Бүйрек аппаратына өмірі байланғандардың бар қолдаушысы – мемлекет

0
2276

Қазіргі заман көз ілеспес жылдамдықпен даму үстінде. Оны кім де болса көріп, біліп жүр. Осындай қым-қуыт кезеңде бүгін игерген мамандығың ертең ескіріп қалып жататыны да жасырын емес. Қазір заманның қай бағытқа бет бұрғанын күнібұрын біліп, соған сай әрекеттенсеңіз өзіңізге де, айналаңызға да пайдаңызды көп тигізуге мүмкіндік бар. Бүгін біз заман көшімен алға қадам басқан замандасымыз Арайлым Еркімбаевамен сұхбат құруды жөн деп таптық. Арайлымның мамандығы журналист. Ол еліміздегі телеарналарда табысты еңбек етіп, бүгінде медицина саласында тиімді жұмыс істеп жүрген бизнес-ледилердің бірі.

– Арайлым, біріншіден, сені 8 наурыз төл мерекелеріңмен құттықтаймын!

Бүгінде сенің DN Medicus Pharm компаниясын құрып, Алматы мен іргедегі Қарасай ауданының орталығы Қаскелең қаласында бүйрегі жұмыс істемейтін науқастарға қызмет көрсетіп жатқаныңды білемін. Жаңа кәсіпті үйрену қиын соқпады ма?

– Құттықтауыңзға рақмет. Жаңа кәсіпті жатсынбадың ба деген сауалыңа келетін болсақ, «иә», «жоқ» деп кесіп айту қиын. Өйткені мен бүйрек ауруына шалдыққан азаматтарға көмек көрсететін орталық құру үшін 3 жыл бойы ойландым. Бұл саланы әбден зерттедім. Содан кейін ғана барып іске кірістім. 

Жаңа салаға қадам басу үшін ең алдымен, барынша дайындалдым. Бұл ретте өзімді психологиялық, кәсіби тұрғыдан әбден әзірлендім десем болады. Соның арқасында жаңа кәсіпке бет бұрғанда қатты қинала қойған жоқпын.  

Жалпы, бұл кәсіпті меңгеруіме журналистік жұмысым ықпал етті. 31 арнада жүргенде бүйректері жұмыс істемей, гемодиализ аппаратына таңылған адамдар жайында сюжет жасадым. Сол кезде науқастардың ауыр жағдайы мені қатты толғандырды. Содан кейін оларға сапалы қызмет көрсетудің жолын іздестіре бастадым. Сол бір сюжет гемодиализ орталықтарын құруға себепкер болды.

Иә, егер бизнеспен айналысып, бас ауыртпай табысқа кенелуді ойласам, сұлулық салонын немесе мейрамхана ашып-ақ бір теңгені үш теңге қылуға болар еді. Бірақ мені гемодиализ аппаратына таңылған науқастардың жай-күйі маза бермеген соң, осы кәсіпті таңдадым.

–  Бүгінде өзің жұмыс істеп жатқан Алматы мен оның іргесінде бүйрегі жұмыс істемей, гемодиализ аппаратына мұқтаж азаматтар саны қанша?

– Бүгінде Алматы қаласында жасанды бүйрек аппаратына тәуелді науқастардың саны 700-ден асады. Олар аптасына үш мезгіл гемодиализ орталықтарына келіп, қандарын тазалайды.

Егер олар уақытында қанын тазаламаса, зәрімен араласып, соңы қайғылы оқиғамен ұласуы мүмкін. Сондықтан мұндай науқастарға ем алу барысында оларға психологиялық тұрғыдан барынша қолдау жасап, сапалы қызмет көрсетудің маңызы зор.

Біздің орталық бүйрегі жұмыс істемейтін науқастардың қанын жасанды бүйрек аппаратында арнайы сүзгілерден өткізіп, тазалап шығарады. Бізде Германияның медициналық жабдықтар шығаратын жетекші Bbraun компаниясының жасанды бүйрек аппараттары орнатылған. Сонымен қатар гемодиализ саласында білікті мамандар жұмыс істейді.

– Дертіне шипа іздеген кез келген жанға қол ұшын беру үшін емдеу мекемелерінің білікті маманы мен заманауи медициналық құрал-жабдықтары болуы керек. Заманауи жабдықтарды елге алдыру, білікті мамандардың басын қосып, ортақ мақсатқа жұмылдыру оңай болмаған шығар?

