Қазіргі таңда еліміздегі ақпарат құралдары даму кезеңін бастан кешуде. Тәуелсіздік жылдары елімізде ақпараттық құралдарды дамыту бағытында бірқатар жұмыстар қолға алынды. Солардың бірі еліміздегі ақпарат құралдарын бір орталықтан басқару ісі болды. Бұл бағыттағы жұмыстар аймақтық және республикалық ақпарат құралдарын қамтығаны белгілі. Осы ретте біз дәстүрлі БАҚ-тың қатарына жататын газет-журналдар жайында әңгіме қозғауды жөн санап отырмыз.

Шығу үшін шығып жатыр

О баста нарықтық қатынастарға еліміздегі газет-журналдар бірден ілесіп кетті деп айта алмаймыз. Әсіресе, қазақ тілді газет-журналдар жарнама тартып, түрлі PR мақалаларды шығарып мол табыс таба алмады. Әңгіменің ашығын айтар болсақ, еліміздегі газет-журналдардың көпшілігі мемлекет пен ірі компаниялардың қолдауына арқа сүйеп жұмысын жалғастырып келе жатқаны белгілі.

Мойындауымыз керек, түрлі медиа холдингтер құрылуы арқылы еліміздегі газет-журналдарды жабылып қалудан сақтап қалдық. Республикалық және жергілікті ақпарат құралдарын сақтап қалуда медиа холдингтер тығырықтан шығудың жолы болды десек болады. Бірақ заман бір орнында тұрмайтыны белгілі. Осы тұрғыдан алып қарағанда, еліміздегі мерзімді басылымдардың жұмысын жетілдіріп, нарық жағдайында жұмыс істеуі аса маңызды мәселе екенін ескеруіміз керек.

Қазіргі таңда еліміздегі мемлекеттік тапсырысты орындау ісінде республикалық деңгейдегі ақпарат құралдары қамшы салдырмай жұмыс істеп келеді.

Әңгіменің ашығы

Ал аудандық және қалалық басылымдарды парақтағанда олардың бетінен тұщынып оқитын дүние таппай қиналасың. Осыдан аудандық газеттердің «шығу үшін» шығып жатқанын байқайсың.

Біздің бұл сөзімізге қарсы әлдекімдер «аудандық газеттер орталықтан шет жатқандықтан дамымай жатыр» деп уәж айтуы мүмкін. Мұндай әңгіме ғаламтор дамымаған осыдан 10-15 жыл бұрын айтылса, түсінуге болар еді. Ал қазір аудандық газеттерде жұмыс істейтін журналистердің өздерін провинциялық қызметкер сезініп, жұмыстарына жүрдім-бардым қарауын қабылдай алмаймыз.

Бұл ретте Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі жергілікті жердегі басылымдарды бөлектеп, оларды шеттеткен жоқ. Министрлік аудандық газеттердің атқарып жатқан жұмыстарын республика көлемінде шығарып насихаттау жолында БАҚ порталын ұйымдастырып, жергілікті басылымдардың апта сайын жарық көрген мақалаларды барша халыққа жеткізуге күш салды.

Бір сөзбен айтсақ министрлік аудандық газеттердің республикаға жұмысын көрсетуге платформа дайындап берді. Өкінішке қарай, жергілікті жердегі басылымдар бұл мүмкіндікті тиісті деңгейде пайдалана алмады.

70 жылдарды еске түсіреді

Әңгіменің ашығын айтсақ, республикалық деңгейдегі ақпарат құралдары үлкен белестерді бағындырып, заман талабына сай болуы үшін әрекеттенуде.

Ал аудандық газеттер қазақ баспасөзінің алға басқан қадамын кейін тартып, жұрттың газет-журналдарға деген ықыласын күн еткен сайын суытып келеді. Бұл үшін аудандық газеттерде жұмыс істеп жүрген әріптестеріміз ренжімесін. Әңгіменің ашығы осы.

Көбінде басылымдарға мәжбүрлеп жаздыру осы аудандық газеттерге қатысты бар екені жасырын емес. Алда-жалда аудандық газеттердің бірі қолыңызға алып, оқитын болсаңыз өзіңізді 70 жылдарға топ ете қалғандай сезінесіз.

Кеңес заманындағы дизайын, сол кездегі жалаң ұрандарға құралған тақырыптар оқырманды мезі етеді.

Мақалаларында пайдалаған фотоларының өзі бұлыңғыр, кімнің суреті екенін танудың өзі қиын. Қате деген өріп жүреді.

Осындай газеттер оқырманға мәжбүрлеп жазғызғаннан кейін оқырмандардың басылымға деген ықыласы қалай суымайды. Жергілікті жердегі осы жағдай республикалық басылымдарға да кесірін тигізетіні жасырын емес.

Біздіңше, аудандық әкімдіктердің бесінші доңғалағы секілді сүйретіліп жүрген аудандық газеттерді жұмысын жүйелеу керек.

Болмаса аудандық газеттерді Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне қарасты құрылымдық бөлімшенің қарауына тапсырып жұмысын ширатқан жөн.

Бүгінде министрлік әр ауданда Халыққа қызмет көрсетуді орталықтарының жұмысын жүйелеп, халыққа сапалы қызмет көрсетіп отырғаны белгілі. Осы тұрғыдан алып қарайтын болсақ, аудандық газеттерді министрліктің қарауына тапсырып, кетеуі кеткен дүниені реттеуде Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің мүмкіндігі зор деп есептейміз. Аудандық газеттер мына жүрісімен ұзаққа бармасы анық.

Нұрлан ӘУБӘКІР      

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here