Таяуда Алматы облысы Шелек ауылдық округіне қарасты Мәдениет үйінде «Еңбекшіқазақ ауданы жергілікті қауымдастықтар қоры» өсімдік шаруашылығы және мал шаруашылығымен айналысатын фермерлерге материалдар алуға қолдау көрсету мақсатында төртінші рет ауыл шаруашылығы жәрмеңкесін ұйымдастырды.  

Биылғы жылы жәрмеңкеге өсімдік шаруашылығы мен мал шаруашылығы саласында жұмыс істеп жатқан  20-дан астам тасымалдаушы және 300-ге жуық фермерлер қатысты.  

Ауыл шаруашылығы жәрмеңкесін Алматы облысы ауыл шаруашылығы басқармасының, Еңбекшіқазақ ауданы әкімі аппаратының ауыл шаруашылығы бөлімінің, Алматы облысы мен Еңбекшіқазақ ауданының «Атамекен» АКП өкілдері ашты. Олар Қазақстан Республикасының 2020 жылға арналған Салық кодексіндегі өзгерістер, мемлекеттік бағдарламалар және ауыл шаруашылығын қолдау шаралары, жазғы кезеңде су пайдалану мәселелері туралы айтып берді, сондай-ақ өсімдіктерді қорғау, өнім карантині мен сертификатталуы, ветеринария және төтенше жағдай мәселелері қозғалды. Көрмеге ауыл шаруашылығы техникасы, суару жүйелері,  ауыл шаруашылығы жабдықтары, бақша құралдары, отырғызылатын материалдар, органикалық тыңайтқыштар, мал шаруашылығы, жеміс-көкөніс сақтау қоймалары мен жылыжайлар құрылысы мен жарақтандырылуы және т.б. санаттағы тауарлар шығарылды.

– Біз іс-шаралардың мұндай форматын бірден қолға ала қойған жоқпыз, бірақ бүкіл Қазақстанға танымал «Шелек фермерлері» жобасы жанданған кезде, біздің  фермерлер де өз ойларын ортаға салды. Ақпарат алуға, алмасуға болатын, сондай-ақ алдағы көктемгі егіс  маусымы үшін материалдар сатып алу мүмкіндігі көзделген алаң болса игі болар еді, – дейді «Еңбекшіқазақ ауданы жергілікті қауымдастықтар қорының» атқарушы директоры Бақытгүл Елшiбаева.

Жыл сайын ұйымдастырылатын жәрмеңкенің арқасында фермерлер сапалы өнімдерін тұтынушыларға тікелей жеткізу мүмкіндігіне ие болып отыр екен. Сонымен қатар, фермерлер осы шарға қатысып маңызды ақпарат алып, өз жұмыстарын жандандырып жатқандарына дән риза.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here