Сенаторлар ҚазҰАУ-де қонақта болды

0
1781

Ағымдағы жылдың 5 наурызында Қазақ ұлттық аграрлық университетінде Қазақстан Республикасы Парламенті  Сенатының депутаттары Бірғаным Әйтімова,  Бақытжан Жұмағұлов, Динар Нүкетаева оқу орнының ұстаз-ғалымдарымен, жастармен кездесті.

Қонақтар алдымен ҚазҰАУ базасындағы Агротехнологиялық Хаб құрамына кіретін Қазақстан-Жапон, Қазақстан-Беларусь агроинженерлік, Су, Тұрақты егін шаруашылығы, Инновациялық жылыжай, Мемлекеттік индустриялдық-инновациялық даму бағдарламасы (МИИДБ) шеңберінде мамандар дайындауға арналған оқу, ғылыми-зерттеу зертханаларымен, «Аграрлық білім-ғылым-өндіріс интеграциясы» көрмесімен, университеттің жалпы оқу-ғылыми инфрақұрылымымен танысты.

Кездесуге орай өткен жиында университет ректоры, ҚР ҰҒА академигі Тілектес Есполов қонақтарға оқу орнының бүгінгі жетістіктері мен алдағы мақсаттары туралы баяндап, мемлекет жүктеген міндеттерді іске асыруға байланысты әзірленген жұмыс жоспары аясында атқарылып жатқан нақты іс-шаралар барысы туралы мәлімет берді.

Оқу орнында 90 пайыз ауылдық жерлерден келген балалар білім алатынын атап өткен ректор, ҚазҰАУ студенттерінің басқа оқу орындарына қарағанда жатахқанаға мұқтаждықтары көп екеніне тоқталды. Биылғы жылы 450 орындық жаңа «Студенттер үйін» салу жоспарланып отырғанын атап өтіп, қазіргі кезде оның құрылысының жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп, тиісті органдарға ұсыныс ретінде жіберілгенін айтты.

Өз кезегінде сөз алған Бірғаным Әйтімова «Нұр Отан» партиясының биылғы съезінде Елбасы еліміздің әлеуметтік-экономикалық мәселелеріне ерекше көңіл бөлгеніне тоқталып, көпбалалы отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі жандарға және зейнеткерлерге берілетін жәрдемақы көлемін ұлғайту, жұмысшылардың жалақысын көтеру, елді баспанамен қамту, экономиканы цифрландыру және жастарға сапалы білім беру, тағы басқа мәселелерді шешудің жаңа механизмдері іске қосылатынын атап өтті.

Ал Бақытжан Тұрсынұлы өз сөзінде жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту мәселесі Елбасының ерекше назарында тұрғанын атап өтті. Бақытжан Тұрсынұлы сондай-ақ, «Нұр Отан» партиясы съезінде Мемлекет басшысының өңірлік дамуға айрықша назар аударып, аз қамтылған отбасылар мен көпбалалы аналардың баспана мұқтаждығы мәселесі бойынша алдағы уақытта 40 мың пәтер салуды тапсырғанын халық ерекше ықыласпен қабылдағанын жеткізді.

Динар Жүсіпәліқызы, көшбасшы партияның кезекті съезінде көтерілген мәселелердің өзектілігін атап өтіп, әсіресе Елбасының ауылдың инфрақұрылымын дамытуға бағытталған жобалары қарапайым халыққа серпін бергенін атап өтті.

– Елбасының тапсырмасымен әзірленген, партияның 2030 жылға дейінгі «Бақуатты қоғам: онжылдықтың 10 мақсаты» бағдарламасын қарастыруы мені ерекше қуантты. Бағдарламаның іске асуымен алдағы он жыл біздің озық отыз мемлекеттің қатарына ұмтылуымыздағы шешуші кезең болмақ, – деді өз сөзінде Динар Жүсіпәліқызы.

Жиынның соңында университетіміздің PhD докторанттары Бекзат Төрегелдиев пен Жанат Бименова депутаттардың профессор-оқытушылармен, студент жастармен кездесіп, пікір алмасып, әлеуметтік мәселелер бойынша қажетті мәліметтер бергендері үшін жас ғалымдардың атынан алғыс айтты.

ҚазҰАУ баспасөз қызметі,

Суреттерді түсірген М.Ботабеков

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here