– Дұрыс айтасың. Медициналық орталық құру оңай шаруа емес. Иә, мұндай орталықты құру туралы идея көптеген адамның ойында жүруі мүмкін. Бірақ оны нақты өмірде іске асыру өте қиын шаруа екеніне іс барысында  көзім жетті.

Біздің елімізде гемодиализ саласына қатысты ешқандай жабдық шығарылмайды. Жасанды бүйрек аппараттары мен оған қажетті сүзгіштерді, дәрі-дәрмекті, қосымша заттардың бәрін сырт елдерден алдырамыз.

Орталық құрмай тұрып бұл бағытта қай елдің компаниялары сапалы жасанды бүйрек аппараттарын шығаратынын зерттеп, таңдауымыз Германияның Bbraun компаниясына түскен еді. Білікті мамандармен кеңесіп, олардың ой-пікірін тыңдағанымызды да айта кетуіміз керек.

Осылайша, 2018 жылдың тамыз айында Қаскелең қаласындағы орталыққа 20 гемодиализ орнаттық. Ал өткен жылдың қазан айында Алматы қаласында DN Medicus Pharm компаниясының гемодиализ орталығын ашып, қызмет көрсетуді бастады. Қазіргі таңда Қаскелең қаласындағы орталықта – 60 адамға, Алматыда 50 адамға қызмет көрсетіп жатқан жайымыз бар.

Гемодиализ орталықтарын құруда маған кәсіби тұрғыдан қолдау көрсеткен білікті мамандар бар. Олар – Гүлнәр Нұртасқызы, Руслан Болатұлы және Гүлнәр Нұрланқызы. Осы кісілердің қолдау, көмегінің арқасында науқас жандарға барынша көмек көрсетіп келеміз.

– Арайлым, бір ғана Алматыда жасанды бүйрек аппаратына таңылған 700-ден астам адам бар екенін айттың. Оларға мемлекет тарапынан қандай да бір көмек көрсетіле ме?

– Әрине, бүгінде бүйрегі жұмыс істеуін тоқтатқан адамдарға мемлекет барынша қолдау көрсетіп отыр. Айталық, кәсіпкерлер жасанды бүйрек аппараттарын сырт елдерден алдырып, науқастарға көмек көрсететін орталық құрады. Мемлекет өз кезегінде науқастардың орталықтарға келіп, қызметін пайдаланғандағы ақысын өтеуді толықтай мойнына алады.  

Әңгіме арасында айттым ғой, бүйрегі жұмыс істемейтін адам аптасына үш рет келіп, қанын тазартып тұруы керек. Адам бойындағы қанды бір рет тазартып шығудың құны 26 мың теңгенің шамасында. Ал мұндай шығынды ешқандай науқастың қалтасы көтере алмайтыны жасырын емес. Сондықтан бүйрек аппаратына өмірі байланған азаматтарға мемлекет барынша қолдау көрсетіп келеді.

– Қызмет ақысы мұншалықты қымбат деп ойламаппын.

– Адам бойындағы қанды тазалау өте күрделі жұмыс. Қанды тазалау барысында бірнеше сүзгілерді алмастыруға тура келеді. Мұндай сүзгілердің бәрін сырт елдерден алдырамыз.

Бұған қоса түрлі дәрі-дәрмектері және бар. Біздің орталық бүйрегі жұмыс істемейтін науқастардың бәрін үйінен әкеліп, қайтадан апарып тастайды. Өйткені бүйрегі жұмыс істемейтін адамдардың қан қысымы көтеріліп кетуі мүмкін.

Керек десеңіз, олардың арасында қант диабетіне шалдыққан науқастар да бар. Төрт сағат бойы үздіксіз адамның қанын сапыру оңай емес. Осы уақыт аралығында науқастардың әлсіреп, өзегі талып қалады. Оларды қуаттандыру үшін науқастардың бәрін орталықтың ішінде тамақтандырамыз.

Осы қызметтердің бәрін мемлекет қаржыландырып отыр. Сондықтан мұндай адамдардың өмірінің соңына дейін қамқорлық көрсетуді мемлекет мойнына алған.

