Елімізде ҰБТ (Ұлттық бірыңғай тестілеу) басталып кетті. Қызметіне кеше тағайындалған Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов 11 жыл жинаған білімдерін тестілеуде паш ететін түлектерге сәттілік тіледі.

«Әзір Қазақстан көлемінде 13 бала тестілеуден өтуде. Бұл – тапсырушылардың алғашқы легі.  Жалпы алғанда, түлектер тоғыз күн бойына сынақтан өтетін болады. Тестілеуден өткелі отырған барлық балаларға сәттілік тілейміз! Түлектеріміз жоғары балл алуға тырысып, емтиханды ойдағыдай тапсырады деп сенемін», – деді Білім және ғылым саласының басшысы.

Аймағамбетовтің айтуынша, биылғы жылы елімізде 117 мың 242 түлек ҰБТ тапсырады. Бұл ретте министр мемлекеттен қанша грант бөлінгенін де айтып өтті.

«Былтырғымен салыстырғанда биыл гранттар саны өсті. Жалпы, жыл өткен сайын грант санының өсу тенденциясы сақталып отыр. Биылғы жылы бакалавриатқа барлығы 53 мың мемлекеттік грант бөлінді. Бұл білімге ұмтылысы бар ұрпақтың жоғары оқу орнына түсуіне жол ашатын үлкен мүмкіндік», – деді министр.

Осы жолғы тестілеуде атап айтарлықтай өзгеріс жоқ. ҰБТ форматы әдеттегі қалыпта. Алайда биылғы жылы министрлік тест тапсыратын түлектерге психологиялық қысым азайту бірқатар іс-шаралар өткізген.

«Байқар болсаңыздар, биыл балалардың көңіл күйі жоқ. Жылдағыдай қатты қысым жоқ. Еркіндік бар. Көпшілігі тестілеуге көтеріңкі көңіл күймен келуде» деді Асхат Аймағамбетов.
Министр өз сөзінде ҰБТ-да тәртіптің сақталуын нығыздап айтты. Түлектерден тестілеуде тыйым салынған заттар табылса, оларға тиісті шаралар қолданылатын болады.
«Әділдік болуы керек. ҰБТ-ның өз қағидалары мен ережелері бар. Соларға сәйкес бүтін бір комиссия жұмыс істейді. Кемшіліктер, келеңсіз жағдайлар жария болса, оларды ашық айтуға тиіспіз. Тестілеуге телефонмен кіргісі келетіндерді тоқтату қажет. Әрине, бұл жалпы ҰБТ-ның ахуалына кері әсерін тигізбегені жөн. Талапты табанға таптап, ережені ескермеген түлектер бірден залдан шығарылады», – деді Білім және ғылым министрі.

Айта кетелік, биыл тестідегі сұрақтар 30% жаңартылған.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here