
тарих үшін маңызы мен құндылығы зор. Алдағы уақытта қалашықтағы объектілердің
«шығу тегін» сауатты түрде түсіндіретін іс-шаралар әзірлеу керек. Бұл үшін 3D-визуализациясын пайдаланғанымыз дұрыс болады», –
деді бұл ретте Она Валейкис.
ҚАЛАШЫҚТЫҢ ҚҰНДЫЛЫҒЫ НЕДЕ?
Бұл сауалға Орта Азияны зерттеу халықаралық институтының басшысы Дмитрий Воякин мырза жауап берді.
Оның айтуынша ЮНЕСКО мұраларының қатарына кіретін Қожа Ахмет Ясауи кесесіне іргелес орналасқан тарихи ескерткіштерге осынау көрнекті нысанның деңгейіндей көңіл бөліну керек.
«Қазақ ғылыми зерттеу мәдениет институты үлкен жұмыс атқарған екен. Біз археологиялық паркті құрумен ғана шектелмеуіміз керек. Осы бір тарихи қалашықтың туристік тартымдылығын арттыруға күш салған жөн. Себебі мұндай ескерткіштер өткен өмірімізге қызығатын саяхатшылар үшін таптырмас мұра. Бұл арада тарихтың белгісіз іздері бар.
Жобалық жұмыстар
уақытында орындалса әрі мен атап өткен талаптар ескерілсе, Күлтөбе қалашығының әлемдік
деңгейде әйгілей аламыз», – деді Д.Воякин.
ӨЗБЕКСТАНДЫҚ ҒАЛЫМ НЕ ДЕЙДІ?
Дөңгелек үстелге Өзбекстандағы реставрациялау ғылыми жобалау институтының бас ғылыми қызметкері Владимир Артемьев арнайы келді.
Артемьев – танымал сәулетші. Күлтөбе қалашығын қайта құру бойынша жасақталған зерттеу тобының белді мүшесі.
Жиында баяндама жасаған Артемьев жұмыс жоспарына қатысты өз ойын ортаға салды. Оның пікірінше Күлтөбе қалашығының тарихи құндылығын әлем әлі де толыққанды бағалаған жоқ.
Осынау тарихи мұра Қазақстан туристік әлеуетін арттыруға үлес қосатын жобаның бірі болады. Себебі бұл арада екі ғасыр емес, екі мыңжылдық тарих жатыр.
«Осы күнге дейін сәулет өнерінің небір айшықты, таңғаларлық ескерткіштерін өз көзіммен көрдім. Көпшілігіне комиссия мүшесі ретінде қатысып, өткен тарихымызды ой елегінен өткіздім. Өз басым Күлтөбе қалашығын әлемдегі аса қызықты әрі аса құнды тарихи мұраның бірі ретінде бағалаймын. Қаланың негізгі нысаны – сармат-қаңлы кезеңіндегі цитательдің төңірегінде бірнеше дәуірді біріктірген қаланың құрылымдарын аңғаруға болады», – дейді Артемьев.
ЮНЕСКО ҒАЛЫМДАРЫ НЕГЕ НАЗАР АУДАРДЫ?
Ал ЮНЕСКО-дан келген білікті мамандар көне Яссы қаласының құрамдас бөлігі болған Күлтөбе қалашығының консервация әрі ішінара өзгеріске ұшырайтын нысандарға баса көңіл бөлді.
Атап айтар болсақ, мұның ішінде көне кезеңді қамтитын жәдігерлер – ежелгі қаланың сауда көшелері, жер иеленушілердің баспанасы, ішкі аулалар, қолөнершілердің тұрғын жайы, ХІІ-ХІІІ ғасырдағы қабырғалардың элементтері бар.
«Тарихи нысандарды «қайта тірілту» – өте жауапты жұмыс. Бұған тыңғылықты дайындық және жүйелі жоспар қажет. Ғылыми тұрғыда негізделген жоспар мен жобалық материалдар әзір болса жарты жұмыстың біткенінің белгісі.
Әріптестер айтқанда Күлтөбе қалашығына
саяхатшылардың назарын аудару үшін қайта қалпына келтіру жұмыстарын сол кездегі
құрамдас бөлшектердің қалпын бұзбай жүргізген жөн. Бұдан бөлек осынау
археологиялық парктің виртуалды турларын әзірлеуде бүгінгі басқосу дұрыс
трамплин болады деп ойлаймын», – деді
ЮНЕСКО маманы Пабло Лонгория.
Тоқ етерін айтқанда ЮНЕСКО сарапшылар отандық мамандар әзірлеген Күлтөбе қалашығын қалпына келтірудің жоба-жоспарын оң бағалады.
Қазақстандық мамандар шетелдік әріптестерінің туризм қатысты ескертулерін назарға алатынын айтты.
Төртінші кеңестің талқылау нәтижелері алдағы уақытта нәтижесін берері анық.
«Күлтөбе қалашығын
ЮНЕСКО мәдени мұраларының қатарына кіргізуде үлкен алғышарт жасадық. Иә, бұл
бастамасы ғана. Әйткенмен, үмітіміз мол.
Осынау талқылау нәтижелері жалпы сараптамалық есепке енеді деп сенеміз»,
– дейді қазақстандық ғалымдар.