Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» деп аталатын Жолдауында елімізде азаматтардың құқықтық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесін көтерген болатын. Өз кезегінде Президент бірқатар қылмыс түрлеріне қолданатын жазаны қатаңдатып, қылмыстың алдын алу керектігін айтты. Осы мәселеге орай таяуда ҚР Бас прокурорының орынбасары Марат Ахметжанов «Қылымыстық кодексті» жетілдіруге бағытталған өздерінің ұсыныстарын көпшілікке жария етті.  

Өз кезегінде ҚР Бас прокурорының бірінші орынбасары Марат Ахметжанов еліміздің «Қылмыстық кодексіне» енгізілетін өзгерістер қазақ қоғамында заңдылықтың үстемдік құруына және ел азаматтарының құқының сақталып, қауіпсіздігінің артуына ықпал ететінін алға тартты. 

– Соңғы бірнеше жылда еліміздің «Қылмыстық кодексін» жетілдіру барысында көптеген заңдар қабылданды. Бұл бағыттағы жұмыстардың бәрі Қазақстан азаматтарының құқының сақталуын қамтамасыз етіп, елімізде заң үстемдігінің орнығуына қызмет етті. Бүгінде заман алға озып, дамып келеді.  Мұндай жағдайда құқықтық нормалардың да заман ағымына сай болуы маңызды. Сондықтан «Қылмыстық кодексті» жетілдіруге қатысты біздің ұсыныстарымыз, заман талабынан туындағын қажеттілік екенін көпшілік түсінуі керек, – деп Марат Ахметжанов өз ойын ортаға салды.

Өз кезегінде Бас прокурордың орынбасары заңдық нормалардың сақталуының арқасында еліміздегі қылмыстың көрсеткіші жыл өткен сайын төмендеп келе жатқанын алға тартты. Оның айтуынша, өткен жылмен салыстырғанды биыл Қазақстанда қылмыстың көлемі 15 пайызға кеміген. Соның ішінде аса ауыр қылмыстардың түрі 9 пайызға азайыпты.

Айталық, биыл кісі өлтіру фактісі бойынша 535 оқиға тіркелген. Өткен жылдың дәл осы кезеңімен салыстырғанда қылмыстың бұл түрі 21 пайызға кемігенін байқауға болады. Ал қадағалаушы органдардың келтірген мәліметінше, соңғы 20 жылда Қазақстанда кісі өлтіру оқиғалары үш есе азайған.

Елімізде аса ауыр қылмыстың бұлайша төмендеуіне құқық қорғау саласындағы қолға алынған реформалар мен экономикалық даму айрықша ықпал еткенін атап айтуға болады.

Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауында бұл бағыттағы жұмыстардың одан әрі жалғасын тауып, Қазақстанды азаматтардың құқы қорғалатын дамыған елдердің қатарына қосу үшін құзырлы орындарға тиісті тапсырмалар жүктегені белгілі.   

– Кез келген кісі өлтіру фактісі бұл адамның құқын шектеп, оның өміріне қол сұғу болып саналады. Ал адам құқығына айрықша көңіл бөлетін елдер ауыр қылмысқа төзімділікпен қарамайды. Президентіміз Қазақстан халқына арнаған Жолдауында құқық қорғау органдарына балаларға қарсы жасалынатын қылмыспен күресуді және педофилия, адам саудасы, әйелдерге көрсетілетін тұрмыстық қылмыс, браконьерлікпен күресуге қатысты нақты тапсырма жүктеді. Қазіргі таңда біздер бұл бағытта жұмыс істеп жатырмыз, – деді сала басшысы.

ҚР Бас прокуратурасы 2019 жылдың аяғына дейін аталған қылмыс түрлерімен оңтайлы күрес жүргізу үшін «Қылмыстық кодекске» бірқатар өзгерістер енгізетінін алға тартты.

Алдағы уақытта кәмелеттік жасқа толмаған балаларға қарсы сексуалды зорлық-зомбылық көрсеткендер 20 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Бұған дейін мұндай қылмыспен айыпты болғандар 14 жылға дейін бас бостандығынан айырылып келген болатын.

Осылайша, еліміздің Бас прокуратурасы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауындағы құқықтық тұрғыдан даму бағыты бойынша маңызды жұмыстарды қолға алғанына куә болдық.

Нұрлан ӘУБӘКІР

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here