Жуалыда ауызсу мәселесі оңтайлы шешілуде

0
1710

Еліміз экономикалық тұрғыдан дамып, қуаттанған сайын аймақтардағы халықтың жағдайы жақсарып келеді. Кезінде көптеген ауылдағы ауызсу өзекті мәселелердің бірі болғаны жасырын емес. Қазір бұл бағыттағы мәселелер кезең-кезеңімен шешімін тауып келеді. Үкімет пен жергілікті билік орындары алыс ауылдардағы ауызсудың түйінін тарқату үшін арнайы бағдарлама қабылдап, оны сәтті жүзеге асыруға айрықша көңіл бөліп отыр. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев билік орындарына 2020 жылға дейін елдегі ауызсу мәселесін оң бағытта шешу туралы нақты міндет жүктеген болатын. Бүгінде осы тапсырма Жамбыл облысында қалай іске асып жатқанын білу үшін Жуалы ауданындағы «Жуалы – Су» мекемесінің жұмысымен танысып, кәсіпорынды 2017 жылдан бері басқарып келе жатқан Қуаныш Болысбаев мырзамен сұхбаттастық.

– Қуаныш мырза, ауылды жерлердегі халықты ауызсумен қамту еліміз үшін өзекті мәселелердің бірі екені анық. Бұл бағытта арнайы бағдарламалар қабылданып, жоғарыдан қыруар қаржы бөлінуде. Мемлекеттік деңгейде қабылданған мұндай маңызды жобаларды іске асыруда өзіңіз басқарып отырған «Жуалы – Су» секілді мекемелерге ерекше жауапкершілік жүктелгенін білеміз. Алғашқы әңгімені өзіңіз жетекшілік жасайтын мекеменің жай-күйінен бастасаңыз орынды болар еді.

– Дұрыс айтасыз, ауыл халқын ауызсумен қамту – өзекті мәселелердің бірі. Сондықтан біздің мекеменің әрбір қызметкері мемлекеттің өздеріне үлкен жауапкершілік жүктеп отырғанын жақсы сезініп отыр.

Біз секілді мекемелердің табысты жұмыс істеп, облыс, аудан тарапынан жүктелген маңызды міндеттерді дер кезінде жүзеге асырып, ауыл халқын сапалы ауызсумен қамтамасыз ету үшін білікті мамандар қажет.

Осы тұрғыдан алып қарасақ, «Жуалы – Су» мекемесінде білікті кадрлар шоғыры қалыптасқан деп нық сеніммен айта аламын.

Біздің мекемеде жұмыс істейтін 58 адамның арасында 30 жылдан бері бір орыннан тапжылмай жұмыс істеп келе жатқан білікті мамандар бар. Мұндай кадрларды табысты жұмыс істеудің басты кепілі десек болады.

Ұзақ жылдан бері ауданымыздың коммуналдық-шаруашылық саласында жұмыс істеп келе жатқан білікті кадрлар жастармен іс-тәжірибесін бөлісіп, олардың ел мүддесі жолында жұмыс істеуіне бар күш-жігерін жұмсап келе жатқаны көңілімізге қуаныш сыйлайды.

– Халықты сапалы ауызсумен қамтамасыз етуде қандай жұмыстар атқарғандарыңызды айта отырсаңыз?

– Мен 2017 жылы «Жуалы – Су» мекемесіне басшылыққа келгенде Жуалы ауданы орталығы мен оған жақын жатқан бірнеше елді мекендердің  21 көшесінде ауызсу болмған еді.

Міне, сол кезден бері су тарту жұмыстарының қарқыны бір рет болса да бәсеңдеген жоқ. Біздер 2017 бері жылдан 15 көшеге ауызсу тартып, 17 шақырым жерге су құбырларын төсеп, қарапайым ауыл халқының ауызсуға деген қолжетімділігін қамтамасыз еткенімізді мақтанышпен айта аламын.

«Жуалы – Су» мекемесі қызметкерлерінің қажырлы еңбегінің арқасында ауданымыздағы Қайрат, Диқан, Көлбастау, Талапты, Бауыржан Момышұлы, Күреңбел сынды ауылдарға су тартып, халықтың алғысына ие болдық.  

Мәселен, Талапты ауылындағы Кеңес заманында салынған су құбырлары әбден тозғаннан кейін, ауылдағы су құбырларының 90 пайызын жаңартып шықтық.