Тағы да айта кететін мәселе, Денсаулық сақтау министрлігі гемодиализ орталықтарына мемлекеттің ақшасын жайдан-жай таратып бере салмайды. Әрбір орталық конкурсқа қатысып, науқастарға сапалы қызмет көрсететін медициналық жабдықтары мен білікті мамандар шоғыры бар екенін дәлелдеп көрсетуі тиіс. Орталықтар осындай қатаң сұрыптаудан өтеді. Өйткені адам өміріне жүрдім-бардым қарауға болмайды.

– Гемодиализ орталықтарын жабдықтауға мемлекет тарапынан қаржы бөлінбей ме?

– Алыс аудандарда жасанды бүйрек аппаратына мұқтаж бірлі-жарым науқастар үшін мемлекет сол жердегі мемлекеттік емдеу мекемелеріне қажетті аппарат алу үшін қаржы бөледі.

Ал Алматы сияқты ірі қалалардағы бүйрегі істемейтін жандарға медициналық көмек көрсету үшін мемлекет жеке кәсіпкерлердің мүмкіндігін пайдаланады. Жекелген кәсіпкерлер қаржы шығарып, ондаған мың еуроға сырт елдерден жасанды бүйрек аппараттарын сатып алады. Науқастар сол орталықтардың қызметін пайдаланғанда мемлекет олардың қызмет ақысын төлеп береді.

Осылайша, бүйрегі жұмыс істемейтін науқастарға көмек көрсету мәселесін мемлекетіміз жекеменшік әріптестік аясында шешіп келеді. Ал бұл тәжірибе дамыған елдерде кеңінен қолданыста екенін өзің білесің.

Әңгіме арасында еліміздегі емдеу мекемелерінде бірлі-жарым гемодиализ бөлімдері жұмыс істейді. Олар бүйрегі аяқастынан жұмыс істемей, шұғыл медициналық көмекке мұқтаж болған жандарға көмек көрсетеді. Шұғыл медициналық көмекке мұқтаж болатындар кімдер деген сұрақ туындайды. Олар – ойламаған жерден уланып қалғандар, жол апатына түскен және босану кезінде бүйрегі істемей қалған аналар. Олардың бүйрегі уақытша істемей қалған кезде мемлекеттік емдеу мекемелеріндегі гемодиализ бөлімдерінің көмегіне жүгінеді.

Мұндай жандар бүйрегіне салмақ түсірмей, екі-үш рет гемодиализдің көмегіне жүгінсе, бүйрегі қайтадан жұмыс істеп кетеді. Ал бүйрегі мүлде жұмыс істеуін тоқтатқан науқастарға дәрігерлер І топтағы мүгедектік статусын беріп, гемодиализ орталықтарына жібереді. 

– Жасанды бүйрек аппараттарына таңылған науқастарға көмек көрсетудің жолы жоқ па?

– Бар. Бүйрегі жұмыс істемейтін науқастардың аурудан айығуының жалғыз жолы – трансплантация. Қазақстанда мұндай адам органдарын ауыстыратын бірнеше мекемелер бар. Өкінішке орай, бізде донор жетіспеушілігі көп мәселеге қолбайлау болып тұр. Қазақтар Ислам дінін ұстанатындықтан, елімізде медициналық трансплантация өте баяу дамуда.

Қазіргі таңда ақпарат құралдарында донорлықты насихаттау жағы өте төмен. Біздің телеарналарда айналып көрсете беретін бес-алты әнші бар. Жұртқа солардың ішкен-жегенін, көйлегі мен көлігін көрсетуден әріге аса алмағанын көргенде зығырданың қайнайды.

Егер сол телеарна журналистері халық арасында медициналық трансплантацияны насихаттаса, сірескен сеңге қозғау болар еді. Бірақ отандық телеарнаның құлағын ұстаған азаматтардың ойына бұл мәселе кіріп-шығар емес.

Біздің елімізде медицина саласы бойынша қарапайым ғана аурудың алдын алатын хабарлар жоқ. Бүгінде бел буып, білек сыбана кіріскен ісім өз арнасына түскеннен кейін медициналық бағытта бағдарламалар жасауды көздеп жүрмін. Қазірдің өзінде әлеуметтік желілердегі парақшаларыма аурудың алдын алуға қатысты ой-пайымдарымды көпшілікпен бөлісіп жүрген жайым бар. 

– Арайлым, сырлы сұхбатыңа рақмет! Еңбегің жанып, табысқа кенеле бер!

Сұхбаттасқан Нұрлан ЖҰМАХАН

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here