Қазақстанның Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы жылды Жастар жылы деп жариялағалы бері елімізде жастарды қолдау мақсатында көптеген іс-шаралар қолға алынып жатқанына күн сайын куә болып келеміз. Күні кеше ғана ҚР Білім және ғылым министрлігіне қарасты Ғылым комитеті мемлекеттік деңгейде қабылданған Жастар жылына орай, 2020-2022 жылдарға арналған ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық жобалар бойынша жас ғалымдарға гранттық қаржыландырудың байқауын жариялады.

Тоқырау жылдары жастардың ғылымға баруы айтарлықтай бәсеңсігені жасырын емес. Қазір жағдай түбірімен өзгерген. Қазақ жастары үшін қазір ғылым саласы, қызықты, келешегі кемел салаға айналды. Кезінде «қазақ ғылымы қартайып кетті» деп дабыл қаққан кезіміз де болды. Қазір керісінше, магистратура оқып, ғылымды өмірлік мұратына айналдырған жастардың қатары күн санап артып келеді.

Осы ретте ҚР Білім және ғылым министрлігінің Жастар жылы аясында еліміздегі жас ғалымдарға гранттық қаржыландырудың байқауын жариялауы көптен күткен оқиға болды десек артық айтқандық емес.

Алдағы уақытта ғылыми жұмыстармен айналысып жүрген жас ғалымдар үстіміздегі жылдың тамыз айына дейін тиісті құжаттарды Ғылым комитетіне тапсыруы тиіс. Байқауға қатысты толық ақпарат Ғылым комитетінің сайтында жарияланған. 

Келелі істі қолға алған министрлік жас ғалымдардың ғылыми жобаларын қолдау мақсатында 9 млрд теңге бөліп отыр. Бұл соманы жас ғалымдар 3 жыл ішінде игеруі тиіс. Жоспар бойынша уәкілетті орган 2020, 2021, 2022 жылдары жыл сайын 3 млрд теңгеден қаражат бөліп, жас ғалымдардың ғылыми жобаларына қолдау көрсетуді жоспарлауда.

Осы ретте жас ғалымдарға қойылып отырған талаптар жайында айта кетсек, ҚР Білім және ғылым министрлігінің талабы бойынша жасы 40-тан аспаған жас ғалымдар тапсыра алады. Сонымен қатар олардың философия докторы (PhD) дәрежесі бейіні бойынша доктор немесе ғылыми дәрежесі болуы шарт.

Күні кеше ғана Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Bloomberg ақпарат агенттігіне берген сұхбатында алдағы ел экономикасының шикізаттық сектордан кетіп, ел экономикасын әртараптандырудың маңызы зор екенін айтты.  

Экономиканы әртараптандыруда ғылымның көмегіне жүгінген маңызды. Бүгінде «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелде білім алып, ғылым саласында табысты еңбек етіп жүрген жастар жетерлік. 2020-2022 жылдарға арналған ғылыми-техникалық жобалар бойынша жас ғалымдарға гранттық қаржыландырудың байқауы бұла күші бойына сыймаған жас ғалымдардың жарқырай көрініп, ел дамуына үлес қосатын тамаша мүмкіндік десек артық айтқандық болмас еді.

Дәл қазіргі таңда Қазақстанның өндірісін ғылыми жаңалықтармен дамыту маңызды. Алдағы уақытта жас ғалымдар зертханада бастаған ғылыми жұмыстарын өндірісте жалғастыратын күн туып тұр. Бүгінде біздің ғалымдардың өндіріске лайықтап жасаған жұмыстары өте көп. Олардың көбісі толығымен зерттеліп біткен. Оны ғылымға ендіруге ұмтылғанмен, зертханадағы ғылыми нәтижелерді зауыт ешқашан бірден қабылдай салмайды. Ол да дұрыс. Өйткені оны жартылай өндірістік құрылғыларда зерттеу керек. Ғалымдар зертханада соңғы өнімді грамдап алса, зауытта өндірісшілер оны тонналап шығаруды көздейді. Соның арасында келілеп  шығаратын бір қондырғы керек.

Ендігі кезекте жас ғалымдар бұл іске бел буып, білек сыбана кірісіп, отандық ғылымның өрісін өрге сүйрейтіні анық. Бұған дейін еліміздегі ғылыми жобаларды гранттық қаржылай қолдау ісі жүзеге асып келген болатын. Бұл байқауларда әдетте тіс қаққан, мүйізі қарағайдай ірі ғалымдардың жобалары гранттық қаржыландыруға өтіп кетіп жүргені жасырын емес.

Осылайша, жастардың гранттық қаржыландыру ісіне қатысуы үшін үлкен ағаларын алға салып, өздері бар қара жұмысты іске асырып келген-ді.

Енді еліміздегі жас ғалымдардың арман-мақсатын іске асыратын гранттық қаржыландыру ісі қолға алынып отыр. Бұл өз кезегінде жас ғалымдар шоғырының қалыптасып, біліктіліктерін шыңдауына жол ашатыны анық. Сол себепті атқарушы биліктің Жастар жылы аясында жас ғалымдарды қолдауға кіріскенін биылғы жылдың айтулы оқиғасы деп қабылдауымызға толық негіз бар.

Айнұр ЖҰМАХАН

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here