Сонымен қатар Қайрат пен Диқан ауылдарының арасында жаңадан бой көтерген жаңа елді мекенге су құбыры тартылды. Сол сияқты Қайрат ауылындағы Төле би көшесінің бойында 600 метрлік су құбырын тартқанымызды да айта кетуіге болады.

– Әдетте қарапайым халық құбыр тартылса ауызсуға қолжетімділік артады деп ойлайды ғой. Шындығында, халықты ауызсумен қамтамасыз  ету жер астындағы судың мол қорына байланысты ғой.  Сіздердің ауданда ауызсуының қоры жеткілікті ме?

– Ауданымызда ауызсудың қоры жеткілікті. Ең бастысы – оны тауып, халыққа жеткізу. Кейбір елді мекендерде ауызсуының резервуары аз болғандықтан, судың қысымы жоғалып кететіні рас.

Мұндай жағдайда ауылға қосымша резервуар орнатудың маңызы зор. Айталық, біздер Қайрат елді мекеніне ауызсу тарту үшін Үшбұлақ деген жерден ауылға қарай 3,5 шақырым су құбырын тарттық. Бірақ су қысымы аз болғаннан кейін ауызсуды белгілі уақыт аралығында беруге тура келді. Мұндай жағдайға ауыл тұрғындары түсіністікпен қарап отыр.

– Бүгінде ауылды жерде су есептегіш құрылғыларын орнату ісі де қарқын алып жатыр. Бұл бағыттағы жұмыстар Жуалы ауданында қалай жүруде?

– Сұрағыңыз орынды. Су есептеуіш құралдарын орнату маңызды. Есептеу құралдары халықтың ауызсуды үнемді пайдалануына кепіл бола алады. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстар біздің ауданымызда да қарқынды түрде жүруде.

Өткен жылы біз су реттегіш құралдарды жөндеуге 1 млн теңгеден астам қаржы жұмсадық. Биыл да бұл бағыттағы жұмыстар өзінің жалғасын табатын болады.

Бүгінде ауданымызда ауызсуды күнделікті тұтынатын 13 750 адам бар. Жалпы алғанда, біздегі 335 абонент өздеріне қажетті ауызсуды көше бойына орнатылған колонкалардан алса, 2465-і ауызсуды өздерінің тұрғын үйлеріне кіргізіп алған.

Үйлеріне су кіргізіп алған 1680 абонентке су есептеуіш құралдары орнатылды. Олар – Қарасаз, Қосбөлтек, Көктөбе, Күреңбел, Нұрлыкент, Дарбаза, Жылыбұлақ, Қызыларық ауылдарын қамтиды.

Сонымен қатар суды пайдаланатын 51 абонент заңды тұлғалар болса, 40 абонент жеке кәсіпкерлер. Олардың бәрі су есептеуіш құралдарын орнатып, су ақысын уақытында төлеп келеді.

Алдағы уақытта Т.Дүйсебайұлы, Қоңыртөбе, Ақтөбе, Ертай, Рысбек батыр, Қариқорған-Тасбастау, Жаңаталап-Ақтоған, Бәйтерек ауылдарына су тарту үшін арнайы жоба әзірленіп, оған аудан бюджетінен 61942,6 мың теңге қарастырылып отыр.

Бұдан басқа Шақпақата, Көлтоған, Қошқарата және Қарасаз ауылдарына да су тарту ісі назарда тұр.

Қазіргі таңда ауданымыздағы 49 ауылдың 15-і орталықтандырылған ауызсу жүйесіне қосылған. Бұдан Жуалы ауданы тұрғындарының 35,7 пайызы сапалы ауызсумен қамтылғанын байқаймыз. Осы жайттан-ақ «Жуалы – Су» мекемесін алдағы уақытта үлкен жұмыстар күтіп тұрғанын байқауға болады.

Егер алдағы уақытта біздер жоғарыда атап өткен ауылдарға ауызсу тартсақ, Жуалы ауданы тұрғындараның ауызсуға қолжетімділігі 70 пайызға дейін ұлғаятын болады. Қазіргі таңда біздің мекеме қызметкерлері осы биік межені бағындыру үшін бар күш-жігерін жұмсап, жұмыс істеп жатыр.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Әмір БОЛАТҰЛЫ

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here