Белгілі режиссерлер Әзизжан Зайыров пен Мұхамед Мамырбековтің «Қыз бен теңіз» фильмі қазақстандық прокатқа шығады. Фильмді Нұр-Сұлтан, Шымкент, Ақтөбе және Алматы қалаларының көрермендері көре алады.

ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша «Новый мир» АРДИ студиясының қатысуымен Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ түсірген фильмнің сюжеті ДЦП-мен ауыратын Әсел есімді бойжеткеннің қиын тағдыры, оның армандары, махаббат және отбасы туралы баяндалады. Фильм «ARDI» оңалту орталығының қамқорлығындағы (мүгедек балалардың ата-аналарының қауымдастығы) Динара Шарипованың өмірінен алынған нақты оқиғаға негізделген.

– Мүмкіндігі шектеулі жандардың жағдайын бәріміз де жақсы білеміз, сондықтан біз «Қыз бен теңіз» фильмі әлеуметтің мүгедектердің мәселелеріне мұқият болуға көмектеседі деп сенеміз. Мен бұл фильмді барлығына көруге кеңес беремін, – деді «Қазақфильм» киностудиясының президенті, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Арман Әсенов.

«Қыз бен теңіз» картинасы 2017 жылдың көктемінде өндіріске енгізілді. Фильмнің негізгі түсірілімі Алматы қаласында өтті, жеке көріністер Қапшағай жағалауында түсірілді.

– Қазақстандықтардың біздің фильмді көретініне өте қуаныштымыз. Үлкен прокатқа шығар алдында фильм Халықаралық фестивальдарда ұсынылды. Арнайы іс-шаралар аясында фильмді Ресей, Ұлыбритания және Испания тұрғындары көрді. «Қыз бен теңіз» мүмкіндігі шектеулі жастардың өмірі туралы баяндайтын «Шексіз мүмкіндіктер» дилогиясының екінші бөлімі. Аталған дилогияның екі бөлімін «АРДИ» оңалту орталығына келген кезде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа ұсынған болатынбыз. Мемлекет басшысы біздің фильмге жоғары бағасын беріп, режиссерлер мен актерлер атына алғыс хаттарды жолдады, – деді фильмнің режиссері Әзиз Заиров.

Фильмдегі рөлдердің көпшілігін ерекше қажеттіліктері бар кәсіби емес актерлар – «АРДИ» оңалту орталығының студенттері ойнады. Мысалы, басты рөлдердің бірін дилогияның бірінші бөлігіндегі рөлімен танымал Тахир Омаров, сондай-ақ Эмир Байғазиннің «Жараланған періште» трилогиясының екінші бөлімінде Камо рөлін ойнаған Қанағат Тасқараев сомдады. Ал басты кейіпкердің сіңлісі рөліне кәсіби театр және кино актрисасы Гүлбахрам Байбосынова шақырылды.

Айта кету керек, «Қыз бен теңіз» фильмінің премьералары былтыр Нұр-Сұлтан мен Алматыда аншлагпен өткен болатын.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here