Көпбалалы ана баспаналы болды

0
1388

Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев еліміздегі ең жас көпбалалы ана Жазира Тұрғынованың отбасын қабылдады. Кездесуде өңір басшысы батыр анаға Төлеби ауданы Ленгір қаласынан 4 бөлмелі баспананың  кілтін табыс етіп,  жүрекжарды тілегін арнады.

– Жуырда ғана Жазира қарындасымыз жастар форумына қатысып, Елбасымызбен кездесіп қайтты. Ой-пікірін айтты. Біз сол жиынға Жазираны арнайы жіберген болатынбыз. Себебі көпалалы ана болу – үлкен мәртебе әрі құрмет. Бұл – адами ресурс және мемлекетіміздің басты байлығы. Біз көпбалалы отбасыларды жұртшылыққа үлгі етіп, оларға қолдауды жасай беруіміз қажет. Мен мұндай отбасылардың жағдайын жақсы түсінемін. Бүгінде табиғи өсім бойынша Түркістан облысы республикада көш бастап тұр. Дәл қазіргі кезде облысымызда 134 мыңнан астам көпбалалы ана бар. Оның 51 мыңнан  астамы – «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иегерлері. Жас қыз-келіншектер өзіңіздей батыр аналарға еліктеп өсуі керек. Олжас бауырымыз екеуіңіздің баспаналарыңыз құтты болсын, іші шаттыққа толсын». «Жастар жылы» осындай қуанышты оқиғамен басталып отыр, – деген өңір басшысы жас отбасыға 4 бөлмелі баспананың сертификатын және балаларға қыстық жылы киімдерді табыс етті. Сонымен бірге Жансейіт Қансейітұлы Жазираның қосымша мамандық алу үшін оқуына және жұмысқа орналасуына қолдау көрсетілетінін жеткізді. Отағасы Олжас Әбілдәбековтің де жұмысқа орналастыру мәселесі қаралатын болды.

Өз кезегінде сөз алған Жазира Тұрғынова облыс әкіміне отбасы атынан алғысын білдіріп, барлық жас аналарды бала санын көбейтуге  шақырды. Қуаныштан жүздері балбұл жанған отбасы енді өздерінің жаңа баспанасында тұратын болды. Ол үй өмір сүруге қажетті инфрақұрылыммен және жиһазбен қамтылған.

Жазира Тұрғынова – Түркістан облысы Төле би ауданының тұрғыны. 27 жасында 7 баланың анасы атанған. Көпке үлгі боларлық ана. Себебі бүгінде 3 қыз, 4 ұлды тәрбиелеп отыр. Жазираның қазіргі таңда үлкені 11-де, ал кішісі Әлихан 1 жасқа енді толады.

Айта кетерлігі, өткен жылы Түркістан облысында халық саны өскен. 2018 жылғы 1 желтоқсанда Түркістан облысы халқының саны 1 977 768 адамды құрады. Республика бойынша облыс туу мен табиғи өсім көрсеткіштері бойынша 1 орында. 2018 жылдың қаңтар-қарашасында облыс туу бойынша республикағы үлесі 13,6 пайызды құрады, яғни  49 978  бала туған.

 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here